- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудандағы Жартытөбе ауылдық округі, Құрама елді мекенінде «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысып, мердігер мекеме өкілімен кездесті.
Айта кетейік, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту арқасында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн-ға жуық адам тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды. Министрдің сөзіне қарағанда, бұл ауылдарды дамыту бойынша жұмыс 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу.
Бұл үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысаны және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы нысанын жаңадан салуға және жөндеуге мүм-кіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды.
«2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94%-ын игерген», деді Ә.Қуантыров.
Қаражаттың жоғары игерілуі Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалды. Ұлттық экономика министрі өңірлерде құрылыс және жөндеу жұмыстарын талап ететін бірқатар мысалды көрсетті. Оның мәлімдеуінше, нысандардың басым бөлігі – әлеуметтік салада. Аталған мәселелерді шешу үшін облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жобалардың тізімі қалыптастырылды.
Бүгінде Сарыағаштағы құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп, нысанның қазаншұңқырын қазу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, ғимараттың іргетасын құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша аталған спорт кешені 2024 жылы пайдалануға беріледі.
Кездесуде аудан әкімі спорт нысанының ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертіп, тиісті бөлім басшысына жұмыстарды үнемі назарда ұстауды тапсырды.