ФОРУМ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІЛУІНЕ ЖОЛ АШАДЫ

172 көрілім

Астана қаласында өткен “Amanat” партиясынан жергілікті мәслихаттарға сайланған депуттардың бірінші Форумы екі жарым мыңнан астам халық қалаулысының басын қосты.

Партия төрағасы, Үкімет жетекшісі, Мемлекеттік Кеңесші қатысқан пленарлық мәжілістен соң түс қайта секциялық жұмыстар жалғасты. 

Мұнда Үкімет мүшелерімен бетпе-бет, ашық әңгіме болды. Вице-премьер, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Мәжіліс депутаттары қатысқан мәжілісте негізінен экономика, сауда-саттық мәселесі қозғалды. Депуттаттар сұрақты қарша боратты, ешбірі жауапсыз қалған жоқ. Түркістан өңіріне қатысты тұстарын айтсам:

Экспортты арттыру үшін Сарыағаштан Өзбекстанға кіретін темір жол қазіргі жүк көлемін көтермейтіндіктен 2025-жылға қарай Дарбазадан Мақтаралға баратын жаңа темір жол салынбақшы. Айтпақшы, біздің мақтаның сапасы мәйкі тігуге жарамайды екен. Текстиль фабрикаларының тұралап тұрған бір себебі осы көрінеді. Министр Өзбекстаннан үш жүз мың тонна сапалы мақта тұқымын алуға келіскенін жеткізді. Кешегі Құрбан айтта бір тиынға өтпей далада қалған он мыңдаған мал терісі де сөз болды, жаңа жылдан бастап ірі қара терісін өңдейтін зауыттардан баж салығын алып тастау қарастырылмақ, қой терісі әлі біраз қор болатынға ұқсайды. Кей азаматтар АСП-ны (атаулы әлеуметтік көмек) тоқтатуды, оданда сол қаржыға зауыттар салуды ұсынды. Кәсіпкерлер оңтүстікте жылыжай өнімдері піскен тұста Өзбекстан, Тәжікстан көкөнісіне шектеу қоя тұруды ұсынды, оған да келісті.

Вице-премьер инфляция деңгейін биыл барынша төмендетуді жоспарлап отырғандарын жеткізді, бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің тынысын кеңейтпек.

Бекарыс ШОЙБЕКОВ, 

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ақын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы