КАРАНТИНДІ САҚТАМАҒАН БАСШЫЛАР ҚАМАУҒА АЛЫНУЫ ДА МҮМКІН

825 көрілім

Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев пен аудан әкімі жанынан құрылған «Жетісай Адалдық Алаңы» кеңсесінің жетекшісі бастаған жұмысшы топ өкілдері қаладағы дәріханалар мен сауда нүктелерін, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен базарларды аралап, елдегі енгізілген карантиндік режимнің, санитарлық талаптардың сақталуын қадағалады.
«Арзан Фарм» дәріханасынан бастау алған шара қаладағы «Мечта», «Сулпак» сауда орталықтарында, «Күлпаршын Ана», «Қарақай» базарларында, кафелер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында жалғасты.

Дәріханаларды аралау барысында дәрі-дәрмектердің шектік бағалардан аспауы, фискальді-чек беру, сұранысқа ие дәрілердің тапшылығын болдырмау мәселелері айтылып, сауда орталықтары мен базарлардағы маскалық режимнің, арақашықтықтың сақталуын басты назарға алды.
Сонымен қатар, аудан басшысы қаланы аралау барысында көшелердегі ретсіз тасталған тұрмыстық күл-қоқыстардың уақытылы алынуын да назардан тыс қалдырмады.

«Біз үшін қазіргі таңда ең бастысы – сақтық шараларын қатаң сақтау. Тәртіпке бағынып, талаптарды сақтасақ індетті жеңіп шығамыз. Мемлекет індетті еңсеруде бар мүмкіндіктерді жасап жатыр. Сіздер мен біздер бекітілген ережеге мойынсұнып, талаптарды орындауымыз керек. Ережеге бағынбағандар заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады, қажет болса қамауға да алынады» деді аудан басшысы.
Айта кетейік, аудан басшысы нысандарды аралау барысында карантиндік режимі сақталмаған базар басшыларына максималды түрде айыппұл салуды, қажет болған жағдайда қамауға алу туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.

Бауыржан НАЙМАНОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы