Жалпы, ғимарат маңында карантиндік шаралар күшейтіліп, медициналық сақтық шараларын сақтау жіті назарда, деп хабарлайды «Yassy-tur.kz» ақпарат агенттігі Түркістан қаласы әкімдігінің turakimat.gov.kz сайтына сілтеме жасап.
18 сәуір күні Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Қаулысына сәйкес, қалада ҚазПошта мекемесі уақытша тоқтап, қызметтерді қашықтықтан және онлайн түрде жалғастырған болатын. Зейнетақылар мен әлеуметтік көмектерді үйге дейін жеткізген қызметкерлерге 42500 теңгені тағайындалған 14 мыңнан аса тұрғынға жеткізіп беру оңай болмады. Осы мақсатта, Рашид Абатұлы “ҚазПошта” мекемесінің бірнеше күнге жұмыс істеуіне ұсыныс берген еді.
⠀
Осы себепті, жұмысын тоқтатып, үйде отырған азаматтар әлеуметтік төлемге ие болып, қаржыны кәдеге жарату үшін “ҚазПошта” АҚ уақытша есігін ашып, қызмет көрсетеді. Жалпы саны 110 қызметкермен қатар, 8 әскери мен аумақтық полицейлер қолғабыс етуде. Қаланың әр аумағындағы 11 бөлімше іске қосылып, тек әлеуметтік көмек емес, барлық қызмет түрлері көрсетілуде. Түске дейін мұнда 2873 төлем және 324 үйге дейін жеткізіп беру қызметі іске асты.
⠀
Қаладағы карантин режимінде ҚазПоштаға бару үшін Amazing Turkistan қосымшасына кіріп, күніне екі рет (6.00-21.59 аралығы) өтінім жолдай аласыз: үйден шыққан кезде және үйге қайтар кезде. ҚазПошта филиалына жету үшін 45 минут және үйге жету үшін де 45 минут беріледі. Айта кетейік, таймер өтінімді берген уақыттан бастап жүргізіледі.

