ТӨЛЕБИ АУДАНЫНА АЛҒАШҚЫ КӨМЕК МАҚТААРАЛДАН ЖЕТТІ

915 көрілім

Толассыз жауған нөсер жауын салдарынан Түркістан облысының таулы аумақтарында орналасқан Төлеби, Қазығұрт және Бәйдібек аудандарын су шайды. Шамамен үш ауданда жалпы 522 үй ауласы, 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланды. Қазірде су тасқыны зардабын жоюға 600-ден астам маман мен 84 техника 47 мотопомпа жұмылдырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Нөсер жауыннан үйлері бүлінген Төлеби ауданының тұрғындарына алғашқылардың бірі болып мақтааралдықтар жетті. Айдың басында өздерінің 5 ауылы суда қалып, күні бүгінге дейін тасқын судың зардаптарымен арпалысып жатса да төлебиліктердің жағдайына бей-жай қарамаған мақталы өлкенің мырза халқы Төлебиде судан зардап шеккен 105 отбасыға бірінші кезекте қажетті ұн, май, күріш, шекер сынды 12 түрлі азық-түлік пен киім-кешек, химиялық және медициналық заттарды жеткізіп берді. Мақтааралдан жеткізілген гуманитарлық көмек жергілікті деңгейдегі төтенше жағдайдың зардаптарын жою жөніндегі аудандық штабтың қоймасына жеткізілді.

«Өздері қиын жағдайда болса да біздің жағдайымызды ести сала көмекке келген Мақтаарал ауданының азаматтарына алғысымызды айтамыз» деді мақтааралдықтарды күтіп алған Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков. Айта кетейік, айтып келмейтін апатты еңсеруде Мақтаарал ауданы мен Жетісу өңірінің ерікті жастары алдыңғы шепте жүр.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы