ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕРДІҢ БАҒАЛАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

1  947 көрілім

Бүгінде барша әлемді алаңдатып отырған коронавирус індеті күн санап жұмыр жерді шарпып келеді. Осы дүрбелеңді кейбір саудагерлер өздерінің бас пайдасына шешіп, табыс табуды дұрыс көріп, қолдан бағаны өсіріп жатқан жағдайлардың бұған дейін орын алғаны жасырын емес. Әлеуметтік желілерде қала аумағындағы азық-түлік бағалары бойынша түрлі әңгімелер тарап, нәтижесінде «Алтын бұлақ» көтерме базарында тұрғындар тарапынан қоймалардағы азық-түліктерді жаппай сатып алу жағдайы туралы газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз.

Қала ішінде сатылымдағы бірнеше көкөністер мен азық-түліктер «Алтын бұлақ» көтерме базарынан алынатындықтан, осы сауда орындарындағы баға өсімін қадағалау маңызды болып отыр. Бұл жөнінде қала әкімі өзі бастап, бақылауға алып, сатушылармен жүздесіп, баға тұрақтылығын сақтауда кәсіпкерлермен келісімге келген болатын. Сонымен қатар, қала аумағында бірнеше әлеуметтік дүкендер жұмыс жасайтынын қала тұрғындары жақсы біледі. Аталған әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру бағытында бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Г.Дахановамен арнайы барып тілдескен едік.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау үшін арнайы азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Аталған жәрмеңкеге жергілікті және облыстық тауар өндірушілердің өнімдері базар бағасынан 10-15 пайыз арзандатылған бағада сатылады. Сонымен қатар, мемлекеттің бақылауындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қала ішінде 14 әлеуметтік дүкен ашылып, 5 супермаркет ішінен әлеуметтік сөрелер жасақталды. Онда күнделікті тұтынатын 17 тауардың түрін 15-20 пайыз төмендетілген бағамен сату ұйымдастырылған. Сондай-ақ, «Қуаныш» пен «Алтын бұлақ» базарлары ішінен жылжымалы дүкендер ашылып отыр. Тұрақтандыру қорынан тауарларды сатып алу және жеткізу үшін бүгінгі таңда «Turkistan» ӘКК АҚ-мен бірлесе қалада орналасқан ірі және орта сауда орындарына азық-түлік тауарларын орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, қаладағы 8 сауда орындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның 4-еуі келісімге келді. Енді олармен атап айтсақ, «Бекет ата», «Қоңырат», «Гауһар», және «Ажар» сауда орындарына әлеуметтік сөрелер орналастыру көзделіп отыр», – дейді бөлім басшысы Г.Даханова.

Осы орайда «Turkistan» ӘКК АҚ тұрақтандыру қоры жөніндегі басқарушы директоры Б.Жұмашбековтің де пікірін білдік. Оның айтуынша өзі басқаратын тұрақтандыру қоры қалада орналасқан 14 әлеуметтік дүкендерді және ірі 5 сауда орындарын азық-түлікпен 10-15 пайыз арзандатылған бағада қамтамасыз етіп, ондағы халыққа қажетті өнімдердің бағаларына 2-3 күнде тұрақты бақылау жасалынып, таусылған заттардың дер кезінде жаңартылып тұратындығын жеткізді.

Иә, сонымен жоғарыда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге жауапты азаматтардың берген пікірлерінің қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізу мақсатында қаладағы бірнеше әлеуметтік дүкендердің бағаларына сараптама жасадық. Сонымен халыққа қажетті 17 азық-түлік тауарларының бағалары қазіргі таңда қалыпты деңгейде қолжетімді бағада саудаланып жатқанына көз жеткіздік. Қала тұрғындарына алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтқымыз келеді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы