Мен 1988 жылы ақпан айында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Айтпағым 1998 жылдың ақпан айынан бастап 20 жыл бойы Әбдіғаппар Шәймерденовпен дәмдес-тұздас болып қатар өмір кешіппін. Ғапекеңді қалада көп жылдар түрлі басшылық қызметтерін атқарған, қала әкімі болған, менен бірер жас үлкен ағайым Қален Тәтібаев сырттай Әбдіғаппар Шәймерденов деген жігіт осы қазіргі орталық базар иесі, ақкөңіл, жақсы азамат деп таныстырып жүретін.
Түркістанға қызметке келмей тұрғанымда Алпысбай Дастановтың отбасымен Қалекеңнің таныстыруымен мен өкіл аға, Алпысбайдың жұбайы отырарлық Нұрзиямен өкіл қарындас болып араласып жүретінбіз.
Сол Алпысбайдың алғашқы бір тойында Ғапекеңмен той үстінде бірге отырғаным бар. Үлкен де ауқымды Түркістан аймағы былай тұрсын облыс көлеміне белгілі орталық базар иесінің осындай көңілді ортада қарапайым мінезімен айналасындағылардың көңілін тауып, ақжарқын жарасымды отырысын ұнатып қалғаным бар.
1998 жылдың наурыз айында менің жұбайым Сәрсенкүл екеумізді алғаш рет Ғапекең үйіне шақырып, біраз жора-жолдастарын қосып таныстырып, ерулік бергені әлі есімде. Міне, сол 1998 жылғы наурыз айынан бастап қоян-қолтық күнде болмаса да аптасына кездесіп, ой-пікірімізді ортаға салып түрлі шаруалардың басында бірге жүрдік.
1998-1999 жылдары қалада жағдай өте нашар болатын. Қалада екінің бірінде жарық болмай қалса, көпқабатты үйлерге жылу беру мүмкіндігі жоқ. Жұртшылық көпқабатты үйлердің алдында қазанға от жағып, тамақ пісіретін, көпқабатты үйлердің әйнектерінен темір мұржалар шығып түтін будақтап қарапайым халық үй жылытумен алысатын. Таңертең орындарынан тұра базарға, жұмысы бар жұмысына жан-жағына жалтақтап дегендей ас-ауқат табу, бала-шаға асырау қамымен жұмыс іздеуге шығатын.
Мемлекеттік мекемелерде дәрігерлер мен мұғалімдерге жалақы төлеу үш айдан алты айға дейін созылып, күн көріс қиыншылығы айқын көрінген кезең болды. Әсіресе әйелдердің басым көпшілігі қарап отырмай ала сөмке арқалап жолға шығып күн көріс іздеп жолаушы өмір кешіп, Алматы, Бішкек, Қытай, Түркия асып киім тасуды қолға алып, бала-шаға асырау ісіне кіріскен кезең еді. Егемендік жариялап, экономикалық қатынастар үзіліп дағдарыс болған жылдары ауыртпалық негізінен әуелі әйелдерге түсті. Жұмыс жоқ болғандықтан көпбалалы әйелдер балаға төленетін жәрдем ақыларын, зейнеткерлер зейнетақыларын ала алмай түрлі наразылық білдіріп екі күннің бірінде әкімшілік алдында ереуіл жасап жататын.
Міне, Ғапекеңнің адамгершілік пен ұйымдастырушылық қабілеті мен адами жүрек жылуы бар қасиеті осы 1995-2000 жылдары ерекше жарқырап көрінді.
Жалпы, адамзатқа тән жүкті көтеру үшін адам бойында айтар ойы мен лайықты мінезі болуы қажет. Халық қашанда кесімді, уәжді сөз айтып, өз ісін, алға қойған мақсатын соңына дейін жеткізе білетін нар тұлғалардан сүйеніш іздейді.
Мен өзім сол ереуіл жасап, жылап-сықтап жүрген әйелдердің ішінен іріктеп күнделікті нан пұл таба алмай жүрген, жағдайы өте нашар деген 5-6 отбасын қолма-қол жәрдем беруге Ғапекеңе жіберетінмін. Баз-біразын базарға жұмысқа жайғастыруды өтінетінмін. Осы кезеңде қоғамдық ұйым әйелдер кеңесіне де сүйенуге тура келді. Әйелдер кеңесі төрайымы қоғамдық қызметіне батылдау азамат іздеп, соңында Ғапекеңнің өмірлік жолдасы Дүйсенкүл Жамболоваға өтініш айта отырып, төрайымы етіп сайлаған болатынбыз. Ол кезде әйелдер арасындағы ахуалды жақсарту, елдегі жағдайды түсіндіру ісі бәрімізге жетіп жататын.
Бір-екі күнде сол жәрдем алған азаматтардың жүзіне қан жүгіріп жылы амандасқанын көрген Ғапекең бізді хабардар етіп, әсіресе қандай мәселелерге көбірек назар аудару керек екенін айтып отырушы еді. Бүгіндері Әбдіғаппар Шәймерденовтің аялы алақанының жылуын көрген азаматтар жетіліп, республиканың көптеген аймақтарында өмір кешіп, жүрген болар. Оның дәлелі қаншама азамат ұлтына, руына қарамай жаназа күні Ғапекеңді тіпті әкелері өмірден озғандай еңіреп жылап жоқтап келді.
Ғапекең қаншама жылағанды жұбатты десеңізші, «оң қолымның бергенін сол қолым білмесін» деген атадан балаға келе жатқан нақыл сөз бар. Ғапекең ешуақытта қолынан берген жәрдемін ашып айтпаушы еді, бірақ ол жайлы жақсы пікірлерді, көмегін көрген елден естуші едік, ақпарат құралдарына жаздырып жария етпеуші еді.
Қаншама «Алтын күз, «Наурыз», «Қала күні» т.б. мерекелерді өткізуге демеушілік етіп қала басшыларына жәрдемін тигізуі, әсіресе Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына қомақты үлес қосуы Ғапекең мен Дүйсенкүлден тараған ұрпақтарының өніп-өсуі мен қызықшылықтарында бір Алладан қайтар деген ойдамын.
Бір сөзбен сол қиын-қыстау кезеңде елдің ауыртпалығын арқалаған халықтың әл-ауқатының жақсаруына Түркістан өңіріне еңбегі сіңген парасатты тұлғаның бірі деп білемін. 2004 жылы Түркістан қаласының Құрметті азаматы атағы берілуі соның дәлелі демекпін. Қалалық мәслихат депутаты болып бірнеше рет сайланса, «Nur Otan» партиясы қатарына алғашқылардың бірі болып өтіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқандығы елге мәлім.
Әрине Ғапекең ел арасында, қаланың зиялы қауымы ортасында сыйлы, беделді қасиеттерге ие болса, артында қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы, сүйікті жұбайы Дүйсенкүлдің тұрғанын жақсы білетінбіз. Дүйсекең өте сезімтал, кеңес үкіметі кезеңінде мемлекеттік жауапты қызметтер атқарып абыройлы еңбек еткені баршаға белгілі. Көпті көргендігі болуы керек бірге жүретін достары өте көп болатын.
Қалада Мұхит Оралбайұлы әкім кезі болатын. Балалар күніне арнап түрік ағайындар арқылы жетім балалар мен көпбалалы отбасылардың балаларын сүндетке отырғызу іс-шарасын Есім хан алаңында үлкен жиын етіп өткізуді жоспарлап, кәсіпкерлерді шақырып жүктеме беріп демеуші болуды өтіндік. Кәсіпкерлерден қолдау тауып іс-шараның жобасын келісіп, төрт-бес күн ішінде қаржыны да жинап үлгерген болатынбыз. Бір күні отырыста отырғанымызда Ғапекең: – Сәке, жетім балалардың сүндет тойы жөнінде екі-үш күн болды ойланып жүрмін, бір ұсыныс айтсам деген ойдамын. Мен болсам: – Ғапеке немене тағы да қаржы қоспақ ойыңыз бар ма?… деп, айтыңыз дегенім сол Ғапекең күле отырып: «жоқ егер осы балалар жетім болмағанда ата-анасы тайға мінгізіп бір қуанышқа бөленер еді-ғой. Осыларға бір-бір тай жабулап мінгізіп қуантсақ, көп жылдар есіне сақтап жүрер»,-дегені. Әрине бұл ұсынысты мен қолдай кеттім, бірақ қаржысын табу қайта-қайта кәсіпкерлерге салмақ салу қиын да ұяттау болар дедім.
«Ол жағынан сен қам жеме мен бір-екі күнде айтамын»- дегені. Мен қатты қуанып досыма сәттілік тілеп, бұл жөнінде Мұхит Оралбайұлын хабардар еттім.
Сонымен 41-жетім балаларға жабулап тай мінгізіп, үкілеп қалпақ кигізіп, алаңды қайта-қайта аралатып, Ғапекеңнің арқасында айтып жүретін іс-шара өткіздік. Бұл іс-шараны ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. Міне, бұл бір ғана оқиға, бірақ сол 41 балаға сыйлаған қуаныш бүгінге дейін көз алдымда.
Бір өкінішті мәселе, Түркістанның өркендеуіне шексіз еңбек еткен азамат қаланың облыс орталық болғанын көрмей кеткені…
Мына өмір жалған дүние екенін бала кезден естіп, есейе келе өзіміз де тұңғиыққа тіреліп түсіне бастадық. Біздер өз заманымызда қаншама кедергілерге қарамай бір-бірімізге жолдастық сөз жәрдемімізді беріп, жап-жақсы өмір кештік деген ойдамын. Туған күн мерекелері, ұл-қыздың үйлену тойлары қала берді немерелердің қуаныштарын бірге өткіздік. Шіркін, Ғапекеңнің жолдастық пен достыққа деген сыйластық қасиеттерін айтып жеткізу мүмкін емес…
2015 жылы қыс ауасы Түркістанда базар өртеніп жатыр деген суық хабар таңға жуық маған да жетті. Таң атпай Түркістанға барсам, өртті сөндірген. Бірақ шын мәнінде базар астан-кестеңі шығып, шулап жүрген бір адам. Өзім танитын таныстарыма басу айтып, Ғапекеңе жолықтым.
Әрине, базар толық қайта қалпына келді. Ол үшін Ғапекең тынбай еңбек етті. Рахатын қазір ел көруде.
Бұл жалғаннан бір пенде мұңсыз болып өтті ме екен? Әй,қайдам?! Әбдіғаппардың да орындалмаған армандары, қаншама билікке келгендермен, кәсібіне қызыққан азаматтарға қарсы тұрамын деп жүдеп, көлеңке іздеген кездері мүмкін болған шығар. Бірақ ерлік жасап, жабыққанын ешуақытта тіс жарып айтпады. Өмірге қандай өкпесі барын білдірмей, ішінде ала кетті. Сыртқа сыр шашпады, әлсіздік танытпады.
Қайран досым Ғапеке!
Өмірден ертелеу өтеріңізді кім білген?
Бір көңілге медет етеріміз – артында ұл-қыздарыңның анасы – сүйікті жарың, ұрпақтарың қалды. Немерелерің өсіп келеді. Шүкіршілік ететін пендеміз ғой.
Құдайға Шүкір демекпін!
Ең бастысы-өзі кеудесін тосып қорғаған, заманымызға сай қайта жаңартып салған облыс орталығындағы «Қуаныш» орталық базары Әбдіғаппар Шәймерденовтің сара жолымен жұмысын жалғастыруда. Тек, сәулетті құрылыстар атасын жоқтап іштей егіліп тұрғандай…
Сізді, бүкіл ел, ағайын-туыс еш ұмытпақ емес!
Біз де сіздің бейнеңізді кеудемізде ұзақ уақыт сақтаймыз.
Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ,
Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты. «Құрмет» орденінің иегері.