(Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Р.Балабиевтің кезектен тыс қырық тоғызыншы сессиясындағы баяндамасы)
2019 жылы облыстық мәслихат қызметін ұйымдастыру, депутаттардың сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде
Құрметті Өмірзақ Естайұлы!
Құрметті сессияға қатысушылар!
2019 жыл облысымыз үшін қиындығы мен жетістігі қатар жүрген күрделі жыл болды.
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының батыл да ширақ іс-қимылының, білікті басшылығының арқасында Арыс қаласы қысқа ғана уақыттың ішінде қалпына келтіріліп, қайта даму жолына түсті.
Осындай қарбаластармен бір мезгілде Түркістанды да жаңа заманмен үндестіре түлету, көне шаһарға жаңаша тыныс беру, сондай-ақ облыстың экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыстар толассыз жүргізілді.
Міне, бүгінде бүкіл түркі әлемі назар аударған қасиетті қара шаңырағымыз Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, қарқынды даму үстінде.
Оның келешегі кемел, ертеңі еңселі болатынына біз кәміл сенеміз, өйткені қастерлі қаланы жарқын болашаққа бастаған бүгінгі ұлан-ғайыр өзгерістердің басында Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тұр.
Облысымыздың басшысы ретінде Өмірзақ Естайұлы, жергілікті атқарушы органдардың алдына халқымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру, елдің экономикалық әлеуетін нығайту, қоғамның тұрақтылығын сақтауға бағытталған міндеттер қойып, күрделі мәселелердің оңтайлы жолын тауып, тиімді шешімдер қабылдады.
Өздеріңіз көріп, біліп отырғандай Түркістан бүгінде алып құрылыс алаңына айналып, ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Құрметті қауым!
Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін жергілікті өкілді орган.
Мәслихат өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырады.
2019 жылы облыстық мәслихаттың 12 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 124 шешім қабылданды.
Атап айтқанда, облыстың бюджеті туралы, оның атқарылуы, өңірдің даму бағдарламалары мен жоспарлары, әкімшілік-аумақтық бірліктері, Түркістан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Түркістан қаласының Бас жоспары, атқарушы органдардың есептері және тағы басқа да мәселелер қаралды.
Қабылданған әр бір шешім алдын-ала міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды.
Жалпы, 2019 жылы облыстық мәслихаттың бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының 12 отырысы өткізіліп, 50 мәселе қаралса, кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналдық саланы дамыту жөніндегі комиссияның 11 отырысы өткізіліп, 43 мәселе қаралды.
Сол сияқты, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комиссияның 11 отырысы өткізіліп, ол жерде 50-ден астам мәселе қаралды.
Мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясы 10 отырыс өткізіп, 48 мәселені қараса, аумақтардың дамуы және табиғат пайдалану жөніндегі комиссия 11 мәжіліс өткізіп, 50 мәселені қарады.
Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары өңірдің дамуына, қоғам өміріндегі түйіткілді мәселелердің оң шешім табуына белсене қатысып, облыстық мәслихат шешімдерінің орындалуын тұрақты бақылауларында ұстауда.
Өткен жыл ішінде облыстық мәслихат сессияларында 2019 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар уақтылы енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті 7 рет нақтыланды.
Облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесінде бюджеттің жалпы көлемі 744 млрд. теңгені құрады. Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді.
Атап айтқанда, 2019 жылға білім саласын қолдауға 270,3 млрд.теңге, денсаулық сақтау саласына 20,3 млрд. теңге, әлеуметтік қамсыздандыру саласына 82 млрд.теңге қарастырылды.
2019 жылы облыстағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 103 нысанның құрылысына 17,9 млрд. теңге, 54 табиғи газ нысанының құрылысына 19,3 млрд. теңге, электрмен қамтамасыз ету саласы бойынша 24 нысанның құрылысына 8,4 млрд. теңге бағытталды.
Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бюджет есебінен жалпы 29,9 млрд. теңге қарастырылды.
Осы тұста айта кететін мәселе Арыс қаласын қалпына келтіруде барлық мемлекеттік органдармен бірдей Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары да белсенді атсалысты.
Халық қалаулылары зардап шеккендерге өз есептерінен 65 милионнан астам теңгеге, оның ішінде 45 млн. теңгеге заттай көмек көрсетіп, арнайы шоттарға 20 млн. теңгеге жуық қаржы аударды.
Облыстық мәслихат аппараты қызметінің маңызды бағытының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс.
2019 жылы жеке және заңды тұлғалардан барлығы 43 өтініш келіп түскен, оның ішінде 38-сі жеке тұлғалардан, 5-і заңды тұлғалардан. Барлық келіп түскен арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қоғаммен өзара байланысты құру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыру қажеттігі» туралы бірнеше рет атап айтқан болатын.
Облыстық мәслихат депутаттары халықтың түрлі топтарымен тұрақты негізде кездесулер өткізіп, сайлаушыларды жеке мәселелері бойынша арнайы қабылдаулар ұйымдастырып отырады.
2019 жылы жалпы облыстық мәслихаттың 43 депутаты 289 жеке қабылдау өткізіп, 1139 сайлаушыларды қабылдаған. Орта есеппен әр депутат 25-30 азаматты қабылдап, мәселелерінің оң шешілуіне ықпал еткен.
Сонымен қатар, депутаттарымыз есепті кезеңде өз сайлаушыларымен 450 кездесу өткізген.
Бұдан бөлек ел ішіндегі түрлі бас қосуларда, жиындарда тұрғындармен үнемі бірге болып, кездесіп отырады.
Осындай жеке қабылдаулар мен кездесулерде халықтың сұранысына ашық және жедел ден қою, кері байланыс орнатуға баса мән берілуде.
Мәслихат өкілді орган ретінде халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдап, оның орындалуын үнемі бақылауда ұстап отырады.
2019 жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарға 411 депутаттық сауал жолданған. Оның 314-і қанағатандырылып, орындалған. Ал, қалған 97-сі орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген.
Жалпы 411 депутаттық сауалдың:
– 10,7 пайызы жол саласына,
– 10,4 пайызы білім саласына,
– 8,0 пайызы коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй саласына,
– 7,3 пайызы денсаулық сақтау саласына,
– 6,8 пайызы құрылыс саласына,
– 5,1 пайызы әлеуметтік салаға қатысты мәселелер.
Сонымен қатар, 2019 жылы облыстық мәслихат аппаратының кеңсесіне 1148 құжат келіп түсті. Келіп түскен кіріс хат-хабарларды қабылдау, талдау, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзыретіне кіретін мәселелер бойынша 1105 шығыс хат-хабарлар жолданды.
Құрметті сессияға қатысушылар!
Баршаңызға белгілі, өткен 2019 жыл еліміз үшін саяси оқиғаларға бай жыл болды.
2019 жылдың 9 маусым күні Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті.
Еліміздегі аса маңызды саяси науқанда депутаттарымыз сайлау науқанының жоғары деңгейде өткізілуіне бір кісідей атсалысты.
Еліміз үшін сын сағатта біз жоғары саяси мәдениетіміз бен биік азаматтық жауапкершілігімізді тағы да бір дәлелдедік.
Еліміздің кемел келешегі жолында «Жергілікті халық – халық қалаулысы – атқарушы билік органдары» үштік одағы өзінің іс жүзіндегі дәрменділігі мен тиімділігін тағы да дәлелдеді.
Сонымен қатар, былтырғы жылы республикалық деңгейде мәслихаттардың 25 жылдық мерейтойы атап өтілді. 25 жыл бойы халықпен бірге және халық үшін жұмыс істеп келе жатқан мәслихаттар институты тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауда өз қолтаңбасын қалдыра білді.
Бүгінде мәслихаттар халық пен билік арасын жалғап, өңірдің дамуына бағытталған істерді келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды.
Облыстық мәслихат аппараты 2019 жылы мәслихаттың құрылғанына 25 жыл толу мерейтойына орай «Түркістан облыстық мәслихаты: тарих белестері және жарқын жеңістер» атты кітапты әзірлеп шығарды.
Бұл кітап өкілді орган ретінде Түркістан облыстық мәслихатының Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі жаңа кемел Қазақстанды қалыптастыру тарихындағы еңбегі мен рөлін, оның өңір экономикасын дамытудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы қомақты үлесін жұртшылыққа жария етіп, Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының жүріп өткен жолын, қайраткерлігі мен жасампаз еңбектерін кеңінен насихаттайды.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат аппараты облыстық мәслихаттың жыл бойында атқарған жұмыстары туралы тұрақты түрде оның ресми сайтында жариялап отырды.
Облыстық мәслихаттың сессияларында, тұрақты комиссиялардың мәжілістерінде қаралған мәселелер дер кезінде көпшіліктің назарына ұсынылды.
Мәслихаттың осы ресми сайтында облыстық мәслихат депутаттарының әрқайсысына жеке парақша арналған, олардың сайлаушылармен кездесуі, атқарған жұмыстары жайлы ақпараттар жүйелі түрде жарияланып отырады.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Бұл күндер өңіріміз былай тұрғанда, еліміздің тарихында ғасыр құрылысы болып жазылары сөзсіз.
Өңірдің нақты жылдармен салыстырғандағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, шаруашылықтың түрлі салалаларындағы өсімі жоғары. Осы атқарылып жатқан игілікті істердің барлығы облыс басшылығының басқаруымен болып жатыр. Қас қағым мерзімде ғасырға татитын жұмыстар атқарылып жатыр.
Осы тұста облыстық мәслихат депутаттарының да қосқан үлесі зор деп білемін.
Түркістан облыстық мәслихаты заңнамамен берілген өкілеттіктерді тиімді қолдана отырып, алдағы уақытта да жалпы мемлекеттік міндеттер мен халық мүддесі жолындағы жұмысын әрі қарай белсенді жалғастыратын болады.
Құрметті Өмірзақ Естайұлы! Құрметті депутаттар! Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда облысымыз күрделі жағдайды бастан өткеріп отыр. Арыстағы жарылыстардан соң туындаған қиындықтарды бүкіл ел болып еңсеріп, ендігі жерде әлемді, оның ішінде Қазақстанның барлық өңірлерін дүр сілкіндірген короновирус індетімен күресіп жатқан шақта, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданының Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарын топан су басып, мыңдаған адам баспанасыз, алғашқы кезекте қажет заттарсыз қалды. Онымен қоймай, «Жығылғанға – жұдырық» демекші, қатарынан жауған нөсерлі жауынның салдарынан Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам аудандарының кейбір елді мекендерін сел басып, жүздеген үйлерді су басып, бірнеше көпірді жуып кетті. Осы тұрғыда Ел Президенті, Үкімет және облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің тарапынан өңірдің қалыпты өмір тіршілігін қайта қалпына келтіру жөнінен барлық қажетті шаралар қабылданып отыр.
Осындай қиын-қыстау Сіздер халықтың таңдауы түскен нағыз азаматтар ретінде өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, қолдарыңыздан келгенше қаржылай қаражат түрінде де, материалдық көмек түрінде де үлкен қолдау көрсетіп отырсыздар. Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз бен ұстанымымыз сыналатын жауапты шақта Сіздер шетте қарап қалмастан, биік азаматтық рухтарыңызды дәлелдей білдіңіздер. Ол үшін Сіздерге мың да бір алғыс айтамын.
Короновирус індеті кезінде халыққа қолдау көрсету мақсатында, біз облыстық мәслихат депутаттары республикалық арнайы шотқа 150 млн. теңге аударып, 10 млн.теңгегеге азық-түлік таратып бердік. Жалпы алғанда, 160 млн.теңгенің көмегі көрсетілді.
Мақтаарал аданындағы төтенше жағдай кезінде депутаттық корпус, оның ішінде аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, тұрғындарға 31 млн. теңгенің азық-түлігін, киім-кешегі мен төсек-орнын алып бердік.
Біз Арысты қалпына келтірген кездегідей өзіміздің ауызбіршілігіміз мен ынтымағымызды кезекті рет дәлелдедік.
Халықтың тағдырына шынайы алаңдаушылық танытып, қол ұшын созғандарыңыз үшін Сіздерге тағы да шексіз ризашылығымды білдіремін!
Мұның барлығы өткінші, уақытша қиындықтар. Бүгіннің өзінде өмір өзінің қалыпты арнасына түсіп келеді.
Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет!
