ЖЕТІМІН ЖЫЛАТПАҒАН ХАЛЫҚ ЕДІК

1  122 көрілім

Кейінгі кездері қоғамда баласынан безген безбүйрек ата-аналар қарасы көбейіп келеді. Өзінің бауыр еті баласын саудаға салып, әлеуметтік жағдайын алға тартып жетімдер үйіне өткізу жағдайлары да жоқ емес.

Керек болса ішімдік пен нашақорлықтың соңына түсіп, ақыр соңында балалар зардап шегіп жататын жәйттер де көптеп кездесіп жатады. Бұл жерде жауапкершілік дейтін дүниенің болмауы адамды қынжылтады. Бес саусақтың бірдей болмағаны секілді әртүрлі адамдар ортамызда өмір сүріп жатыр. Біздің білетініміз балаларға ат үсті қарайтын тобырлар саны көбейсе де, жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ қайырымды жандар легі де жетерлік.

Осылай нық сеніммен айтуымыздың өзіндік себептері бар-ды. Былайша айтқанда балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа, тәрбиеге алуға ниет білдірушілер көп. Тіпті асырап алушылар санының жылдан-жылға артып келе жатқаны да ақиқат. Бұл күндері Қазақстан Республикасының жетім балалардың және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып отыр. Осы заңдық нормалар бойынша атқарылып отырған бастамалар нәтиже беруде. Нақтылап айтқанда қоғамдағы жетім балалар санының артпауына септігін тигізіп жатыр деуге болады.

Арыдан бағамдап, терең саралар болсақ бүгінгі ұрпақ ертеңгі келешек. Баланың есейіп елін, жерін қорғайтыны ұлы жаратылыс. Міне осы тұрғыдан жетім қалған балалар саны артса, ел қорғаны болар азамат саны кемиді. Ата-анасыз өскен бала қоғамның қалдығына айналады деген сөз емес, бірақ жетімдік қамыты қашанда қауіпті. Сондықтан да ата-ана болған сіз бен біз ұрпақ қамын ойламасақ, олардың болашағына балта шапсақ не болмақ. Кемінде әрбіріміз өз ісінің иегеріне, жауапкер азаматына айналсақ сол бағалы. Осы жолда өз балаларымыздың құқығын, өмірін, денсаулығын және қауіпсіздігін қорғауды терең сезініп, шынайы түйсінсек нұр үстіне нұр болар еді.

Адамилық тұрғыдан қарасақ та ата-аналық көзбен назар аударсақ та балаға қамқорлық жасау міндетіміз. Қашанда қоғамдағы азамат ретінде әртүрлі себеппен жетім қалған балаларға қамқор болып, ізгілік жасауды естен шығармағанымыз ләзім. Ал жауапкерсіздік және енжарлық дейтін дүниенің ұлттық болмысымыздан жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай келген елдігімізге сын екенін ұмытпағанымыз жөн.

Құдайберген ШЕРБАЕВ,

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы