Әліпбек Өсербаев ағаны бұл пәни өмірден өтті дегенге сене алмай жүрмін әлі…
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ұлы Абай айтқандай, туған қаласының өркендеп дамуына жанын аямай қызмет етті. Әкем ақиық ақын Қаныбек Сарыбаев «Тіріден де тірі» деп жырлап өткендей, Әліпбек Шәріпбекұлы мен үшін тіріден де тірі…
…2012 жылы журналистер күні қарсаңында біздің «Түркістан» газеті редакциясына қала әкімі Әліпбек Өсербаев ағамыз арнайы келіп, редакция қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, ұжымға компьютер тарту етті. Сол күн әлі есімде. Иә, ол кезде ұжым қызметкерлері ескі компьютер пайдаланатын. Жаңа заманауи үлгідегі компьютерді сыйға тартқан Әліпбек аға барлығымызға барлай қарап тұрып: «Араларыңызда бір қызбала бар екен. Мына компьютерді Ләззат қарындасым пайдалансын» деп айтқанда жүрегім жарылардай қуанған едім. Содан бері де 8 жылдан аса уақыт өтіпті.
Әліпбек аға сыйға тартқан компьютерде өз мақалаларымды жазып, шығармашылығымды арттырып келемін. Алайда, Әліпбек аға туралы еске алуды өзі сыйға тартқан компьютерде жазып отырғаным жаныма шеңгелдей батып, жүрегім езілуде. Негізі, адамзат баласына туған-туысқандарынан басқа жан жүрегіне жақын адамдары көп бола бермейтіні анық. Әсіресе, соның ішінде, билік саласының адамдарының ішінен. «Ұлық болсаң кішік бол» дегендей, Әліпбек ағамыз барша түркістандықтардың жан жүрегіне жақын адам еді. Іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттері өз алдына, кез келген адам баласымен тіл табысып қана қоймай, сол адамның жүрегінен орын таба алатын ерекше қасиеті бар.
Әкем Қаныбек Сарыбаевтың 75 жылдығы қарсаңында қала әкімі қабылдауына жазылып, негізгі мақсатым кітап шығару туралы көмек сұрап жалпы бөлімге хат қалдырған болатынмын. Бұл 2012 жыл, қала әкімі Әліпбек Өсербаев болатын. Бір күні бастығым, марқұм Балтабай Қаратайұлы Нұржанов мені шақырып алып, «қала әкімінің атына хат жазған екенсің әкеңнің кітабын шығару туралы. Мына қаржыны Ләззат қарындасқа жеткіз» деп қала әкімі беріп жіберді. Енді дереу кітап шығару қамына кіріс» – дегенде, өң мен түстің арасында тұрғандай халде болғаным бар. Әкемнің «Ләззат пен азап» атты жыр жинағы 2013 жылы «Ордабасы» баспасынан жарық көрді. Осы кезеңде қала басшылығында ауыс-түйіс орын алды.
Негізі, сол жылдары шытырман оқиғалар көп болып кетті. Өзіміздің жанымызға жақын әкімді қайта-қайта ауыстырған жылдар болды ғой. Не керек қалаға әкім болып Әліпбек Өсербаев ағамыз қайта келгенде ел-жұрт балаша қуанды. Бүкіл Түркістан халқының ақ тілегі қабыл болды дестік.
Өз демеушілігімен шығарып берген кітапты көрсетейін деген оймен қала әкі-міне кіріп, қуанышымды жеткіздім. Сонда кітапты қолына алып отырып, қайта-қайта, бірдеңе іздегендей болғанын, соңында жоғалтқанын тапқан қуанышты сәтін мен де қалт жібермей, сезіп отырдым. Өзімнің пайымым бойынша, жаңа әлгіде айтып өткенімдей, кітаптың баспадан шығар сәтінде қала әкімінде ауыс-түйіс болса да, «Кітап Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевтың демеуімен жарық көрді. 2013 жыл» деп жаздыртқан болатынмын. Осы сөздерді оқып отырған-дағы жымиған қалпы әлі көз алдымда сол күйі қалып қойған еді… «Ләззат қарындасым құтты болсын. Қаныбек көкенің орны бөлек» деп, хал-жағдайымды сұрап, күш-жігер берген болатын.
Мейірім-шапағаттың азайған кезінде, бір ауыз жылы сөздің өзі адам баласына қаншама күш-қуат беретінін оны сезінген-дер біледі. «Бір ауыз сөз жаныңды жадыра-тады, бір ауыз сөз көңіліңді тас-талқан етеді» деп ақындар атап өткендей, біз түркістандықтар әкіміміз Әліпбек Шәріпбекұлының мейірімі мен шапағаты-на бөленгендерміз. Негізінде, бір адамның барлық жан баласына жағуы мүмкін емес. Ал, Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевты барша түркістандықтар бірдей жақсы көрді. Ендеше, Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевтың есімі Түркістан қаласының тарихында алтын әріппен жазылып, ел есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Ләззат САРЫБАЕВА.
2020 жылдың 24 мамыр күні сағат:12.00-де өтетін марқұм Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевтың 40 күндік асы (23 мамыр қонақасы) беріледі. Мекен-жайы: Түркістан қаласы, Сырдария көшесі №2 “а” үйде өз шаңырағында өтеді.
