Бүгін қала әкімдігінде Дүниежүзілік туризм күніне орай, қала әкімдігі мен халықаралық туризм меймандостық университетінің бірлесе ұйымдастыруымен «Түркістандағы туризм: жаңа серпілістер уақыты» атты тақырыбында басқосу болып өтті. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев, қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаев, халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры М.Мурзамадиева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Т.Нақыпбеков, туризм саласының бірқатар мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел аясында облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлы соңғы жылдары туризм саласына ерекше көңіл бөлініп, мыңдаған жұмыс орны ашылғанын айтып өтті. Сондай-ақ, күннен күнге қарыштап дамып жатқан шаһарды одан әрі айшықтай түсетін тың жобалар болса қолдауға әзір екендігін жеткізді.

Жиында халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры М.Мурзамадиева басқосуға қатысқан сала мамандарын Дүниежүзілік туризм күнімен құттықтап, осындай оқу ордасының Түркістан төрінде ашылғанын қашанда мақтаныш сезіммен айтатынын жеткізді. Ал белгілі қолөнерші Гаухарбек Баянбайұлы туризмді дамытуда қолөнершілердің де алар орны ерекше екенін атап өтті. «Мен алыс-жақын шет елдерді араладым. Оған әрине, алғашқы кезекте қасиетті қолөнеріміздің арқасы. Қай елге барсақ та, сол елдің қолөнерін көреміз. Қолөнерде елдің мәдениеті, тарихы жатыр. Сондықтан да туризмді дамытуда қолөнерге қолдау білдірудің маңызы зор. Сол қолөнер арқылы біздің елімізді жаһан жұрты жаңа қырынан таниды деп сенемін», – деді ол.

Сондай-ақ, жуық арада ашылуы жоспарланған «Tai-Kazan» этнокешенінде ұлттық нақыштағы дүниелер, тағамдар, суретке түсу мүмкіндігі және қолөнер туындылары таныстырылды. Азия ойындарының жеңімпазы, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген Дидар Хамза да өз сөзінде спорттың дамуы – туризмнің дамуына үлес қосатынын айтып, спорттық шараларды жиі өткізу бойынша ұсыныс білдірді.

Шара барысында «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» мен Түркістан облысы мен қала әкімдігі, «Rixos Turkistan» қонақ үйі және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан серіктестік және өзара ынтымақтастық бойынша Меморандумға қол қойылды.

Бұдан соң жиынға қатысаушылар арбат алаңында өткен «Дәмді» тағамдар фестиваліне қатысып, белсенді турагенттіктер мен туроператорларды марапаттады. Мереке «Қабылдау орталығы» қызметімен таныстыру және Қ.А.Ясауи кесенесі аумағының қайта жаңғыртылған келбетін таныстырумен жалғасып, аумақта бой көтерген Этноауылда ұлттық ойындар мен қолөнер шеберлерінің туындылары тамашаланды.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.