ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН НАННЫҢ ДӘМІ ТӘТТІ

1  331 көрілім

Жаңа облыс орталығы атанған киелі қаламыздағы «Әзірет Сұлтан» кесенесіне зиярат етіп келген меймандар үшін арнайы ашылған «Қазақтың қолөнер бұйымдары мен кәдесыйлары» дүкендерінен естелікке әшекей бұйымдар мен көздің жауын алар кәдесыйларды көптеп алуға болады. Жақында, осындай кәде-сый дүкенінде болып, иесімен әңгіме-дүкен құрдық. Таскүл Жиенбекова биылғы жылы пайғамбар жасына келіп отырған ардақты ана. Қалалық автовокзалда кассир қызметін 37 жыл бір жерде тапжылмай абыройлы еңбегімен атқарып, 1997 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғам өміріне белсене араласып, 2012 жылы ашқан қолөнер бұйымдарын сататын дүкенді бүгінде отбасылық кәсіпке айналдырған.

– Баян есімді бір қызым бар. Бүгінде қызымның 1 қызы мен 2 ұлы бар. Осыдан бірнеше жылдар бұрын туған сіңлім, артынша күйеубалам қайтыс болып, арттарында үш жасар қызы қалды. Туған бауырымның аманатындай болған кішкентай Сәулені өз қызыма серік етіп, аялап-мәпелеп өсіріп, қиясына қондырдым. Бүгінде екінші қызым Сәуле Шымкент қаласында тұрады, 2 ұлы мен 3 қызы бар. Аллаға шүкір, екі қызымнан тараған 8 немерем, бір шөберем бар. Қызым Баянның қолында тұрамын. Немерелерім қолқанатым, көмекшім,-дейді Таскүл апа.

Дүкенде ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары самсап тұрғанына көз жеткіздік. Қолөнер бұйымдарының сан түрлілігі келушілердің таңдап алуларына мол жағдай туғызады. Атап айтсақ, қыз-келіншектердің түрлі асыл тастардан жасалынған қолға тағатын білезіктері көздің жауын алады. Сонымен қатар, дұға сүрелер, қасиетті сөздер жазылған көлемі шағындау сыйлық затты үй жиһаздарына жапсырып қою үшін арнайы өздері дайындап жасағандары көз қуантады. Нақтырақ тоқталып өтсек, принтерден «Ясин», «Аятул курси», «Назар», «Берекет» т.б. дұға-сүрелер мен аяттарды және сондай-ақ, Арыстан баб пен Ахмет Ясауи бабаларымыздың мөрлерінің суретін шығарып, оған қолдан магнит жапсырып сатылымға шығаруда. Келушілердің көпшілігі осы затты тәбәрік ретінде көбірек алатын болса, сонымен қатар, әрбір мұсылман үйінің босағасында ілініп тұратын адыраспан мол сұранысқа ие екен.

– Адыраспанды таңертең ертерек барып, теріп келеміз. «Ассалаумағалейкум адыраспан, Мені жіберді Омар Оспан»,-деп, өзінің жөн-жоралғысын жасап барып, таза, ақ ниетпен жұламыз. Адыраспан – киелі өсімдік. Адыраспанды жұлған адамның ниеті түзу болса ғана сатып алған адамға жәрдемін береді. Алған адам да: «Менің қолым емес Бибіфатима пірімнің қолы»,-деп тұтатып, иісін шығарып, үйін аластаса тигізер сауабы мол.

Дүкенде жиі сатылатын заттың бірі әрі бірегейі тұмар мен үкі. Жаңадан келін түскенде «көз тимесін»,-деп ырымдап, шымылдығына тағады. Бүгінде келіннің орамалына тағуда. Осы үкіде, қауырсынының әрқайсысында сурет секілді көрініп тұратын арабша жазу болады. Сол жазулар тіл-көзден сақтайды. Сонымен қатар, қызым мен немерелерімнің қолынан шыққан бұйымдарды қолжетімді бағада саудалаймыз. Сол бұйымдардың қатарында отандастарымыздың, жерлестеріміздің қолөнер бұйымдарын да сатылымға қоямыз. Соның бірі әрі бірегейі ретінде қазақ халқының қасиетті музыкалық аспабы – домбыраны Қосүйеңкі (Қызылорда облысы) мен Төрткүлдің қолөнершілері қолдан жасап әкеледі. Төрткүлдің домбырасына қарағанда Қосүйеңкінің домбырасы сапалы келеді. Жаңғақ, жиде ағашынан жасалады.Бағасы қымбаттау болса да сұранысы көп. Сондай-ақ, түркістандық жерлестеріміздің кәде-сый ретінде кіші көлемде жасаған қобыз, домбыра, бесіктерін дүкен сөресіне қойып, қолөнер бұйымдарын түрлендіріп отырамыз. Бүгінде немерелерім қолқанат болып, көмектерін беріп отырғанына ризамын. «Еңбек түбі – береке» дегендей, осы дүкеннің арқасында қызым Баян жаңа үй салып алды, Аллаға шүкір, -дейді Таскүл апа.

Отбасылық дүкеннің шарықтауына өз үлесін қосып отырған Баян Дамуллаеваның сөз саптауы мен кең жаратылған келбетінен тумысында бір қыз болып туылса да он қызға татитын, ісі мен сөзіне мығым, ақ көңілді, отырған жеріне шуағын төгіп отыратын қасиетке ие екендігін байқағандаймыз. Ендеше, Баянды тыңдайық.

– Әшекей бұйымдарына керекті асыл тастарды Қырғызстаннан, Ташкенттен, Үрімжіден алып келемін. Көпшіліктің арқасында шетелдерге барып, сол елдің қолөнер бұйымдарын сататын дүкендерінде болып, тәжірибе алмасудамын.

2012 жылы дүкеннің ашылғанына көп уақыт бола қоймаған кезде өрт шығып, сөредегі барлық қолөнер бұйымдары түк қалмай жанып кетті. Сол тұста өрттен қаншама шығынға батсақ та сабыр сақтадық. Сонда, анамның жұмысынан айлыққа берген біршама Құран кітаптарын сатылымға қойған болатынбыз. Бұл Құдайдың құдыреттілігінде шек жоқ қой. Сол күйінде, тап-таза қалпында тұрған Құран кітап-тарын көріп қуандық. Алланың өзі қолдады,-деп әрі қарай дүкен жұмысын жалғастырдық. Міне, содан бері ісіміз өрге басуда.

Үйімізде күнде кешке қарай барлығымыз жабылып, асыл тастарды жайып жіберіп, білезік, алқа, және т.б. әшекейлер жасаймыз. Әрбір тастың қасиеті жазылған деректері болады. Алушылар сол деректерді оқи отырып, өзіне керекті асыл тастан жасалынған әшекей бұйымдарды сатып алып жатады. Түйрегішке тағылған көз моншақтар кішкентай сәбилерге арналып жасалынады. Сондай-ақ, білезік алушының есімін де жазып береміз. Моншақ әріпті теріп жазғанда латын тілінде жазылған есімі шығады. Арнайы жасалған әріптерден есімін жазып білезік, алқа жасап, түзу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние деп ойлаймын. Осынау әшекей бұйымдарды ұл-қыздарыммен бірге көз майын тауыса отырып жасаймыз. Иә, ұлдарым мен қызымды еңбекке ерте баулыдым. Содан да болар ұл-қыздарым еңбекпен келген нанның дәмі тәтті болатынын біліп өсті,- дейді Баян Ибадуллақызы.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы