Ел үшін еңбек еткен ерлердің қызметі әрқашан ел есінде болатыны хақ. Қазіргі әлем халқына қатар төнген қиын кезеңде біраз өзгерістер болып жатқанын көріп келеміз. Елімізде де көп шаралар кейінге қалдырылып, ойын-күлкі кезеңі артта қалғандай елес береді.
Еңбек өтілінің алғашқы кезеңінен бері ел дамуына үлес қосып, білім саласын өз деңгейінде біраз сатыға жоғарылатқан өз саласының үздігі Пернетай Досыбеков марапатқа ие болды. Конституцияның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұзақ жылдар бойы қаламыздағы білім ордаларында басшылықта болған, қазіргі таңда қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Пернетай Досыбеков «Республикалық Халықтар достығы» медалімен наградталды.
Өз иесін қатесіз тапқан марапатты алуға Пернетай ағамен Ескі Иқан ауылына жолға шықтық. Жол бойы ағамыз ескіден дәріс оқып, өзінің еңбек тарихын да айтып отырды. Медальді алуға неге бұл ауылға бара жатқанымызды сұрадық. Пернетай аға әңгімесін бастады:
– 2000 жылы менің еңбек тарихымда үлкен оқиға болды. Сол уақытта қаламыздағы кәсіби көпсалалы оқу ордасын басқарып тұрған шағым. Облысымызда тағы бір колледждің іргесін қалау мүмкіндігі туды. Сонда мен ол мектепті осы Ескі Иқан елді мекенінен ашуды жөн санадым. Оған себеп те жоқ емес. Балалығымның көп уақыты осы ауылда өткен еді. Оқушы кезімізде жазғы демалыстан күз айына дейін осында болып, мақта теретінбіз. Сол себепті бұл жер маған жат емес, керісінше ыстық саналатын,- деп ағамыз үнсіз ойға шомды. Пернетай ағаның әңгімесінен орны бөлек марапатты өзі ашқан қарашаңырақта тапсыруды дұрыс көргенін ұқтық.
Ауылға келіп, алыстан менмұндалап көрінетін еңселі оқу ордасына беттедік. Білім мекемесінің табалдырығын аттай бере қызметкерлері ескі достарын көргендей қуанып, жайдары қарсы алды. Арнайы жиналыстың ортасынан қосылған Пернетай ағаны қошеметпен ортаға шығарып, көптен күткен марапатын да тарту етті. Жиналысқа қатысушыларға Пернетай аға рахметін айтып, сөз сөйледі. Көпті көрген ағамыздың сөзін тыңдап отырған қызметкерлердің көздерінен алғыс пен құрмет көргендей болдық. Біз де марапаттың қатесіз өз иесін тапқанына қуандық.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.