Халқының саны 80 мыңға жуықтаған Шардара ауданы тұрғындарының тең жартысы Шардара қаласында қоныстанған. Бүгінде аудан орталығында орналасқан 75 көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторларда тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, қарқынды жүргізілуде. Нақтырақ айтар болсақ, аудан басшысының тапсырмасымен қала тазалығын сақтауға 100 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 1983 жылы салынған қаладағы ескі кәріз жүйесі толықтай тазаланып, қалпына келтірілуде. Сонау Кеңес заманында қолданысқа берілген ескі жүйе 2014 жылы жаңа кәріз жүйесі алмастырған болатын.
Жаңа жүйе Шардара қаласының қыратта орналасуына байланысты КНС-1, КНС-2, КНС-3 және КОС болып бірнеше бағыттарда жұмыс жасап, қала тұрғындарының 27 пайызын толық қамтып отыр. Ал, ескі жүйе іске қосылса қала тұрғындарының 35-40 пайызға жуығы кәріз жүйесін пайдалануға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде бюджеттің қаржысын үнемдеп, қосымша табыс табудың алғышарттары.
Жалпы алғанда республикалық қазынадан қаралған 1 млрд 200 млн теңгеге салынып, іске қосылған кәріз жүйесі сағатына 2 мың текше метр сарқынды су қабылдауға қауқарлы. Бұл дегеніңіз орта есеппен 600 мыңға жуық тұрғынға есептелген деген сөз. Шведтік технологиямен жасалған жүйенің жұмысына бүгінде немқұрайлы қарайтындар да жиі кездеседі екен.

«Біз қазір мүмкіндігінше халықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысып жатырмыз. Себебі, тұрғындар арасында кәріз жүйесін пайдаланудың ережесін сақтай бермейтіндері де көп – ас-ауқатының қалғанын төгіп, балалардың жөргектерін (памперс) тастайтындар бар. Олар трубаларға тығылып, сарқынды су сыртқа тасиды. Елдің арасында наразылық туындайды»,-дейді «Шардара сервис» КММ директоры Құрманғазы Акбаров.
Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын жарамды күйде қалған ескі кәріз жүйесін тазалауда кездескен қиындықтардың тағы бірі – кезінде қала аумағын кеңейту жұмыстары жүргізілгенде трубалардың біразы жеке тұрғын үй секторларының аумағында қалып қойған. Сарқынды су құдықшалары ескіріп, жарамсыз күйде қалған. «Шардара сервис» мекемесі қызметкерлерінің табанды еңбегінің нәтижесінде жарамсыз жабдықтар толық ауыстырылып, кемшіліктер жойылған.
Бауыржан НАЙМАНОВ.