ӨМІРБАЯНЫ
Сапаров Құсбек Сатанбайұлы 1967 жылы 30 сәуір күні Түркістан қаласында дүниеге келген. Екі жоғарғы білімі бар: Біріншісі – 1991 жылы Алматы халық шаруашылық институты, мамандығы – экономист-қаржыгер; Екіншісі – 2006 жылы Алматы құрылыс, бағалау және сапаны басқару университеті, мамандығы – бағалаушы.
1984 жылы орта мектепті Түркістанда бітіріп, 1985-1987 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеген.
Еңбек жолын Түркістан қаласында қарапайым жұмысшыдан бастап, институт бітірген 1991 жылдан 2013 жыл аралығында салық басқармасында әртүрлі лауазымда қызмет атқарған. Салық аудиторы ретінде Бас салық басқармасы ұйымдастырған салық тексерулеріне қатысқан.
2013-2014 жылдары МКО «Ырыс» Кредиттік ұйымында қызметте жүріп, Түркістан кәсіпкерлерін несиелендірумен айналысқан. 2014-2015 жылдары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мекемесінде қаржы және құқық департаментін басқарып, инвестиция тарту мәселелерімен айналысқан. 2017-2018 жылдары «Казагро»-ға қарасты Агрокредиттік корпорациясының Атырау бөлімінде қызмет атқарған. 2015-2017 жылдары «Туран риэлти» ЖШС-нің бағалау компаниясын басқарған. 2018 жылдан бүгінгі таңға дейін Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасында бас маман болып қызмет атқарып келеді.
Жылжымайтын және жылжитын мүліктерді бағалаумен айналысу жөнінде Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің 02.12.2005 жылы берген ФЛ-00908 №0011049 мемлекеттік лицензиясы бар.
«KazConsultingKz» ЖШС аудиторлық компаниясының мүшесі.
«МФСО» бағдарламасы бойынша сертификаты бар.
Отбасылы: үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті менің сайлаушыларым!
Халық қалаулысы болу – жауапкершілік, жауапкершілік деген – берген уәдеде тұру, тек өзің үшін ғана емес зайырлы елдің қайырлы да, зиялы азаматы ретінде, халықтың қажеті мен мұқтажын өтей білу. Халық талабы, тілегі мен мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жетеді. Ешкім депутат болып тумайды. Қалыптасады, үйренеді, тәжірибе арттырады және оның мақсаты – жылт етіп көзге түсіп қалып, арзан абырой жинау емес, қалың бұқараға жан-тәнімен болысу, көпті толғандырған мәселенің шешілуіне барынша септігін тигізу. Сондықтан маған сенім білдіретін халықтың алдында міндетім биік, ұстанымым бөлек. Өйткені тәрбиешім – халық. Сондықтан адамға деген мейірім, Отанға деген махаббат, қарым-қатынастағы әділет, досқа – адалдық, барға – қанағат, жоққа – қамқор, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, уәдеге – беріктік болу, бұл – өмірдегі қағидам. Халықпен бірігіп, бірлесіп жұмыс істеу, елдің ортасында жүру, әрқашан көпшілікке қолдау көрсету, бұл – басты мақсатым. Егер халықтың тұрмысы жақсы болса, менің де жақсы тұрып жатқаным, егер халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болса, онда менің де төмендігімді көрсетеді. Демек, жұмыс адал, дұрыс істелсе, нәтиже болады. Қолдан келсе, адал жұмыс істей отырып ел-жұрт үшін еңбек ету, бұл – менің ұстанымым.
Қарапайым халық арасында өздері сайлаған депутаттан нақты көмек, қаржылай қолдау күтетіндері көп. Кешегі қаржы тапшылығы алқымнан алып тұрған жылдарда халық қалаулыларының көбісі демеушілік жасап, округтеріндегі мектеп, емхана, басқа да әлеуметтік нысандарға азды-көпті қол ұшын созып жатты. Қазір мұның бәрі бюджет мойнында. Сол үшін Сіздер депутатқа елдің мәселесін, шешілмей жатқан проблемаларын айтыңыздар. Оның рақатын бір отбасы емес, бүкіл ел, бүтін аймақ көрсін. Яғни, депутаттың бір міндеті– бюджеттің тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалап, өзіне аманат жүгін арқалатқан елінің жоғын жоқтап, сенімін ақтау, халық өмірінің түйткілді мәселелерін жақсартудағы орны бөлек, қалалық мәслихаттың шешімдерін қабылдауға тікелей атсалысу болып табылады. Сол үшін мен өзімді қалтаның қамын емес, халықтың арын ойлап сынға түсіп отырмын деп есептеймін.
«Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде партияның атынан үміткер ретінде мен сайланған жағдайда барлық жауапкершілігіммен тұрғындардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге дайын екендігімді мәлімдеймін.
Заманауи кезеңнің саяси мәселелерін шешу үшін бүгінгі қоғам жаңадан жас кәсіби кадрларды, жаңа тәсілді, сонымен қатар жаңа сананы талап етеді. Мен бұрын-соңды болмаған жаңа форматтағы праймеризге қатыса отырып, облыс орталығына айналған қаламыздың гүлденуі, экономикасының дамып, онда өмір сүретін халықтардың жағдайының жақсаруына үлес қосу арқылы туған елге, туған жерге деген қызметімді жалғастырғым келеді. Соған байланысты, үміткер ретінде төмендегідей қолдан келетін, нақты атқарылатын жұмыстарды бағдарламам ретінде ұсынамын.
экономикалық даму мәселесі бойынша
- «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын толық жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын;
- Облыс пен Түркістан қаласын дамыту, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының орындалуына ықпал жасау;
- Түркістан қаласының аумағында кәсіпкерлік қызметті өркендету мен инвестициялық ахуалды жақсартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау білдіре отырып жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету;
- Шағын және орта бизнесті дамытудың бір жолы – қала аумағында ашылған «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы территориясына коммуникация тарту үшін атсалысу және осы территорияға байланысты Заңдарда көрсетілген жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану мақсатында кәсіпкерлермен жұмыс жүргізу;
- Елдің экономикасын дамытып, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін отандық өндірушілер өндірген тауарлар мен оларға көрсетілген қызмет түрлерінің өзіндік құнын төмендету мақсатында тарифтер мен бағаларды қайта қарап, отандық тауар өндірушілердің санын көбейтуге, қарапайым заттар экономикасын дамытуға ықпал ету;
- Қала бюджетін қалыптастыру барысында дайындалған мәліметтердің, қаланың дамуына қаншалықты маңыздылығына талдау жасай отырып, әрбір қаражаттың тиімді жұмсалуына ықпал ету.
- Түркістан қаласы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен елді мекендердегі балалар ойын алаңшалары және спорт алаңшалары құрылысының жүргізілу мәселесіне ықпал жасау;
- Облыс орталығымен өтетін облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілу мәселесіне және Түркістан қаласындағы көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер үшін көше қиылыстарында, жол астынан өтетін тоннельдер салдыру жұмыстарының жүргізілу мәселесіне ықпал жасау;
- Түркістан қаласында салынып жатқан жаңа құрлыс орындарындағы инфрақұрылым жүйелерінің жүргізілуіне, оларға тартылатын ауыз су жүйесі құрылыстарының жүргізілу мәселесіне ықпал жасау;
Кәсіпкерлікті дамыту саласы бойынша
- Жас мамандарды жұмыспен қамту мақсатында жоғары және орта оқу орындарымен бірлесіп, бүгінгі таңға еңбек нарығына қажетті маман даярлау жұмыстарын жүргізу мәселесіне ықпал жасау;
- Қалада жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін алдымыздағы үш жылға арналған кешенді бизнес жоспар жасауға, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге, мемлекеттік грант бөліну мәселесіне ықпал жасау;
- Өнеркәсіпті дамытуға назар аудара отырып, отандық өндірушілерді қолдауға, бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын өнімдер шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесіне ықпал жасау;
- Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, қайта даярлау бағдарламаларын тиімді іске асыру мәселесіне ықпал жасау;
Тарих пен Мәдениетті дамыту мәселесі бойынша
- Мен бағдарламамда Түркістан қаласының тарихы мен мәдениетін көтеру мақсатында мәдени-идеологиялық ұстанымның 4 бағытын дамытуға күш саламын. Атап айтқанда:
– бірінші – Түркістанға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан, қазақтың мәдениетінен мәліметтер алатындай болуы тиіс;
– екінші – Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы тиіс;
– үшінші – Түркістан тоғыз жол торабында орналасқан сауда орталығы болуы тиіс;
– төртінші – Түркістан күллі түркі әлемінің рухани ордасына айналуы тиіс.
Жастар саласы бойынша
- Жастарды еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу.
- Жастарды отаншылдық сезіміне, адалдыққа, азаматтық белсенділікке баулу үшін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асыру мәселесін қолға алу;
- Барлық мектептерде балаларға адам құқығының ізгілік мәнін, оның міндеттерін, әрекет нормалары мен қағидаларын терең сезінуге мүмкіндік беретін тәрбиенің әртүрлі құралдары мен әдістерінің кешенін жүйелі түрде пайдалану мәселесін қолға алу;
- Ұмыт қалған салт пен дәстүрдi қайта жаңғыртып, дамытып, қазақи мәдениеттi, оның салаларын қазiргi жастарға насихаттау мәселесін қолға алу;
- Жастар шығармашылығына қолдау көрсетіп, аса дарынды жастардың ғылыми-шығармашылық ізденістерін ұштау және ортамыздағы дарынды жастарға қажетті құқықтық жағдай жасау, олардың бойындағы табиғи дарындары мен мүмкіншіліктерін ояту мәселесін қолға алу;
Туризмді дамыту мәселесі бойынша
- Киелі Түркістан қаласының жалпы тарихын насихаттап, Халықаралық дәрежеде туристік орталыққа және Түркістанды әлемдік туризм Меккесіне айналдыру мәселесін жолға қою;
- Қала мен облысымызды екінші деңгейлі туристік аймаққа айналдыру (дестинация) мәселесін жолға қою;
v Туристік мекемелерді ұйымдастыру, басқару және пайдалану үшін білікті кадрларды, орташа қызмет көрсететін персоналдар мен маркетинг мамандарын даярлау бойынша білім беру жүйесін жетілдіруді ұйымдастыру мәселесін жолға қою;
Қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша
Бейбітшілік, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту мәселесін жолға қою;
Жемқорлық, оның ішінде бопсалаушылық пен парақорлықтың барлық заңсыз іс-әрекеттердің түрлеріне қарсы тұрып, адал бәсекелестік принципін сақтау мәселесін жолға қою;
v Құрметті сайлаушылар! Қорыта айтқанда, өзімнің бағдарламамды Түркістан қаласының сайлауалды бағдарламасы негізінде жасап, өзекті мәселелерді көтеруді жөн көрдім. «Nur Otan» партиясы қойған міндеттерді орындау үшін және өзімнің сайлауалды бағдарламаларымды іс жүзіне асыру үшін аянбай еңбек етіп, қала тұғындарына қызмет етемін!
Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық үшін тер төгіп, ел мүддесін бәрінен биік қойып, сенімдеріңізді ақтауға күш саламын.
Жасампаз елдің жарқын болашағын бірге жасайық!
