Түркістан облысы, Жетісай ауданында биылғы жылы 200 көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, деп хабарлайды «Yassy-tur.kz» ақпарат агенттігі.
Ол үшін (асфальт және тас төсеу) ауданының ішкі көшелеріне жалпы құны 1 млрд 217 млн 869 мың теңге бағытталып отыр. Бұл жұмыстардың атқарылуы бағытында ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында республикалық және облыстық бюджеттен тиісті қаржылары бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Жол мәселесі жөнінде аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев: «Ауданымыз бойынша өткен жылы 166 көше жөндеуден өтсе, биыл 200 көше жөнделетін болады. Бұл – аудан тарихындағы рекордты көрсеткіш. Оның ішіне облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының арнайы тапсырмасымен ұзындығы 63 шақырымды құрайтын, өтпелі кезеңмен 130 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол көшелерді биыл бастаймыз»,- дейді.
Орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін 38 көшенің 33-і ауылішілік көше болса, ағымдағы жөндеу жүргізілетін, яғни, тас төселуі тиіс 162 көшенің 158-і ауылдарға тиесілі. Бұған қосымша 3 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар арасында «Жетісай – Мақталы» бағытындағы жол аталып кеткен ұзындығы 19,9 шақырымды құрайтын «КХ 86» тас жолы да өтпелі кезеңмен жөндеуден өткізілмек.