ӨРТТЕН ЖАПА ШЕККЕН ОТБАСЫҒА КӨМЕК

851 көрілім

Жарылқасын Әзіретбергенов төрағалық ететін облыстық ақсақалдар алқасы Әл Фараби көшесіндегі кәсіпкер Нұриддин Шамшиевтің тегін қайырымдылық дүкенінде орын алған өрттен жапа шеккен отбасыға көмек көрсетті. Түркістан қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков көшесіндегі №25 үйде таңертең электр желісі ақауынан шыққан өрттен үй толық жанып кеткен.

Жеті перзентті тәрбиелеп отырған отбасы әп-сәтте баспанасыз, киім-кешек, азық-түліксіз қалды. Тіпті құжаттары да өртеніп кеткен. Осы оқиғадан хабардар болған ақсақалдар алқасы тез арада көмек қолын созып, өрттен залал көрген отбасыға киім-кешек, азық-түлік тағы басқа тұрмысқа қажетті заттар арқылы көмек көрсетті.

Атап айтсақ, ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Жұмаділла Кішібаев, №8 мөлтек аудан төрағасы Ғайбулла Алиакбаров, кәсіпкер Мырзахан Файзиев, қадірменді ақсақал Толқын Сайтмұратовтар көмек қолын созды. «Нұр Бағжан» ЖШС-нің төрағасы Жақан Оңғар отбасыға баспана салынса табиғи газды тегін қосып беруді өз міндетіне алды. Тілсіз жаудың кесірінен шығынға ұшыраған А.Аманулла мен А.Перизаттар көздерінде жас толып қолы ашық жомарт жандарға шексіз алғыстарын білдірді.

– Өткен алты ай мерзімінде облыстық ақсақалдар алқасы өрттен жапа шеккен 11 отбасыға көмек көрсетіп, мол сауапқа кенелді. Мұндай қайырымды істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ, – дейді Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов. Сын сағаттарда отбасылардың қайғыларымен бөліскен ақсақалдарымызға алғысымыз шексіз.

Шамырза МАДАЛИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы