Партиялық бақылау – халықтың мұң-мұқтажы

609 көрілім

Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналған «Nur Otan» партиясының азаматтық қоғамда орны бөлек. Еліміздің қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы жоғарғы халықаралық беделге ие болуында халықтың сенімді саяси ұйымы бола білген «Nur Otan» партиясының алар орны ерекше. Ұдайы халықтың ортасынан табылып, сенімін ақтауға тырысқан «Nur Otan» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – партияның болашаққа бағыт сілтейтін темірқазығы.

Бүгінде облыс орталығы экономикасының қай саласында болмасын ілгерілеу бар. Оң өзгерістер медицина саласында, кәсіпкерлікті қолдау индустриялық-инновациялық даму бағытында да іске асырылып келеді. Реформалар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуының нәтижесінде бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік қауымдастыққа танымал, айтар сөзі, айшықты ойы, қосар үні бар, орныққан мемлекетке айналды. Осы жетістіктерге жетуге, біріншіден, қазақстандықтардың саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді, бірлікті, бейбітшілікті таңдауы себеп болды. Бұл – отандастарымыздың болашағымыздың жарқын болуына қосқан үлестерінің оң нәтижелері.

Мен осы партияның алғашқы мүшелерінің бірімін. «Nur Otan» партиясы құрылғаннан бері біздің ардагерлер де белсенділік танытып келеді. Олар елдік мәселелерге үн қосып, жастар тәрбиесіне де үлкен мән беруде.
Елбасы төрағалық ететін партияның ең басты мақсаты – ұлт Тәуелсіздігінің тірегі болу, ел еркіндігін нығайта түсуге күш салу болып табылады. Өйткені, нұрлы болашаққа жол бастаған «Nur Otan» – бүгін де халқының қамын, жұртының мұң-мұқтажын, жастардың болашағын әріден ойлаған жетекші партия.

Мемлекетімізде әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар, еліміздің саяси өмірінде де оң өзгерістер бой көрсетіп, жаңа технологиялар мен тәсілдер айналымға енуде. Солардың бірі, батыс елдерінің сайлау тәжірибесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан партиялық праймериз ұғымы.

Праймериз туралы Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылы наурыз айында өткен партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деген болатын. Осылайша халықаралық тәжірибеде мойындалған партияішілік іріктеу тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып «Nur Otan» партиясы қолданысқа енгізуде.

Бүгінде партия тарапынан халықпен кері байланыс арналарын орнатуға ерекше назар аударылуда. Праймериз тәсілі арқылы партия жаңа «әлеуметтік лифт» қалыптастырмақ яғни, алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғаларды іріктеп алмақ. Осы орайда Nur Otan партияішілік іріктеуді ашықтық пен жариялылық қағидаларына сай өткізуді жоспарлап отырған өрелі бастамаға қолдау көрсетейік.

Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,
Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы