ТҮРКІСТАНДА АРДАГЕР СПОРТШЫЛАР ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН БАҚ СЫНАДЫ

334 көрілім

 Түркістан қаласында ардагер спортшылар арасында үстел теннисінен жарыс өтті. Халықаралық туризм және мейрамдостық университетіндегі спорт кешенінде ұйымдастырылған шараның ашылуына Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Хұдияров, еңбек ардагері Үмбет Жүсіпбаев және №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ануар Сарсенбаев қатысты.

Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», Қазақстанның білім беру үздігі, үстел теннисінен жаттықтырушы, ардагер бапкер Оразбек Божбанбаевтың 75 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған сайысқа Түркістан қалалық әкімдігі мұрындық болған. Аталған бәйгеде 40-60 жас аралығындағы спортшылар бақ сынасты. Жарыс нәтижесі бойынша үстел теннисі жаттықтырушылар арасында І орын Полатханов Рахат (Түркістан қаласы) жеңіп алды. ІІ орынды Қалдарбеков Мәди (Отырар ауданы), ІІІ орынды Муханбет Әлі Дәулет (Жетісай қаласы) иеленді. 60+ жас спорт ардагерлер арасында І орын Қамысбаев Біржанға (Жамбыл облысы), ІІ орын Ким Николайға (Шымкент қаласы), ІІІ орын Ким Леонидке (Қызылорда қаласы) бұйырды. 50-60 жас спорт ардегерлер арасында І орынмен Тульбасиев Нартай (Түркістан қаласы), ІІ орынмен Тилегенов Сұлтангерей (Ақтау қаласы), ІІІ орынмен Расулов Абдул Ахад (Ташкент қаласы) марапатталды. Ал 40-50 жастағылар арасынан І орынды Камалов Ойбек (Ташкент қаласы), ІІ орынды Бакулов Болат (Қызылорда қаласы), ІІІ орынды Машрапов Дәулет (Шымкент қаласы) иеленді.

Айта кетейік, үстел теннисі өте кең тараған ойын. Бұл үстел теннисінің спорттық және қозғалыс ойындары ретінде аса көп материалдық шығынды және спорттық жарыстарда, жаттығуларда аса көп орынды талап етпейді. Сонымен бірге ойын кезінде жоғары қозғалыс белсенділігімен ерекшелене отырып адамның бойына жылдамдық, ептілік, қимылды басқарушылық, зейінділігін арттыру, әрекет жасау, көзбен мөлшерлеу, ойлау сияқты қабілеттіліктерін қалыптастырады.

Үстел теннисі өте қызықты, жан жақты, әр жастағы адамдар үшін қол жетерлік ойын. Қимыл қозғалыстың тездігі, шабуылдардың шапшаңдығымен, техникалық қиыстырулардың кенеттілігімен оқиғалардың әсерлілігімен өзіне қатты қызықтырады. Қимыл қозғалыс, дағдылардың әр түрлілігімен, түрлі үйлестік пен күшейте түсуімен, барлық физикалық сапалардың дамуына жағдай жасайды. Ойын кезінде ойыншы жалынды, жігерлі күшпен бірге дене қозғалысына қосымша күш береді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқушы кезінде үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер атанған. Кейін екі жылдай республикалық федерацияны басқарып, спортшыларымыздың әлемдік рейтингте үздіктердің қатарынан көрінуіне үлес қосты. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама үстел теннисінің нағыз шебері болған. Бұл тізімде әлемдік футбол ойынының жарық жұлдызы Криштиану Роналдудың да есімі бар. Тіпті кәсіби боксшылардың өзі осы ойын арқылы шапшаң қимылдау тәсілдерін жетілдіріп отырады екен. Үстел теннисінің адам ағзасына жағымды әсері мол. Әсіресе Қытай халқы шағын тақтадағы жарыстың жай ғана ойын емес, жылдам ойлау сайысы екенін жақсы түсінген. Сондықтан бұл спортты мектеп бағдарламасына енгізген. Үстел теннисімен шұғылданған баланың дені сау болып, сабақ үлгерімі жақсарады, әрі өзін сергек сезінеді. Бұл ойынды бұқаралық мақсатта дамытқан Қытай елінің денсаулық пен спортта қаншалықты алға кеткені белгілі. Олар үстел теннисі арқылы ұлт саулығын нығайтуға болады деп ойлайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы