Бүгін «Ақжайық» музыкалық мектебінде «Nur Otan» партиясының праймериз өткізу кестесіне сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісіне партияшілік іріктеуге қатысушы үміткерлер арасында пікір сайыс өткізілді. Алдымен шара басталмас бұрын Түркістан қаласының әкімі, қалалық «Nur Otan» партиясының төрағасы Р.Аюпов, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы, «Nur Otan» партиясының мүшесі Ғ.Сәрсенбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен дебатқа қатысушы үміткерлер арасында жеребе тасталып, пікір сайыс басталды. Әрбір үміткерге пікір алмасуға шектеулі 5 минут уақыт беріліп, олар өз кезегінде бағдарламаларымен жан-жақты таныстырды. Жеребе бойынша алдымен үміткер М.Абдукадирова жастар мәселесін арқау етсе, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Б.Абдрасилов өзінің бағдарламасының 7 кезеңнен тұратынын, оның басты 3 мәселесіне тоқталып өтті. Білім саласындағы оның ішіндегі қала және ауыл мектептеріндегі материалдық базасын жандандыру, кадр мәселесі, орта арнаулы оқу орындарындағы мәселерді көтеріп, оның шешу жолдарын атап өтті.
Бұдан соң үміткер И.Хашимжанов сөз сөйлеп, бірлік – бәріміздің де басты мұратымыз екенін, ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық – халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы, ел экономикасы өркендеуінің басты кепілі екенін алға тартса, С.Рүстемова медицина саласында дамыту бағытында бағдарламасымен бөлісті. Үміткер Н.Дәрібаев туризм, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, тұрғын үй мәселесі, бұқаралық спортты дамыту, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету бағытында атқаратын жұмыстарын ортаға салды. Сонымен пікір сайыстың екінші кезеңінде үміткерлер бір-бірлерінің бағдарламаларына сараптама жасап, өз ойларымен бөліссе, үшінші кезең сұрақ-жауапқа ұласты.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.