Нәзір Төреқұлов музейінде қазақтың тұңғыш дипломатының жеке заттары, қызы Әнелден қалған жәдігерлер сақтаулы. Солардың қатарында ерекше көзге түсетін жәдігер – Нәзірдің әкесі Төреқұлдан қалған жез құман.
Әуелі құманның қысқаша тарихы жайлы сыр шертер болсақ, ерте заманда қазақ даласында құман үй тұрмысында күнделікті қолданылған. Ол уақытта құманды шай қайнатуға, қол жууға пайдаланған.
Қолөнер шеберлері құманды түрлі металдардан: мыс, жез, темір, қола, күміс, қыштан жасаған. Қол жууға арналған құманды алып жүргенде суы төгілмес үшін мойны мен шүмегін ұзыншалау, биіктеу етіп жасаған.
Ертеде үлкен жиындарда қарттар мен жасы үлкен адамдардың қолдарына құманмен су құйып, батасын алу жастар үшін әдептілік, ибалық, үлкенді сыйлаудың белгісі болып есептелінген. Құманның сыртын әртүрлі ою-өрнектермен бедерлеп, ойып жасаған.
Нәзірдің әкесі Төреқұлдың құманына сипаттама берер болсақ, құманның екі жақ бүйірі шығыңқы, жапырақ тәріздес өрнек салынған. Құманның тұтқасы болмағандықтан, мойын жағы жіңішке, ұстауға ыңғайлы. Биіктігі – 33 см, сыйымдылығы – 3,3 литр. Құманның қақпағы жоқ. Оның жиектері айнала ойылып жасалған. Құманның ескіргені оның көп қолданылғандығын білдіреді. Жалпы айтқанда, Нәзірдің әкесі Төреқұлдан қалған жез құман екі ғасырға жуық уақыт бұрын жасалған музейдің құнды жәдігерлерінің бірі.
Роза НЫШАНБАЕВА,
Н.Төреқұлов атындағы музейдің аға ғылыми қызметкері.
