ӘКІМ ҚАЛАНЫҢ ДАМУЫ БОЙЫНША БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

827 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Аюпов Рашид Абатұлы Түркістан қаласының даму қарқыны мен атқарылып жатқан жұмыстар барысы бойынша брифинг өткізді. Қала әкімі Р.Абатұлының мәлімдеуінше облыс орталығында қазіргі таңда инфрақұрылым, жол, құрылыс, газдандыру және басқа да маңызды салаларға басымдық берілген. Жыл соңына дейін газ құбырлары қалада толық жүргізілетін болмақ. Дегенмен, газдандыру жұмыстары карантин режиміне байланысты бір айға кешігуде. Оған қарамастан, жұмыстар ширатылған. Осы тұста әр үй газды қосуға дайын болу керектігін шаһар басшысы ерекше айтып өтті.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев облыстың әр аудан-қалаларында жыл сайын 10 аллея салуды тапсырған болса, облыс орталығында 8 айда 13 аллея бой көтерген. Ал, қаланы көгалдандыру мақсатында 15 қазаннан бастап ағаш отырғызу маусымы басталады. Сонымен қатар, Ұлы ақын Абай мен Әл Фарабидің мерейтойына орай, келер айда шаһарда ескерткіш орнатылады. Одан өзге, тұрғындардан түскен өтінімдерге уақытылы жауап берілу үшін қала әкімдігі қараша айында 109 қызметін іске қоспақ ниетте. Инфрақұрылым бойынша су мен газ жүйесі осы жылы, ал, сапалы электр қуатымен қамту келер жылы, сондай-ақ, кәріз жүйесі 2023 жылға дейін толық қамтылатынын атап өтті.
Түркістан қаласында биыл пайдалануға берілуі жоспарланған 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы құрылыстың уақытылы әрі сапалы салынуы үшін жауапты мамандар бекітіліп, күн сайынғы мониторинг жұмыстары да уақытылы қадағалануда. Мұндағы 1452 пәтердің құрылысына 634 жұмысшы мен 33 техника жұмылдырылса, 1, 2 және 3 бөлмелі үйлерде жылу, газ, су секілді барлық жағдайлары қарастырылған. Аталған 1452 пәтердің 450-і аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, ал 1002 пәтері несиелік тұрғын үй, яғни банкте кезекте тұрған салымшыларға берілетінін мәлім етті қала басшысы.
Қазірде кей қабаттардың жабын плитасын орнату, қабырғасын қалау, электр және сантехника, ішкі сылақ, қасбет (фасад) жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін «Қуаныш-2030», «Ақжол», «Жаңа Арна Құрылыс», «Ныш-Ер», «ЕвроРемонтСервис», «Корпорация Ақ Ордасы», «Тамыз Құрылыс ББК», «Темир и К», «Стройервис-ХXI», «А.Р.Т–Құрылыс» мердігер мекемелері құрылыс жасауда. Одан өзге, Әкімшілік-іскерлік орталықтан 12 қабатты 45 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. 2021 жылы аяқталатын үйлер құрылысында 13 мердігер (жұмысшы саны – 280, техника саны – 35) тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, 2021 жылы аяқталатын 7 қабатты 15 және 9 қабатты 5 үйдің де құрылыс жұмыстары жалғасуда. Одан өзге биылғы жылы жеке инвестиция тарапынан 12 қабатты 10 үй мен 5 қабатты 8 үй пайдалануға беріледі екен.
Айта кететін жайт, құрылысы жүріп жатқан үйлерде жылу жүйесі автономды болмақ. Яғни, әр пәтер иесі жылу жүйесін өзі қосып, өшіріп, басқара алады. Қалада қоғамдық тәртіп пен ыңғайлы жағдай жасауда жарықтандыру жүйесінің де маңызы зор. Жалпы, қаламызда 875 көшенің 162-сі, яғни, 282 шақырымы жарықтандыру жүйесімен қамтылған болса, биылға 123 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда оның 78 көшесінде жұмыстар аяқталған.
Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде: 371 шақырымы – асфальт, 360,3 шақырымы – шағал тас, 113,7 шақырым (13,45%) – топырақ жол. Қала ішіндегі жолдардың 9,2 шақырымына құрылыс жұмыстары (2 көше ), ал, 106,1 шақырымына орташа жөндеу (81 көше) жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың барысында 109,1 шақырым аяқ жолдар, 15,7 шақырым суағар науа, 15,7 шақырым жарықтандыру жүйесі, 2,7 шақырым веложолдар салынатын болмақ. 2020 жылда атқарылатын жұмыстардың нәтижесімен асфальт жолдар 13,7 пайызға өссе, тас жолдар 13,65 пайызға азайып отырған мәлімдеді.
Түркістан қаласы халқының саны бүгінде 175618 адамды құрайды. Оның iшiнде экономикалық тұрғыдан белсендi халық 61341 адам. Жұмыссыздар саны 3046 адамды құрайды. Осы мақсатта, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде 2020 жылғы кешенді жоспар бойынша 5010 адамды қамту жоспарланып, 6504 адам әлеуметтік шаралармен қамтылғанын жеткізді. Брифинг барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға қала басшысы Р.Абатұлы жан-жақты толымды жауап беріп отырды.
Шара соңында Түркістан қаласындағы жаңа нысандарға пресс-тур ұйымдастырылды. Сонымен жаңадан бой көтерген «Конгресс-Хол» сарайы, «Turkistan Arena» стадионы, Оқушылар сарайы, «Бассейні бар спорт» кешені, Қабылдау орталығы, Этноауылды аралап, олардың жұмысымен танысты.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы