«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҚОРЫҚ МУЗЕЙІ КЕЛУШІЛЕРГЕ ЕСІГІН ҚАЙТА АШТЫ

852 көрілім

Қаламыздың көркіне көрік қосып қасиетін арттырып тұрған басты нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Шаһар өңіріне келген туристердің бірден бір межесі де осы жерге келіп тірелетіні анық. Осы ретте атаулы нысан төрткүл дүниеден келуші саяхатшылардың түйісер нүктесі секілді көрініс береді. Солай да.

         Пандемияның салдарынан әлем әбігерленіп, көп елдер шекараларын бекітіп, барыс-келіс азайған еді. Осының себебінен туристік елдердің экономикасы ортаға түсіп, саяхатшыларға жағдай жасау арқылы табыстың көзін тапқан мемлекеттердің жағдайы тұралап қалғаны бар. Пандемияның салдары бізді де айналып өтпеді. Қаламыз облыстың орталығы болып, Ясауи кесенесін бейнемізге айналдырып туристердің орталығы боламыз дегенде аты жаман вирустың жағадан алғаны жасырын емес. Елімізде карантин уақыты басталғалы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық – музейі келушілер үшін есігі жабық болды. Статистикалық мәліметтердің есебіне сүйенсек, 2019 жылы келуші туристердің саны 1 млн 148 мың адам болса, осы жылдың қаңтар айы мен наурыз айының аралығында 81 мың 944 саяхатшылар келген.

Қазіргі таңдағы пандемиялық ахуалдың оңтайлануына байланысты қыркүйек айынан бастап тарихи музей келушілер үшін есігін қайта ашты. Осы орайда пандемиядан кейінгі уақытта тарихи-мәдени қорық саяхатшыларды қалай қабылдайды? Қандай өзгерістер бар екенін көріп қайттық.

         Қыркүйек айының 2-нен бастап жұмысын бастаған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық – музейінде туристердің денсаулығын сақтау үшін сақтық шараларына баса назар аударылған. Кіреберісте дезинфекциялау аймағы жасалып, маска киіп жүру міндеттелген. Кесене бөлмелерінде адам санының қатары көбеймес үшін, арнайы күту залы жасалған. Сонымен қатар арақашықтықты сақтайтын белгілер сызылып, ескертпе тақталары да орнатылған. Гид қызметкерлерінің айтуынша карантин уақыты адамдарды көп нәрсеге үйреткен. Кесенеге келуші саяхатшыларға көп нәрсені түсіндірудің қажеті жоқ, бөлмелерде барлығы көрініп тұр. Және мұның барлығы сақтық шаралары үшін сонымен қатар сенімділік орнату үшін жасалып отыр.

 – «Әзірет Сұлтан» қорық – музейі 15 наурыздан бастап жұмысын тоқтатқан болатын,- дейді «Әзірет Сұлтан» қорық – музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков. – Қазіргі уақытта біз 28 тамыздағы облыстық бас санитардың қаулысы негізінде музей аумағының толық сақтық шараларына сай екені жөнінде акт қағазын алып жұмысымызды бастадық. Жыл сайын жасалатын өз есебімізге сүйенсек көктем және күз айларында келушілер қатары арта түседі. Көктем мезгілінде барлығыңызға белгілі карантин кезеңі болды сондықтан алдағы уақыттарда барлық сақтық талаптарына сүйеніп жұмыс атқарсақ, туристердің саны көбейеді деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта барлық қызметкерлер өз жұмыстарына кіріскен, атап айтсақ кесене ішінде гид қызметкерді, экскурсоводтарды қосқанда жалпы саны 25 жұмысшы бар. Біздің қызметкерлер ауысыммен жұмыс атқарады сонымен бірге түскі үзіліссіз еңбек етеді,- деді Мұрат Мейірбекұлы.

         Айта кетейік, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жарықтандырылатынын да айтқан еді. Қазіргі уақытта нысан аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірген қасиетті мекеннің қабырғалары алыстан жарқырап көзге түсетін болады.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы