Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты қиын-қыстау сәтте жомарт кәсіпкерлер халықпен бірге екендіктерін көрсетіп, көмек қолын созудан аянып қалып жатқан жоқ. Сондай жандардың бірі – мақтааралдық жеке кәсіпкер Абудхашим Боев.
«Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы, Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен қолдау тапқан республикалық «Біз біргеміз!» акциясы аясында 200 отбасыға қайырымдылық жасап, көптің алғысына бөленген еді. Меценат бүгін тағы 60 отбасыға азық-түлік пен гигиеналық заттарды үлестірді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, ауданда кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, көпбалалы отбасылардың, жалғыз ілікті аналардың тізімі жасақталып, мұқтаж жандарға антисептикалық құралдар, медициналық маскалар және бірінші кезекте қажетті өнімдер мен азық-түліктер таратылып жатыр. Бұл істе жақсылық жасауға жаны құмар жеке кәсіпкерлердің де үлесі мол.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.