ЕЛ ҮМІТІН АҚТАП, ҮДЕСІНЕН ШЫҒУ – ҮЛКЕН МІНДЕТ!

451 көрілім

Халық қалаулысы қашан да халық үшін әділ, шыншыл, адал адам болуы маңызды. Тұрғындардың түйткілін түсінетін, шешу жолдарын ұсынатын адам ғана аталған маңызды міндетті арқалап жүре алады. Сайлаушылардың үмітін ақтап, үдесінен шығу – үлкен міндет. Осы орайда Түркістан қалалық мәслихатының жұмыс регламенті аясында депутаттардың халықпен ұдайы кездесіп отыру қағидасын басшылыққа алғаны белгілі. Киелі шаһардағы алты секторда мемлекеттік мүддені мұрат еткен халық қалаулылары тұрғындардың арыз-шағымы мен өтініштерін тыңдап, оңтайлы шешуге атсалысып келеді.

Түркістандық тұрғындарды толғандырған әлеуметтік мәселелер, балалар ойнайтын алаңқайлар мен аяқжолдар сапасы, жол мәселесі жиі талқыға түсетіні баршаға аян. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің бағыттары да күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте қалалық мәслихат депутаттарының бірнеше қабылдауына қатысу арқылы жерлестердің бұйымтайы жауапты бөлімдер мен мекемелер арқылы шешіліп жатқанын байқадық. Қайбір істің басында білікті де білімді азаматтар болса ел дамуына елеулі үлес қосылары анық. Жуырда өткен Сауран тұрғындар алқабындағы келелі кездесуге қатысушылардың қарасынан осыны аңғаруға болады. Арадағы аз-кем үзілісті пайдаланып, көпшіліктің талап-тілегін орындауға күш салып жүрген халық қалаулыларының бірі Бақдәулет Тұрмановқа бірнеше сұрақ қойып үлгерген едік. Айтуынша, жыл басынан бері қалалық мәслихатта 11 сессия өткізіліп, 30-дан астам тұрақты комиссия отырыстары өткен. Бақдәулет мырзаның бөлінісі бойынша шаһардағы Мақтазауыт аймағында былтырғы жылы 5 балалар ойын алаңшасы орнатылған. Осылайша сектор тұрғындарының тілегі қала әкімдігімен бірлесе орындалып келеді.

– Депутат – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Халықтың мұң-мұқтажын, арыз-шағымын билікке жеткізуші адам. Осы орайда халық қалаулысы ретінде қала әкімдігі мен қалалық мәслихат бірлесіп, әр ай сайын қоғамдық қабылдаулар өткізіп отырамыз. Қоғамдық қабылдаулар билік пен бұқара арасын жалғайтын халық қалаулыларымен еркін форматта әрі ашық түрде өтеді. Біз халықпен кездесулерде түрлі салалар бойынша, оның ішінде әлеуметтік сала, денсаулық саласы, білім саласы, инфрақұрылым және жол саласы секілді бірнеше маңызды салалар бойынша халықтың қолайлы өмір сүруіне байланысты бірнеше сұрақтардың жауабы мен шешілу жолдарын қарастырып келеміз. Түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға мұрындық болуға тырысамыз. Қалалық мәслихат депутаттары шаһардағы 6 секторда өтетін қоғамдық қабылдаулардан бөлек партия тарапынан өтетін кездесуде, сондай-ақ, жеке қабылдауларда да халықтың талап-тілектері ескерусіз қалып жатқан жоқ деп айта аламын. Олай дейтін себебім, барлық секторларда сектор меңгерушілері мен тиісті сала мамандары жұмыс істейді. Қала тұрғындары секторлардан сайланған депутаттармен ешқандай кедергісіз ашық түрде байланысқа шығу үшін байланыс телефондарымыз да бар. Ашық әрі жауапты билік Жаңа Қазақстанның көрінісі деп білемін – дейді Бақдәулет Тұрманов.

Жәдігер қаланың жандануы жолында атқарылған жүйелі жұмыстар жетерлік. Алдағы жоспар барысында жүзеге асатын жобалар да қаланың қарыштап дамуына мол мүмкіндік қалыптастырады деп сенеміз. Осы орайда, Бақдәулет Оразбайұлы көкейінде жүрген бірнеше мәселелерге тоқтала кетті.

– Қала аумағындағы мәселенің бәрі бірден шешіле қоямайды. Бірақ былтырғы жылға қарағанда биыл оң нәтиже беріп жатқан мәселелер бар. Мысалы, үй кезегіне тұру мәселесі бойынша мәжілістегі әріптестеріміз Қайрат Балабиев, Елнұр Бейсембаев секілді «AMANAT» партиясының мүшелері келіп, заң шығарушы органдарға ұсыныс жасадық. Қазіргі таңда облыс орталығы болғандықтан, Түркістан қаласына үй кезегіне тұруға ниетті адам кем дегенде 3-5 жыл тұрғылықты азамат болуы міндетті. Содан кейін барып үй кезегінде тұрса деген ұсыныс бар. Қазір үй кезегінде әртүрлі санаттағы 16 мыңнан аса адам тұр. Сол себепті ең алдымен түркістандық тұрғындарды тұрғынүймен қамтамасыз етсек, содан кейін сырттан келген қонақтарды қамтуға мүмкіндік бар. 3 жыл не 5 жыл Түркістанда тұрса, ол азаматтар осы шаһарға еңбегін сіңіріп, қызмет атқарып жатыр деген сөз. Осындай ұсыныс жасап жіберген едік, бүгінде ол заңнама Мәжілісте қаралу үстінде. Сондай-ақ, қалалық ішкі саясат бөліміне, қала әкімінің орынбасарларына тағы бір ұсыныс жасадық. Түркістанның азаматы болғаннан соң бізді әлі күнге дейін толғандыратын дүние – ескі стереотиптерден арылу. Себебі, алыс-жақын шетелдерді былай қойғанда шығыс және солтүстік Қазақстан аумақтарындағы адамдар Түркістанды «шалғайдағы елдімекен» деп елестетіп жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Түркістан қаласы туралы презентациялық бейнероликтер дайындалып, оны жергілікті арналар ғана емес, республикалық арналарда көрсетсек деген ой бар. Себебі, 2000 жылдардағы Түркістан мен 2018 жылдардағы Түркістанды салыстыруға келмейді ғой? Дәл солай 2018 жыл мен 2024 жылғы Түркістанның да өзгерісі орасан. Күннен-күнге құлпырып, көркейіп жатқан қаламызда кең көлемде насихаттап, әлемдік деңгейде жарнамалаған артық етпес деп ойлаймын – дейді халық қалаулысы. «Туған жерге туын тіккен» азаматтардың алға қойған айқын мақсаттарынан күмбез қаланың жарқын болашағын бағамдауға болады. Сайлаушылар сенімін ақтауға бел шеше кіріскен белсенді тұлғалардың қатысуымен шаһардағы 6 сектор аумағында тұрғындардың жауапты мамандармен тікелей жұмыс жасауына қолайлы жағдай қалыптасып келеді. Бақдәулет мырза Сауран секторының халқымен кездесуінде халық талабының ішіндегі кейінге қалған кейбір мәселелер бақылауда болатынын жеткізді. Көзбен көріп, көңілге түйген жұртшылықтың арыз-шағымдарының басым бөлігі әлеуметтік-тұрмыстық салаға қатысты екенін байқадық. Бұл ретте қала халқының өмір сапасын арттырып, бұқаралық спортты дамыту бағыты да айтарлықтай нәтиже беруде.

– Қала тұрғындарына жағымды жаңалық бар. Спорт саласын дамыту мақсатында шаһардағы 5 аумақта спорттық мектептер салыну жоспарланып отыр. Бұл біздің болашақ чемпиондарымызды баптайтын бірегей нысандарға айналады деп үміттенеміз – деді Б.Оразбайұлы. Естеріңізге сала кетейік, Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары жұмыс регламентінің аясында әр секторда тұрғындармен кездесу ұйымдастыруда. Аталған қоғамдық қабылдаулар арқылы оң шешімдер қабылданып жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады. Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, ақын Міржақып Дулатұлының «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт» деген сөзі бар. Жергілікті тұрғындардың өзекті деген мәселесін жарыққа шығарып, түйінін тарқатуға жәрдем беру – әр депутаттың парызы. Билік пен халықтың арасын жақындастыратын ықпалды орта ретінде әрбір түркістандық халық қалаулыларына үміт артатыны белгілі. Осы орайда бойында білім мен тәжірибе, кәсіби деңгей мен парасаты бар азаматтардың алдыңғы шептен табылғаны қуантады. Бұқарамен мен билікті байланыстыратын келелі кездесулер мен атқамінер азаматтардың атқарған істері туралы «Түркістан» газетінің алдағы нөмірлерінен толықтай біле аласыз, мәртебелі оқырман!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы