Тіршілік атаулыға нәр беретін күннің шуағы түскен жер қашанда гүлденіп, абаттана беретіні белгілі емес пе? Қай кезде де осы шуаққа деген зәрулік құнын жоймайды. Сол секілді, Әліпбек ағамыз да бойынан шуақ шашқан жан еді. Ол кісі Түркістанда әкім болған күннен бастап, облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына ауысқанға дейін қала әкімдігінде баспасөз қызметінде жұмыс жасадым. Сонда жанында жүріп байқағаным, кез-келгенді бетіне тік қаратпайтын адуынды, қатқыл мінезі болғанымен көпшілікке біліне бермейтін жан дүниесі нәзік, мейірім-шуағы төгіліп жүретін. Жұмыста мәселеге немқұрайлы қарамайтын. «Мен үшін мәселенің үлкен-кішісі жоқ» дейтін. Сосын әкімдердің көбі аппарат қызметкерлерінің кез-келгенін әркез қабылдай бермейді ғой. Ал, Әлекең аппарат қызметкері былай тұрсын, әкімдікке қарасты бөлімдердің қатардағы мамандарын танитын. Тіпті сол қызметкерге жүктелген міндетін де жаңылыспай ажырататын. Оларды жеке қабылдап, өз деңгейіне сай тапсырма беріп, орындалуын ұмытпай сұрайтын. Бұны айтып отырған себебім, осындай табандылықтың арқасында Әліпбек Шәріпбекұлының басқа қызметін айтпағанда үш рет Түркістан қаласының әкімі атанды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Егер, Әлекеңнің бойында мұндай қажыр-қайрат болмағанда бұл жетістікке жетпеген болар еді деп ойлаймын.
Кейінгі онжылдықты (2010 жылдан бүгінге дейін) Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып бастап, 2012 жылы осы шаһардың тізгінін ұстады. Содан бері Оңтүстік Қазақстан кейін Түркістан облысын басқарған А.Мырзахметов, Б.Атамқұлов, Ж.Түймебаев және Ө.Шөкеевпен қызметтес болды. Сол аралықта облыс басшыларының бірде бірі Әліпбек Өсербаев басқарған Түркістан қаласының әкімдігіне қарата ауыр сөз айтқан жоқ. Керісінше ел алдында осы әкімді мерейін тасытып мақтады, өзге әкімдерге үлгі тұтты. Осылайша өңір басшыларының үлкен сеніміне ие болған ағамыз көзі тірі болғанда елді өркендету жолында әлі де биік лауазымдарда қызмет атқарар ма еді, кім білсін?
Әліпбек Шәріпбекұлы өзіне жүктелген міндеттен бөлек, арман-мақсаттары асқақ азамат-тын. Жоғары басшылықтың тапсырмасын уақытында орындап, жан ауыртпай еңбек қылса да болар еді. Бірақ, олай еткен жоқ. Ол аталған тапсырмалардан бөлек, ел ішіндегі түрлі мәселелерді жарыққа шығарып, өз бетінше оны зерделеп, шешу жолдарын қарастыратын. Осындай жұмыстардың барысында сылбырлық танытқан жауапты азаматтарға: «Елге қызмет етуге мүмкіндігің бар кезде оларға қолдан келген жағдайды жасауға тырыспасаң, ертең халықтың арасына барғанда не бітірдім деп айтасың» дейтін. Облыс басшылығына, министрліктерге ұсыныс хаттарды қарша боратып, қажет болса тиісті орындарға өзі барып жоқ жерден мәселе көтеріп жүретін. Соның арқасында Түркістан қаласында соңғы 15 жыл көлемінде кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып келген сарқынды су тазартатын стансасының (КОС) салынуына тікелей ықпал етті. Егер бұл құрылыс салынбағанда Түркістан қаласында қазіргі таңда ең үлкен мәселенің бірі осы сарқынды су жүйесі болатыны сөзсіз. Сонымен бірге, келешектегі қала тұрғындарының санын, өндіріс орындарының артуын есепке алып, осында қосымша тағы да жоғары кернеулі электр стансаларының қажет екендігін анықтап, оны да іске асырды. Қазіргі күні Түркістанда электр қуатына қатысты ішінара мәселелер болғанымен алғашқы жоба өміршеңдігін дәлелдеуде. Сонан соң Түркістан қаласын суландыру ісі де осы тұста жобаланды. Ал, табиғи газ тұрғысындағы мәселе мемлекет деңгейінде болғандықтан оның қала ішіндегі жұмыстары да кейінгі кездерге дейін үлкен күш-жігерді талап етті. Ауылшаруашылығы саласын дамытуға да күш жұмсалды. Соның ішінде Түркістан аумағында егістік алқаптардың санын арттыру үшін бүгінде үлкен қолдауға ие болған Сырдария өзенінен «Арыс-Түркістан» каналына су жеткізетін машинный канал, Иқан су су қоймасы секілді ауқымды жобаларды іске асыруға бел шеше кірісті. Бүгінде үлкен орталыққа айналып келе жатқан «Отырар» мөлтек ауданының да негізін салушы ретінде Әлекеңнің айрықша қолтаңбасы қалды. Бұдан басқа өз құзіретінен тыс «Түркістан-Балтакөл» тас жолын жөндеуге жасаған ықпалын да айтпай кетуге болмас. Тізбектей берсек, аталған және аталмай қалған бұл жобалардың орындалуының барлығы өз алдына үлкен әңгіме. Мұндағы түйініміз шаһардың инфрақұрылымын, әлеуетін барынша жетілдіруге күш салған Әлекең сол кездің өзінде-ақ Түркістанның облыс орталығы болатынын сезгендей.
Асыл ағамыз енді арамызда жоқ. Бірақ, елге жасаған еңбегі бөлек жан ретінде ол кісінің істері Түркістан тарихында өшпес із қалдыратынына сенімдіміз. Азалы хабарды естіп, көңіл құлазып жүргенде қырық күн де өте шығыпты. Демеу көріп келдік. Амал қанша. Тірілікпен тіршілікке бет бұрамыз. Қолдан келетіні Құран бағыштау және әдетімізше қолға қалам алып, бірге жүрген күндердің сырын ақтару…
Мәлік ДӘУЛЕТОВ.
ТҮРКІСТАНЫН ЖАНЫМЕН СҮЙЕТҰҒЫН
Жоғалтқалы жалпақ ел Әліппекті,
Ащы өкініш өзекті қарып кетті.
Азаматтың ажары сөнгенменен,
Абыройы биікте қалып кетті.
Түркістанын жанымен сүйетұғын,
Ыстығына, отына күйетұғын.
Мың сан іске мұрындық болушы еді
Ертең елге пайдасы тиетұғын.
Арқаланып, кей кезде айбаттанып,
Үсті-үстіне толғамды ойды ақтарып,
Қарсы алдынан кедергі шыға қалса
Одан сайын кететін қайраттанып.
Ел басқарар жігітке ең керегі:
Қай іске де зердесі сергек еді.
Жүрген жерін көмкеріп гүлзарменен,
Барған жерге әйтеуір өң береді.
Түркістаным тұрса деп шыңда менің,
Тәуекелге беліңді буған едің.
Енді сені тұғырдан түсірмейді,
Ер қадірін білетін Туған елің!
Бекарыс ШОЙБЕКОВ.
