Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов жаңа жұмыс аптасын қаланы көгалдандыру жұмыстарының кестеге сай жүріп жатқандығын бақылаумен бастады, деп хабарлайды «Yassy-tur.kz» ақпарат агенттігі Түркістан қаласы әкімдігінің turakimat.gov.kz сайтына сілтеме жасап.
⠀
Мамандар қаладағы ағаштарды жаңа тәсілмен суаруда. Бұған дейін арнайы су таситын техникамен суарылған болса, бүгіннен бастап тамшылатып суару әдісінің жандануы нәтижесінде, автоматты жүйе іске асты. Әр қоршауға үш адам қарайлап, ағаштардың толығымен суарылуына және артық шөптерден арылуына жауап береді. Ол үшін ұңғымалар қазылған, сағатына 8 литр су береді.
⠀
Қала әкімі барған Батыс Қытай-Батыс Еуропа айналма тасжолының екі бетінде бозарша, терек, қараағаш, павлония сынды 22500 ағаш отырғызылған. Мұндай автоматты суару жүйесі С. Ерубаев, С. Қожанов көшелеріне де қойылған. Автоматты басқарудың нәтижесінде мұнда бөлінетін жұмысшы саны азайып, олар қаланың өзге бөлігіндегі суландыру, көгалдандыру жұмыстарының жылдам жүзеге асуына сеп болады.
⠀
Қаланы барынша көгалдандыру жұмыстарын пысықтап, жауаптыларға тиісті нұсқаулар берген Рашид Абатұлы көгалдандыру нәтижесінде климаттың жақсара түсетінін алға тартып, жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.
ТҮРКІСТАН ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІНЕ КӨШТІ
1 162 көрілім
