Шорнақ ауылдық округiндегi «Қызыл Әскер» жалпы орта мектебiнiң бiтiрушi түлектерi үлкен сауапты iске мұрындық болды. Олай дейтiнiмiз жылда мектеп бiтiрушiлерi бiлiм ордасымен қоштасу кешiн өткiзудi дәстүрге айналдырғаны белгiлi. Аталмыш мектептiң басшылығы мен ата-аналар балаларына сауық-сайран етiп жүргеннен гөрi сауапты iске бетбұрып, халыққа ауызашар берудi жөн деп санапты. Осы орайда игiлiктi iстiң басы-қасында жүрген азаматтармен сұхбаттасқан болатынбыз.
Төрехан ӘБДIРАЗАҚОВ, «Сунақата» мешiтiнiң бас имамы: – Қасиеттi Рамазан айында осындай сауапты iстi қолға алып отырған «Қызыл Әскер» мектебiнiң бiтiрушi түлектерiне, сондай-ақ ұйымдастырушы мектеп ұжымына алғысымызды бiлдiремiз.
Диларам БЕГМЕТОВА, «Қызыл Әскер» жалпы орта мектебiнiң директоры: – «Қызыл Әскер» жалпы орта мектебiн биылғы жылы 105 оқушы бiтiруде. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бiтiрушi түлектерiмiз ата-аналардың қолдауымен жергiлiктi тұрғынға ауызашар берiп жатқанын бiз қолдаймыз.