Бүгін шаһардағы сауда орталықтары мен базарларға, қоғамдық тамақтану орындарына рейд жүргізілді.
Карантин талаптарының орындалуын бақылауды және халыққа түсіндіруді мақсат еткен шараға Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен қалалық басқарманың қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдарының мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Қуаныш» сауда базарынан басталған рейд барысында облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес карантиндік шаралардың сақталуын, барлық қажетті жеке қорғану құралдарының, бетперде, қолғаптардың және қолды өңдеу құралдарының болуы, адамдардың арасында әлеуметтік қашықтықты сақтау ережелері тексерілді. Ал талаптарды орындамағандарға ескерту беріліп, қайталанған жағдайда заңдық талаптарға сай шара көрілетіндігі қатаң түрде ескертілді.
Еске сала кетейік, облыс аумағы бойынша карантин уақыты індет тұрақтанғанша ұзартылған болатын.
Үмітбек БАҒДАТ.