ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

602 көрілім

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығы шығып, латын әліпбиіне көшуге қамданғанымызға да біршама уақыт өтті. Осы уақыттан бері филолог ғалымдар қауымы әліпбидің бірнеше нұсқасын ұсынып, бір тоқтамға келгеннен соң ұстаздар жаңа әліпбиді дәріптеуге кірісіп те кетті.

Тарихқа үңілсек, 1929 жылғы 7 тамызда «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы және 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заңы қабылданғанын көреміз. Бертін келе түркі мемлекеттерінің тарихи, рухани, мәдени байланыстарының нығаюына, ынтымақтастыққа, өзара интеграцияға алып келетін жол ортақ әліпбиге яғни латын әліпбиіне көшу екендігін түсініп отырмыз. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге де зор мүмкіндік алар едік. Мәселен, Алаш арыстарының латын әліпбиімен жазылып, жарияланбаған қаншама еңбегі көпшіліктің кәдесіне асырылмай, іздеушісін күтіп жатқаны жасырын емес. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Жоғарыда айтқанымдай, Елбасының бастамасын қолдай отырып, түркістандық педагогтар да жаңа әліпбиді қолданысқа енгізуді бастап кетті. Түркістан қаласының адами капиталды дамыту бөлімі жұмыс жоспарын жасап, соған сәйкес бөлімге қарасты барлық білім мекемелерінде латын әліпбиіне көшуге байланысты түрлі іс шаралар жүргізді. Атап айтқанда, 1-11 сыныптар арасында «Латын әліпбиі – заман талабы» тақырыбында пікірталастар, қалалық және облыстық семинарлар, дөңгелек үстелдер және жалпыхалықтық латынша диктант жазу шаралары болып өтті. Латын әліпбиіне көшу туралы толық ойларын, оқушылардың тапқырлық, ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру, жастардың ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында бұл шаралардың маңызы өте зор болды. Өткізілген шараларда қазақ әліпбиінің латын баламасы кесте арқылы оқушыларға тереңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, мектеп ғимаратының маңдайшаларындағы жазулар, қабырға стендтері, ұлы ғұламаларымыздың ғибратты сөздері латын әліпбиімен жазылуда. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, жаңа оқу жылында мұғалімдер мен оқушылар арасында қашықтан кездесулер ұйымдастыру арқылы беріліп жатқан сабақтарда латын әліпбиі туралы толық түсініктеме мен таныстырылым жұмыстары жүргізілетін болады. Ал, педагогтар арнайы курстардан өтіп, жаңа оқулықтар жеткізілген жағдайда латын әліпбиін оқу бағдарламасында қолдануды да бастайтын боламыз. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Латын әліпбиіне көшу игі бастамалардың бірі екендігін сөз етіп, “2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз”, – деп Елбасы атап айтқанындай, латын әліпбиіне көшу басты мақсат болып тұрғаны баршаға айқын. Сондықтан түркістандық ұстаздар бұл орайда салғырттық танытпай, жаңа әліпбиді насихаттау, қолдану аясында жұмыстарды жандандыра түсуге күш салатын болады.

Ақмарал БАТЫРБЕКОВА,
қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы