Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Хабар 24 арнасында өткен онлайн брифингте айтты.
«Кеше Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев халыққа Үндеу жариялаған болатын. Өз Үндеуінде Президент дағдарысқа қарсы шаралардың 2-пакетімен таныстырды. Бұл шаралар БАҚ-да кең көлемде жариялануда. Сонымен бірге Үкімет Президент тапсырмасын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын дайындап жатыр. Дайын болғанда әрбір мемлекеттік орган өзіне жүктелген тапсырмалар туралы толық мәлімет береді. Яғни, мемлекеттің қалай, қай жерде және қандай тәртіппен алу керек екенін нақты түсіндіріледі. Қазір бұл механизмдер пысықталуда. Сондықтан үлгермей қаламыз деп уайымдаудың керегі жоқ. Тағы да қайталап айтамыз, көмекке мұқтаж барлық адамға жәрдем беріледі»,- деді министер.
Сондай-ақ, Дәурен Әскербекұлы қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік қаулысы күшіне енгендігін де атап өтті.
«Жеке тұлғалар үшін банк және микрокредит төлемдер мерзімі 3 айға шегерілді. Бұл ретте айыппұл мен өсім болмайды. Бұл шегеру халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік көмек алушыларға ресми тіркелген жұмыссыздарға беріледі. Оған ешқандай тексеру жүргізу, дәлелдеу немесе өтініш берудің керегі жоқ. Сонымен қатар, осындай көмек ТЖ салдарынан табысынан айырылған кәсіпкерлерге де көрсетіледі»,- деді өз сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы мәліметтер бойынша елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 380 тіркелген болатын. Оның 26-сы жазылып, 3 адам қайтыс болды.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.
