Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекенінде орналасқан «Жарылқап» шаруа қожалығына қарасты жылыжайдың аумағы 17 соттық. Қожалық төрағасы Керімбеков Жұпарбек Жарылқапұлының бастамасымен 2004-жылы салынған. Содан бері жылда баклажан, болгар бұрышы мен қырыққабат көшеттерін өсіріп келеді. Сыйымдылығы 216 мың дана көшет.
Желтоқсан айынан бастап ерте көктемге дейін көшеттерді баптап өсіретін жылыжайда жергілікті тұрғындардан 15-ке тарта азамат жұмыспен қамтылған. Көктемге қарай 50 адамға дейін жұмысқа тартылады. 1 күндік еңбекақылары жұмысына қарай 2000 – 4000 теңге аралығында.
Жылда баклажанның голландиялық блек және дистан сорттарымен қатар қырыққабаттың бірнеше түрін өсіретін жылыжайдың жылыту тәсілі ерекше. Қыстың шілдесінде де +35 +40°С ыстықты сақтап тұратын жылыжайда жылу жүйесі жүргізілмеген, 15 жылдан бері бірде-бір рет от жағылмаған.
Жылыжай иесі Жұпарбек Жарылқапұлының айтуынша, мұндай ерекше тәсілді ол көршілес Өзбекстаннан үйреніпті – жерге мақта зауыттарынан шыққан қалдықтар 50 сантиметр қалыңдықта төселіп, үстіне су себіліп, нығыздалады. Белгілі бір уақыт аралығында әбден кептірілген соң ғана төбесі екі қабат кореялық кленкамен жабылады екен.
«Мен жылыжайды табиғи жолмен жылыту тәсілін 2002 жылы Өзбекстанның Ферғана облысынан үйреніп келдім. 2004 жылдан бері осы тәсілмен жұмыс істеп келеміз. Өнім жаман емес, жылда егетін 216 мың түптің 90 пайыздан астамы көгеріп, көшет береді. Бүгінгі көмір бағасының қымбаттығын ескерсек жылыжаймен айналысушыларға бұл өте тиімді тәсіл. Себебі – шығыны аз»,-дейді қожалық иесі.
Ерекше тәсілді қолданып жылыжай жұмысын жүргізіп отырған қожалық иесі аудандағы өзге де шаруалармен тәжірибе алмасып, білгенін үйретуге дайын екендігін айтады. Ия, өткен жылғы жоспарға сай 2,07 га жылыжай нысандары жаңадан салынып, бүгінгі таңда аудан аумағындағы жалпы жылыжай нысандары 23 гектарға жеткенін ескерсек Жұпарбектің жылыжайды жылыту тәсілі тиімді болмақ.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
