МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА ЖАҢЫЛЫСПАҒАН ЖӨН

1  615 көрілім

Жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болып, олардың қажеттiлiгі және мәртебесi өзгеруде. Биыл еліміз бойынша мыңдаған талапкерлер өз жолдарын таңдап, болашақ ел мүддесі үшін білім алуға бет бұрды.

Түркістан қаласындағы оқу орындарының (университет, колледждер) биылғы жағдайы қалай? Оқуға ынта танытқан талапкерлер санында былтырғымен салыстырғанда айырмашылық бар ма? Қандай мамандықтарға сұраныс көп? Түркістандағы мектептерді бітірген түлектердің қанша пайызы осындағы білім ошақтарына түсті? Биылғы мектеп түлектері қандай мамандықты көп таңдады? Мамандық таңдау туралы ой-пікіріңіз? Заман ағымына сай қай мамандыққа сұраныс көп? Биылғы ҰБТ көңілден шықты ма?  Қазіргі таңда қашықтықтан оқыту қалай өтуде?

Осы және өзге де халық көкейіндегі сауалдарды тиісті сала басшылары мен маманына қойып, жауаптар алуға тырыстық.

Ақмарал Батырбекова, қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы:  – 2018-2019 оқу жылында қаламыздағы мектептерден 1351 оқушы түлеп шыққан болатын. Ал, биылғы жылы бұл көрсеткіш едәуір ұлғайып отыр. Яғни биылғы 2019-2020 оқу жылында 1507 оқушы 11-сыныпты бітірді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші бойынша да осындай өсім байқалып отыр. Өткен оқу жылында 930 бала түссе, осы оқу жылында 1015 түлегіміз студент атанды. Олардың 569-ы оқу орындарының грантын жеңіп алса, 108 оқушымыз арнайы квотамен оқуға мүмкіндік алды. Ал,  338 түлегіміз жоғары оқу орындарында ақылы негізде жоғары білім алатын болды. Сондай-ақ, орта арнаулы оқу орындарына яғни колледжерге түскен оқушыларымыз туралы да айта кетейін. Колледжде оқуын жалғастыруды дұрыс көрген жастарымыздың 96-сы оқу орнында грантпен оқыса, 117 оқушымыз ақылы негізде білім алады.

Оқуға түскен оқушыларымыздың басым бөлігі жергілікті оқу орындарын таңдаған. Біздегі деректер бойынша, түлектеріміздің 60 пайыздан астамы білімін қаламызда жалғастыруды жөн деп тапқан.

Ал, таңдаған мамандықтарына келер болсақ, бұл орайда басымдық техникалық мамандықтарға түсіп тұр. Екінші орында медициналық мамандықтар таңдалған. Педагогикалық мамандықтарды таңдау үлесі үшінші орында. Туризм саласына да жастарымыз қызығушылық танытып келеді, бұл төртінші орында. Одан кейін экономикалық мамандықтар. Талдауымыз бойынша, ең аз таңдалған мамандықтардың қатарында инженерия және менеджмент болып отыр.   

Әрине, биылғы өткен ҰБТ толыққанды көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Кемшін тұстарымыз да кездесті. Мысалы, шектік деңгейге жете алмаған оқушыларымыз да болды. Дегенмен, жалпы алғанда биылғы нәтижеміз жаман көрсеткіш емес. Оқушыларымыз орташа 76,0 балға ие болды. Бұл көрсеткіш біздің қаламызды облыс деңгейінде ІІ орыннан көрсетті.

Біз бұл бағыттағы жұмысымызды күн тәртібінен түсірген емеспіз. Оқу жылы бойына талдау жасап, жіберілген қателіктер бойынша жұмыс жүргіземіз. Әр пән бойынша әдіскерлерімен бірге жеке өзім басқосулар өткізіп, мұғалімдерге тиісті нұсқауларды беріп отырамын. Өткізілетін түрлі семинарларда да ҰБТ-ға дайындық барысы міндетті түрде қамтылады. Мақсатымыз – рейтинг қуу емес, оқушыларымыздың білім деңгейін көтеріп, жоғары оқу орындарына грант негізінде түсуіне жағдай жасау. Нәтижеміз де жоқ емес – жыл сайын жоғары оқу орындарына түсетін, грант пен квотаға қол жеткізетін оқушыларымыздың саны артып келеді.

Мамандық таңдаудың оңай еместігін, әрбір азамат өз бейіміне қарай отырып таңдау қажеттігін жақсы білеміз. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау болып табылады. Халқымыз жиі қолданатын «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – мамандық таңдағанда, екіншісі – жар таңдағанда» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Сондықтан жастарымыз өз түйсігіне сеніп, өз икеміне қарай мамандық таңдауы қажет.

Қазіргі білім мен ғылым ғасырында мамандықтың түрі де жыл санап ұлғайып келеді. Бұрындары көбінесе мұғалім мен дәрігер немесе қаржыгер мен заңгер болуды армандайтын жастарымыз соңғы жылдары техникалық мамандықтарға да көптеп қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, туризм саласына да қызығушылық арта бастады. Бұл әсіресе біздің қаламыз үшін өте қажетті мамандықтардың бірі болмақ. Себебі, күн санап көркейіп, гүлденіп келе жатқан қаламыз туризмнің орталығына айналып келеді. Осы саланы дамыту мақсатында жаңа құрылыстар салынуда. Алдағы уақытта туризммен айналысатын орталықтардың барлығы өз саласының білікті мамандарын іздейтіні анық. Қаламызда биылғы жылы ашылған Туризм және меймандостық университеті де дер кезінде ашылған оқу орны болды. Алдағы уақытта осы оқу орнынан қаламызды әлемдік деңгейдегі туризм орталығына айналдыратын білімді жастар шығады деп ойлаймын.

Біз биылғы оқу жылына жылдағыдан ерекше дайындалдық десем қателеспеймін. Себебі, биылғы жылы алғаш рет жаңа оқу жылын қашықтықтан оқыту жүйесімен бастап отырмыз. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанында орын алған кемшін тұстарды болдырмау мақсатында аз жұмыс жасалған жоқ. Алдымен мұғалімдердің дайындығымен қатар оқушылардың техникалық байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуіне назар аудардық. Нәтижесінде ұстаздарымыздың барлығы дерлік қашықтықтан оқыту бойынша өткізілген онлайн курстарға қатысып, білімін жетілдірді, сертификатталды. Ал, жаз айларында техникалық байланыс құралдары жоқ және өз есебінен сатып алуға жағдайы жетпейтін оқушылардың тізімі жасақталып, республикалық және жергілікті бюджет есебінен ноутбуктер мен планшеттер сатып алу арқылы жаңа оқу жылы басталар тұста сол оқушыларымызға таратылды. Қазіргі таңда оқу тиісті деңгейде жүргізілуде. Ұстаздар Mektep.Online платформасымен жұмыс жасауда. Мұғалімдер ата-аналармен байланыс жасай отырып, оқушылардың қашықтықтан оқыту сабақтарына үзбей қатысуын қадағалап отыр. Бұл жүйе қашанға дейін жалғасатыны әзірге белгісіз. Алдағы уақытта жағдай қалай боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Егер жағдай тұрақталып, штаттық оқу жүйесіне көшетін болсақ, оқушылар мектепке жіберіледі. Бірақ, санитариялық талаптарды да естен шығармаймыз.

Рахила Үрімова, Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының  директоры: – Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясын 2019-2020 оқу жылында 11 сыныпты 77 оқушы бітірді. Оның ішінде 51 оқушы қазақ бөлімін, 26 оқушы өзбек бөлімін бітіріп шықты. Оқу жылы соңында 41 оқушы ҰБТ-ға барып, өз білімін сынады. Бүгінгі таңда бітірушілерімізден 36 оқушы жоғары оқу орнына, 15 оқушы колледждерге грант арқылы оқуға түсті. Былтырғы оқу жылы 82 бітірушіден 57 оқушы оқуға түскен болатын.

Бітіруші түлектердің басым бөлігі жергілікті оқу орындарын таңдаған. Атап айтар болсам, 21 оқушы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға, 4 оқушы қаламызда жаңадан ашылған Халықаралық туризм және меймандостық университетіне оқуға түссе, 4 оқушы Алматы қаласында, 6 оқушы Шымкент қаласында, 1 оқушымыз Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды.

13 оқушымыз қаламыздағы колледждерге,  1 оқушы Шымкент, 1 оқушы Нұр-Сұлтан қаласындағы орта арнаулы оқу орнына грант арқылы оқуға түсіп отыр.

Биылғы бітірушілердің ішінде жоғары оқу орындарында педагогикалық, арнаулы орта оқу орындарында медицина мамандығын таңдағандары көп болды. Айтар болсам, педагогикалық мамандықты 17 оқушы, медицина мамандығын 12 оқушы, дене шынықтыру және спорт мамандығын 5 оқушы, заңгерлік, техникалық,  саясаттану мамандығын 4 оқушы, туризм, өнер мамандықтарын 2 оқушы таңдады.

Түркістан қалалық білім бөлімінде 16 жыл әдіскер қызметін атқардым. Аталған салада үздіксіз қазақ тілі мен әдебиеті саласына жауапты болдым. Сондықтан негізгі бағытым – білім ошақтарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мемлекеттік білім стандартына сай дұрыс берілуін, ұлттық мектептерде мемлекеттік тілді қолдау мен дамыту саясатының дұрыс жүзеге асырылуын қадағалау болды. Бұл бағыттағы жұмыстарым нәтижелі болды деп айта аламын.

Ал қазіргі мектеп директоры ретінде жауапкершілік мүлдем күрделі деуге болады. Себебі мектеп директорының құзіретіне тек білім сапасын арттыру ғана емес, қаржыны дұрыс игеру, материалдық базаны нығайту, кадрмен жұмыс т.б. жұмыстар жүктелген. Әрине, білім ордасы болған соң басты бағытымыз – оқушыларға білімнің сапалы берілуін қадағалау. Ең негізгі ұстанымымның өзі – гимназия-мектебінің білім сапасын арттыру, оқушыларға «гимназия» статусына сай сапалы білім беру. Осы бағытта біршама жұмыстар атқарып жатырмыз. Мектеп-гимназия қазіргі таңда 2 жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектебімен келісім шарт негізінде жұмыс жүргізуде. Ұстаздарымыз НЗМ педагогтарымен тәжірибе алмасып, оқушыларға білімді терең игертудің түрлі әдіс-тәсілдерін үйренуде.

Биылғы оқу жылында ҰБТ көрсеткіші 73,78 балды құрады, өткен жылы 79,12 балл болған болатын. Өткен жылмен салыстырғанда білім сапасы -5,34 балға төмендеп отыр. Бұл көрсеткіш гимназия мектебі үшін қанағаттанарлық көрсеткіш емес. ҰБТ қорытындысы бойынша биылғы меже – 85 балл болатын. Бұл орайда әлемдік коронавирус инфекциясының елімізде кең таралуына байланысты мектептерді қашықтан оқыту барысы да оқушыларымыздың білім сапасына кері әсерін тигізді деп айта аламын. Себебі 4-тоқсанда бітіруші түлектеріміздің білім деңгейін толықтыру үшін дайындық сабақтарды өткізу, сынамалы тесттерді апта сайын алып, қатемен жұмыс жүргізу қиын болды. Дегенмен, біз үшін бұл – сылтау емес. Алдағы мақсатымыз – қашықтан оқыту барысында түрлі платформаларды пайдалану арқылы да 11 сынып оқушыларының білім көрсеткішін белгіленген межеге жеткізу. Бұл бағытта дайындықтарымызды бастап та кеттік.

Айта кетуім керек,  ата-аналар бізге өз балаларын аманат етіп, осы мектепте оқу арқылы болашағы жарқын болады деп үлкен сеніммен тапсырған соң, алғашқы кезекте сол сенімнен шығып, аманатқа қиянат жасамауымыз қажет деп ойлаймын.

Расын айту керек, балаларымыз 11 сыныпқа келгенде ғана мамандық таңдап жатады. Осы орайда мектепте кәсіби бағдар беру жұмыстарын дамытуымыз керек. Бұл да – біздің ақсап тұрған тұсымыз. Менің ойымша, баланы мамандыққа төменгі сыныптан бастап бейімдеу жұмыстары жүйелі жүргізілу керек. Баланы кәсіби бағытқа дайындауда ата-ана, психолог және мұғалім арасындағы үштік одақтың жұмысы жүйеленбейінше, біз нәтижеге жете алмаймыз. Тағы бір ескеретін жайт, қазіргі қоғамда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары, сол мамандықтарға балаларды тартуымыз керек. Соңғы жылдары елімізде техникалық, ақпараттық-технологиялық мамандықтарға сұраныс жоғары. Биылғы жылы педагогикалық мамандықтарға да сұраныс біршама жоғарылап отыр.

Биылғы 2020-2021 жаңа оқу жылын ерекше форматта, тағы да қашықтан оқыту форматында оқуды бастап кеттік. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес, 4-тоқсанда қашықтан оқыту барысында жіберілген кемшілікті болдырмау мақсатында, шілде айынан бастап дайындық жұмыстарын бастадық. Ең бастысы, қашықтан оқыту барысында оқушыларды техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін сынып жетекшілер арқылы барлық оқушылардың отбасы жағдайын, өзінің жеке планшеті, смартфоны, компьютері бар деген мәліметтер базасын жинақтадық. Тамыз айынан бастап барлық педагогтарды кезең-кезеңімен 100 пайыз қашықтан оқыту курстарынан өткіздік. Мектеп биылғы оқу жылында «Онлайн мектеп» платформасымен келісім шартқа тұрдық. Осы платформамен жұмыс жасау курстарынан да мұғалімдерді өткіздік. Қазіргі күнге дейін оқушыларға білімді осы платформа арқылы беру бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі таңда 151 балаға планшет, 45 балаға мектеп компьютерлерін уақытша пайдалануға беру жұмыстарын үйлестірудеміз. Әрине, бір ғана смартфонға немесе планшетке қарап отырған көпбалалы отбасыларымыз көп, сондықтан алдағы уақытта тағы да қамтамасыз ету мақсатында қалалық адами капиталды дамыту бөліміне сұраныс беріп отырмыз. Әрине, мұның бәрі уақытша қиыншылық деп ойлаймыз. Қазіргі таңда балаларды қашықтан оқытсақ та, білімнің сапасын әлсіретіп алмау бағытында кешенді жоспар әзірлеп, жұмыс жасаудамыз. Жеке оқушымен жұмыс түрлері қашықтан оқыту арқылы да жүзеге асырыла береді.  Сондықтан бұл қиындықты да педагогтар қауымымен бірлесе еңсереміз деген ойдамыз.

Айдос Абпазов, Түркістан ++++++++++++++++++++++++++++жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінің директоры: -Киелі Түркістан шаһарындағы білім орындарының қарашаңырағы болып саналатын оқу орны – білім мен біліктің, тәрбие мен мәдениеттің ошағы.

Бүгінгі Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі – уақыт талабына сай заманауи оқу орны. Шәкірттерді білімге, ізгілікке тәрбиелеуге бейімделген бірнеше мамандықтар бойынша маман даярлап, дәріс беріледі.

Колледжде оқу-ақпарат орталығы нәтижелі қызмет етеді. Электронды оқу залы қазіргі заман талабына сай жабдықталып, интернет жүйесіне қосылған. Білім алушыларды ғылыми зерттеуге ынталандыру, олардың кәсіптік іскерліктерін дамыту, білімдері мен дағдыларын тәжірибеде қолдануға жағдай жасау, дарынды білім алушыларға қолдау көрсету мақсатында түрлі үйірмелер мен орталықтар жұмыс жасайды.

Қазіргі таңдағы колледж миссиясы төмендегі бағытқа негізделген: Инновациялық дамудың қажеттілігі мен міндеттеріне сай, өңірдің өзгерген, әлеуметтік-экономикалық жағдайында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кәсіби машықтанған, бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды даярлау.

Бүгінгі таңда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесі әрдайым басты назарда. Елімізде кәсіптік білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына өзгерістер енгізілуде. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – білім алушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым – қатынасқа түсу, жеке, топпен, топқа, жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді игерту.

Колледжімізде мамандықтар қоғамдық – гуманитарлық және жаратылыстану – математикалық бағытқа негізделуде. Педагогтарымыздың 80%-ы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша арнайы біліктілік курстарынан өтті. Сонымен қатар, құзыреттілікке бағытталған модульдік тәсілдеме негізінде құрылған білім бағдарламаларын жүзеге асыруды ұйымдастыру мақсатында БҒМ тапсырмасымен «Талап»КЕАҚ холдингінің курстарында біліктіліктерін арттыруда.

Білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеп шығару, биік белестерді бағындыру – колледжіміздің мақсаттарының бірі. Қазіргі таңда экономикалық – нарықтық сұранысқа ие «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» және «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтарына білім алушылар тарапынан қызығушылық артуда. Сәндік қолданбалы өнерді дамыту, қол өнер бұйымдарын матадан, тері мен жүннен жасау, қыштан бұйымдар жасап шығару біліктіліктерін игеруде жүйелі жолға қойылған.

Шаһарымыз облыс орталығына айналғалы бері туристік әлеуеті артуда. Осы тұрғыдан алғанда туристік қызмет көрсету, саяхаттау, саяхат жүргізушісі біліктіліктері бойынша да мамандар даярлануда. Елбасы атап көрсеткен, «Баршаға тегін кәсіптік – техникалық білім беру» жобасы аясында білім алушыларға үлкен қолдау көрсетілуде.

Эльмира Артықбаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Ақпарат орталығының журналисті: –  Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне 2020-2021 оқу жылына 2000-нан аса студент қабылданды. Нақтырақ айтсақ – 2192 студент. Оның ішінде: мемлекеттік грант – 903, ақылы негізде – 526, Түркия квотасы бойынша: Ясауи олимпиадасы – 52,   1-курс – 373, дайындыққа – 338. Түркия квотасының ішінде 20 орын – жетім балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына, 20 орын – спорт жеңімпаздары  мен  жүлдегер-леріне берілді.

  Жалпы бакалавриат бойынша 1854 студент 1- курсқа қабылданса, дайындық факультетіне – 338 білімгер қабылданды.  «Жалпы медицина» мамандығы биыл да ең көп сұранысқа ие болса, одан кейінгі орындарда «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» мен «Стоматология» мамандықтары тұр.

Тілші түйіні:  Мақала дайындау барысында біздің де байқағанымыз,  биылғы түлектердің біршамасы медицина мамандығын таңдағаны анықталды. Оған коронавирус тараған уақытта дәрігерлердің белсенді еңбегі оң әсер еткен болар. Одан кейінгі педагогика саласы, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу және есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету ма­ман­дықтарымен келешегін байла­ныстырған талапкерлер көп.

Ендеше, оқыған мамандығымызбен жұмысқа орналаса алмай, әр есікке телміріп жүрмес үшін мамандыққа деген көзқарасымызды өзгерткен абзал. Яғни, мамандық дегеніміздің сән еместігін, оның біздің өмірімізде, ел экономикасының дамуында маңызды рөл атқаратындығын жадымызда ұстаған жөн.

Қалай десек те, біздің түлектер өз таңдауларын жасады. Ең бастысы, білікті мамандар даярланып, елге адал қызмет етсе болғаны. Қалғаны уақыт көшіндегі іс.

Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы