Түркістан облысы ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі және Нұр – Сұлтан, Шымкент қалалары ардагерлерінің бастамасымен Мақтаарал ауданындағы орын алған төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсетіп қайтты. Түркістан облысы ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрғанбек Бегимов, кеңестің белсенді мүшелері Әзімбай Қожабаев, Нұрболат Бейсенов, Нұрлан Рүстемов, Әзімхан Ешманов, Ақай Тілес арнайы барып, мақтааралдық тұрғындарға 1,5 млн-ға жуық қаржыға азық-түлік өнімдерін тапсырды.
Ауғандық ардагерлер Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауылында болып, ондағы тұрғындардың жағдайларымен танысып, бірінші кезектегі қажетті азық-түлік заттарымен қамтамасыз етті. Апат айтып келмейді. Бұл оқиға тек мақтааралдықтар үшін ғана емес барша қазақстандықтардың басына төнген қайғы болды. Соны ерте ескерген халқымыз жер-жерден көмек қолын созып, көліктерге тиелген қажетті заттар күн санап ағылып жетуде.

Халқымызда «Ырыс-береке, бақ-дәулет – ынтымаққа барады», «Бірлік бар жерде ғана береке болады» деген ұлағатты өнеге ретінде айтқан. Осынау халық даналығы біздің елімізде мызғымай жүзеге асырылып жатқанына куәміз. Елімізге төнген осындай төтенше жағдайда кезінде орын алған апатта елдігіміз мен бірлігімізді танытқан ауғандық ардагерлерге Алла разы болсын!
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.