ҚАРАШАҢЫРАҚ БАСЫЛЫМ – 90 ЖАСТА!
Газеттің алғашқы саны сонау 1930 жылы 4 қазанда жарық көрген. Рухани астанамыз Түркістан қаласының жасампаз істерге толы шежірелі тарихын жазуда басылым зор еңбек сіңірді. Ел халқы бастан кешірген белестері мен Түркістан тарихының жарқын бейнесі осы басылым беттерінде мәңгілікке сақталып қалатыны – біз үшін мәртебе, келер ұрпаққа үлгі. Құстың қос қанатындай болған басылымның өзбекше нұсқасы 1956 жылдан бастап жарық көріп келеді. Қашан да ақиқатты айта алған басылым небір ерен құбылыстардың, тартысты оқиғалардың, жарқын күндердің айнасына айналғандығы жасырын емес. Бұл басылымда қазақтың небір маңдай алды қаламгерлерінің қолтаңбасы қалған, айшықты ізі бар.
Бүгінде тәжірибелі журналист, қаламызға белгілі азамат Мәлік Дәулетовтің жетекшілігінде қызмет етіп жүрген барлық қызметкерлердің оқырманның ақпараттық және рухани сұранысын өтеу жолындағы қажырлы еңбектері көз алдымызда. Шығармашылық ұжымнан әлі де талай тың дүниелер күтетініміз анық. Көптеген шәкірттерді тәрбиелеп, қанаты мен қаламын қатайтып шығарған «Түркістан» газетінің болашағы одан әрі өрістей беретініне сеніміміз мол. Басылым ақпараттық насихаттардың жүйелі әрі жылдам, шынайы жүргізілуінің арқасында ел ішіндегі саяси тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосып келеді.
Ендеше, 90 жылдық белесті еңсерген басылым ұжымына еңбектеріне табыс, шығармашылық шабыт тілеймін! Тәуелсіз еліміздің жарқын істеріне айналған газеттің торқалы тойы құтты болсын!
Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,
облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы.
