«BIRGEMIZ»: ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 4903 ОТБАСЫҒА 50 МЫҢ ТЕҢГЕ АУДАРЫЛДЫ

1  541 көрілім

Елімізде коронавирус індетінің алдын алу, аз қамтылған отбасыларға көмектесу үшін Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» республикалық қоғамдық қоры құрылғаны белгілі. Қорға еліміздегі ірі кәсіпкерлер, ауқатты азаматтар, жетекші компаниялар қолдау білдіріп, отаншылдық таныта білді.

Бүгінде «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша облыс орталықтары мен тұрғын саны көп жалпы 23 қаланың 150 мыңнан астам тұрғынына 50 мың теңгеден беріліп жатыр. Оны «Nur Otan» партиясы және жергілікті әкімдіктер үйлестіреді. 23 қаланың қатарына Түркістан облысынан Түркістан қаласы енгізілген. Басқа аудан, қалалар бұл тізімде жоқ.

Қордан көмек алушылар жеті санатқа бөлінген. Олар: аз қамтылған көпбалалы отбасылар; I топтағы мүгедектер; мүгедек бала күтімімен отырған адамдар; зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алатындар); жетім балалар және 1 асыраушысынан айрылған жетім балалар; ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендер; тыл еңбеккерлері.

Түркістан қаласында тиісті министрлік пен қала әкімдігіндегі база бойынша жоғарыдағы санатқа жататын 4903 тұрғын анықталып, олардың есепшоттарына 50 мың теңгеден аударылды. Яғни, 4903 отбасы көмекпен қамтылды.

Бұл істі жедел атқару да оңай болған жоқ. Төтенше жағдайға қарамай, қысқа ғана уақыт ішінде облыс, қала әкімдіктерінің әлеуметтік салаға жауапты мамандары, «Nur Otan» партиясының ұжымы, «Түркістан» ӘКК» АҚ, «Birgemiz-Turkistan» корпоративтік қоры мен банк өкілдері бірнеше күн бойы демалыссыз жұмыс істеп, қаржының тұрғындарға жетуіне күш салды.

Банк карточкалары жоқтарына карточка әзірленіп, кейбір тұрғындардың есепшоттары бұғаттан босатылды. Мәліметтері жинақталды. Жұмыс әлі де жүріп жатыр. Қиын кезеңде қосымша қаражатқа ие болған түркістандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, «Nur Otan» партиясына және осы «Birgemiz» қорына қаржы аударған кәсіпкерлерге, жомарт жандарға ризашылықтарын білдіруде.

Бүгінде тұрғындар тарапынан 50 мың теңгеге құжат тапсыру үшін не істеу керек деген сұрақтар түсіп жатыр. Сонымен бірге бұл қаражат барлық тұрғынға берілуі тиіс деп бастама көтеріп жүргендер бар. Әрине, егер жетіп жатса, тұтас қаланы қамтығанға не жетсін. Дегенмен, бұл қаражаттың бюджеттікі емес, кәсіпкерлердің көмегі екенін ескерген абзал. Сондықтан демеушілер арқылы республиканы немесе тұтас Түркістан қаласының тұрғындарын қамту мүмкін емес. Қаржы көлемі шектеулі. Яғни, жоғарыдағы санатқа жататын тұрғынның бәрі қамтылмауы мүмкін. Оған түсіністікпен қараған жөн.

Әйтсе-де Түркістандай шағын қаланың 4903 отбасын қамту дегеніміз үлкен қолдау. 50 мың теңгені алу үшін ешқанай мекемеге немесе партия филиалына барудың қажеті жоқ. Арнайы базадағы мәліметтер негізге алынады. Дегенмен кейбір өтініштерді зерделеу арқылы шын мұқтаждарды анықтау жұмысы да жүргізіліп жатыр.

Мемлекет тарапынан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен табысынан айырылған 1,7 миллионнан астам адамға 42500 теңге берілді. Айлықтар мен жәрдемақылар, зейнетақылар тоқтаған жоқ. Өңірлерде, елді мекендерде жеке кәсіпкерлер мен қайырымды жандар да өз тараптарынан елге көмектесіп жатыр. Партияның үйлестіруімен, әкімдіктер мен кәсіпкерлер қолдауымен «Біз біргеміз!» акциясы бойынша Түркістан облысында 4851 отбасыға азық-түлік, гигиеналық заттар жеткізілді. Алдағы уақытта да көмек жалғасады.

Жалпы төтенше жағдайдың жариялануына байланысты Президентіміздің тапсырмасымен тұрғындарды әлеуметтік қолдау бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр. «Біз біргеміз!» акциясының да мақсаты – қиын жағдайда қалған отбасыларды қолдау. Осы ретте табысы бар, әлеуметтік жағдайы жақсы тұрғындар мұндай көмектерге өтініш тапсырып, мұқтаждардың несібесіне жармаспағандары абзал.

Бұл әрекет аса қиын жағдайда қалған бауырларымызға, қандастарымызға көмектесуге кері әсерін тигізеді. Кәсіпкерлер тарапынан берілген көмек шын иелерін табуы тиіс. Қазіргі таңда ең абзалы – қауіпті індеттің алдын алу ережелерін қатаң сақтау. Үйде болыңыздар!

Ғабит САПАРБЕКОВ,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы