«Небір нәубетті бастан өткерген өр халқымыз бұл індетті де жеңеді! Ол үшін, әрқайсысымыз жауапкершілік танытып, барынша көмек берсек. Ал, көмек деп отырғанымыз – біз бен сіздің тып- тыныш қана үйден шықпай, сақтық шараларын бұлжытпай орындауымыз»,- деп жазды «Asar» еріктілер ұйымының төрағасы Төребай Асқарұлы өзінің Instagram парақшасында.
Түркістан қаласының тыныс-тіршілігіне пайдалы іспен елеулі үлес қосып жүрген волонтерлардың еңбегі ерен. Көптің алғысына бөленіп жүрген жалынды жастардың тағылымды іс-әрекеті көпке үлгі екені рас.
Тәжвирусы індеті белең алып, әлемді алаңдатқан аласапыран шақта қоғамға септігін тиігізіп жүрген жандар қол қусырып қарап қалмақ емес. Тарқатып айтқанда, еріктілер шаһардағы блок-бекеттердің біріне барып қалаға келіп жатқан әрбір азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тегін бетперделер таратты.

Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Asar» еріктілерінің бұл қадамы #bizbirgemiz ұранын жани түсті. Жақсылыққа жаны құмар жастарды бір арнаға тоғыстырған белсенділер алқалаған әлеуметке көмектесуді азаматтық парызымыз деп есептейді. Сондықтан, алдағы уақытта да қайырымды істі жалғастыру жоспарда бар.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.
