ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ІРІКТЕЛДІ

831 көрілім

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 2 сәуірдегі №896 «Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру» туралы Жарлығына және Түркістан облысы әкімдігінің 13 сәуірдегі №93 «Түркістан облысының әскери міндеттілерін арнаулы жиындарға шақыру туралы» Қаулысына сәйкес, Ордабасы ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес есепте тұрған және денсаулық жағдайы бойынша жарамды деп танылған ҚР азаматтары арнайы шақырылды.

ҚР Президентінің Жарлығы жарияланғаннан бастап, ел тағдыры сынға түсіп, қатерлі індет қауіп төндіріп тұрғанда азаматтар өз еріктерімен Ордабасы ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жүзден аса еріктілер Отан алдындағы парыздарын өтеуге қашан да дайын екендерін білдірді.

Өз еркімен өтініш білдірген әскери міндеттілердің арасынан 12 ерікті іріктеліп, арнайы тапсырмаларды орындап, залалсыздандыру жұмыстарына тартылды. Арнайы жиындар кезінде әскери қызметке міндетті азаматтардың жұмыс орны, атқарған лауазымы сондай-ақ жалақылары сақталады. Егер де жұмыс істемеген болса, онда жалақының ең төменгі мөлшері төленетін болады.

2020 жылдың 20 сәуір күні Ордабасы ауданының ҚІЖБ бастығы подполковник Е.Мұратбек және жұмылдыру бөлімше бастығы-бөлім бастығының орынбасары К.Бимырзаев іріктелген азаматтарға жиынның басты мақсаты-халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау екенін айтып, арнайы әскери киімдерімен, арнайы дезинфекциялауға арналған киімдер және екі сағат сайын ауыстыратын бетперделер мен қолғаптары берілді.

Сондай-ақ, ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Еліміздің басына ғана емес, дүние жүзіне қатер төндірген індеттің алдын алу үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Осындай сын-сағатта ел басына төнген қиындықтар ер-азаматтардың мықтылығын сынға салары анық.

Қ.Тасыбаев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы