«Қайғы – бөліссе азаяды» деген қанатты сөз бар халқымызда. Бүгінде Мақтаарал ауданында болған табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көрші Өзбекстаннан көмек көрсетіліп жан-жақты қолдау табуда.
Қиын-қыстау кезде Мақтаарал жұртының жанынан табылу мақсатында Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен гуманитарлық көмек арқалаған керуен жолға шықты.
«Алтын Орда» автовокзалында өткен шарада облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадыр Ирсметовтер бастаған бір топ ардагерлер мен ел ағалары, зиялы қауым өкілдері сын сағаттарда мақтааралдықтарға қолдау көрсеткен барша түркістандықтарға алғыстарын білдірді. Мақтаарал халқына Алла сабыр мен төзімділік берсін. Бұл қиындықты барша қазақстандықтар ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында еңсеретініне сенімдіміз деді.
Айта кетейік, қасиетті жұма күні «BIZ BIRGEMIZ» акциясы аясында жолға шыққан керуенге азық-түлік өнімдерінен ұн, май, күріш, қант, макарон, киім-кешектің барлық түрлері, аяқ киім, матрац, жиһаз, көрпе-төсек тағы басқа жалпы құны 10 миллион теңгелік күнделікті тұтынатын заттар тиелген. Осылайша жерлестеріміз төтенше жағдай кезінде мақтааралдық бауырлары жанынан табылып, Рамазан айында мол сауапқа кенелді.

Сол күні Мақтаарал ауданына жетіп барған керуенді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев басшылығындағы бір топ жауапты мамандар күтіп алынды. Өз кезегінде табиғи апаттан зардап шеккен мақтааралдықтар түркістандық бауырларға ізгі ниеттерін жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Райымжан ӘЛІБАЕВ.