Түркістан қаласының әкімі Рашид АЮПОВ: «ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДЕ ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП КЕРЕК»

1  874 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, 1-сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, жергілікті полиция қызметінің 2020 жылдың екі айында атқарылған жұмыстары, 2020 жылы Түркістан қаласында волонтерлық жұмыстарды ұйымдастыру, 2020 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы мен қаржының болжамды игерілуі туралы мәселелері тыңдалды.

Күн тәртібіне сәйкес, алғашқы болып инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Жарасов Түркістан қаласының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында №1 сектордың 14 аймағына қарасты көшелердің тазалығы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Қала аумағындағы тұрғын үйлердің және кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін әрлеу, сырлау жөнінде тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, Н.Төреқұлов көшесіне 400 метр аллея салу үшін абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда жөндеу жұмыстарының барысында аяқжол төсеу, суағар және жарық көздерін орнату, су ұңғымасын қазу, декоративтік ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізетін болмақ. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың мамыр айының аяғына дейін бітіру жоспарланған. Сонымен бірге Н.Төреқұлов көшесінің төменгі жағына саябақ құрылысын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын жеткізді.


Бұдан соң жергілікті полиция қызметінің 2020 жылдың екі айында атқарған жұмыстарын жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы А.Тоқбергенов хабарлап өтті. Сонымен Түркістан қаласы бойынша 2020 жылдың 2 айында жалпы 258 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген болса, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 27,2 пайызға азайған. Аталған қылмыстарды төмендету мақсатында Түркістан қаласының полиция басқармасында бұрын сотты болғандар санатының тізімдік есебінде тұрған азаматтарға учаскелік полиция инспекторлары және криминалды полиция қызметкерлерімен бірлесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Осы аралықта 23 рейдтік шаралар өткізіліп, нәтижесінде қылмыстар саны азайғанын алға тартты. Атап айтсақ, қарақшылық – 100 пайызға, тонау – 55,6 пайызға, бұзақылық – 27,3 пайызға, ұрлық – 19,6 пайызға төмендегеніне тоқталды.

Сонымен қатар, жиналыста 2020 жылы еріктілер жылына орай, атқарылған жұмыстарды қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Е.Қамбар хабарлап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығымен «2020 жыл – еріктілер жылы» деп жарияланғаны мәлім. Осыған орай, Түркістан қаласында 13 белсенді ерікті топ құрылып, олардың атқарып жатқанына кеңінен тоқталған баяндамашы алдағы атқарылар жұмыс жоспарларымен де бөлісті.

Жалпы, жиналыста айтылған баяндамадан ұққанымыз жыл басынан бері қоғамдық орынға мас күйінде келу, бүлдіру, ластау, түнгі тыныштықты бұзу, белгіленбеген орында темекі шегу сынды заң бұзушылықтар жиі анықталған. Ал, ең көп ұрлық, жылдамдығы жиі асырылатын көше, жолақтан кесіп өту көп болатын көшелер тізімі анықталып, нәтижесінде ол жерлерге бейнекамералар орнатылатын болмақ. Осы тұрғыда қала әкімі Р.Абатұлы жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, егер де бұлай жалғаса беретін болса, тиісті орындарға ұсыныс жасалатынын жеткізді.

Елімізде төтенше жағдайға байланысты дүкен иелерінің келушілерден бетперде тағу және 2 метр ара-қашықтықты сақтау бойынша әлі де үгіт-насихат жұмыстары дұрыс жасалмағанын айтып, әр ғимаратқа бетпердесіз кіргізбеу керектігін ескертті.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы