БАБАМЫЗДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ КИЕЛІ ТОПЫРАҚТА ТҰРУЫ ШАРТ

852 көрілім

Қазақ халқының ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдағы ел тұтастығы мен бірлігі жолында жан аямай күрескен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің бірі Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлы екенін тарихтан жақсы білеміз. Қара қылды қақ жарып айтатын әділдігі мен тапқыр шешендігі үшін Тәуке хан Қазыбекті орта жүздің бас биі етіп сайлаған. Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшесі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай сияқты хандар мен сұлтандар ел билеген кезеңдерде мемлекет басқару ісіне белсене араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.

Арқадағы Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен Қазыбек бидің денесін ұлы Бекболат Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне әкеліп жерлеп, басына құлпытас орнатқаны зерттеуші ғалымдардың жазбаларынан анық мәлім. Оңтүстік өңірінің жұртшылығы қазақ хандығының іргетасының берік болып, көрші елдермен дипломатиялық қарым-қатынастарының жақсы қалыптасуына, тату қоңсылықты сақтауына, халқымыздың әйгілі «Жеті жарғыны» дайындауға үлес қосқан абыз бидің есімін дәріптеп, өскелең ұрпаққа оның асыл мұраларын насихаттауда бұдан 3-4 жыл бұрын құрылған Қаз дауысты Қазыбек би атындағы қор өлшеусіз жұмыс атқарып келеді және атқара да бермек.

Қазыбек би аллеясы 2019 жылы құрылысы басталып қазіргі уақытта қолданысқа беріліп қойды. Аумақта өткен жылы канал мен саябақ салынып, қазіргі таңда, балалар ойын алаңшасы, футбол, теннис корттарымен толыққан. Мұнда жаяу жүргіншілер үшін жолдар, көгал және орындықтар орнатылған. Аталған аумақ халқы үшін кешқұрым уақытта серуен құрып, балалардың уақытын спорттық шараларға жұмсауына сеп болмақ. Бұл үлкен қуанарлық жәйт екенін айтып та келеміз. Алай да түйіні шешілмей келе жатқан бір жәйт бар.

Қазыбек Келдібекұлына ескерткіш қою үшін, Түркістан қаласы «Парасат» саябағының аумағынан жалпы алаңы 0,0225га жер телімі жер комиссиясының №154 29.04.2019 жылғы жинақталған құжаттарына қарап келісілді. Қазыбек би бабамыздың тау тұлғалы ескерткішінің Түркістан төрінде тұруы – бүкіл қазақ халқы үшін зор мақтаныш! Сондықтан мұндай мүмкіндікті уыстан шығарып алмауымыз қажет. Сол себептен «Парасат» саябағы аумағынан бөлінген жерге ескерткіш орнатуға келісім берілсе екен деген тілегіміз бар. Түркістан облысы және қаласы әкімдіктеріне қолға алған істі қолдап монумент ескерткішін қоюға рұқсат берілуін сұраймыз.

Пернетай ДОСЫБЕКОВ,
Қазыбек би атындағы қор директорының міндетін атқарушы,
Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Түркістан қаласының бір топ ардагерлері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы