ҒАСЫР ЖАСАҒАН МАЙДАНГЕР

1  129 көрілім

4 адам. Иә, Ұлы Отан соғысына қатысқан Түркістан қаласы бойынша осынша ғана майдангер қариялар қалыпты. Жеңіс жолында қиын-қыстау күн кешкен батыр аталарымыздың қатары күн өткен сайын сиреп бара жатқаны көңілге кірбің ұялататындығы жасырын емес. Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының «Ел үшін аянба- ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба жігіттігіңе сын» – деген сөзін ескерсек, ерлік  үшін жанын пида еткен қаһармандар ел есінде мәңгі сақталады.

    Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Майдангерлер ұрыс даласында Отаны, келешек ұрпағы, ұлан байтақ жері үшін  қорқу деген сезімін жүрегінен жұлып алып тастаған. Бұл соғыс халқымызға төнген ең ауыр күндер болатын.  Сұрапыл соғысқа 1,5 миллион қазақстандық қатысқан.

   Солардың бірі, бүгінгі кейіпкеріміз ҰОС ардагері Фазыл Азимов болмақ. Енді осы ардагердің соғыста көрсеткен ерлігі мен өмір жолына тоқталсақ.  Фазыл Азимов 1922 жылы 15 қарашада дүниеге келген. Отан қорғауға 1941 жылдың 21 маусымында Түркістан әскери комиссариатынан аттанған. Сталинград түбінде жаумен шайқасып, Польшаны, Румынияны, Венгрияны, Австрияны және Чехословакияны азат етуге қатысқан.

    Майдангер І – ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және басқа да 18 медальмен наградталған. Жеңістен кейін әскери қызметте болған ол запастағы полковник.

    Соғыс ешкімге бақыт әкелген емес. Еске оралатыны мерт болған боздақтар, жесір қалған аналар, жетім қалған балалар. Бәрінің өзін құрбандыққа шалуының артында ат басындай алтынға айырбастамас Отаны мен  бүгінгі біздер болашақ жатты. Ақыры армандар орындалып, бейбітшілік бесігінде тербеліп, мамыражай ғұмыр кешіп, арайлы ақ таң орнағанына да  75 жыл болды.

   Ф. Азимов соғыстан кейінгі жылдары 33 жыл бойы әскери қызметте болған. Майдангер қарияның айтуы бойынша, төлқұжатында туылған жылы 1922 жыл болып жазылғанымен, 1920 жылы дүниеге келген екен. Демек, қазіргі таңда жасы 100-де. Абыз ақсақал 4 қыз, 1 ұлдан 10 немере, 13 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Ұрпақтарының ішінде ізін жалғаған немересі Саид Талыпов.  Ол бүгінде атасының жолын қуып, Аягөз қаласында әскери қызметте жұмыс жасайды.

  Біздің Тәуелсіз елде жарқын күн кешіп отырғанымыз,  өмірін қиюға даяр болған жандардың арқасы. Сол үшін оларға қандай сый – құрмет  көрсетсек те артықтық етпейді. Талай тарихтың тірі куәсі, ғасыр жасаған қарт майдангер әлі тың. Бүгінгі ұрпақ жаманшылық көрмесе екен деп тілейді. Бейбіт елімізді көркейте беріңдер дейді. Бұл абыз ақсақалдың аманаты.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы