ҚАЛА ЖЫЛНАМАСЫН ЖАЗЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАРАШАҢЫРАҚ

2  252 көрілім

1958 жыл

«Байланысшылар,- деп жазады аудандық байланыс конторы жанындағы партия ұйымының секретары Т.Кузиров газеттің 1-нөмірінде жарияланған «Байланысшылар тартуы» атты мақаласында,- Жаңа жылға тұрарлық тартумен келіп отыр.

«1958 жыл үшін ауданда 25700 дана газет-журналға оқушылар тартылды. Бұл өткен жылғыдан 3700 дана артық.

Станциядағы радио торабы бұрын 1 киловаттық болса, ол 5 киловаттық болды. «ІІІ- интернационал» колхозынан радио торабы орнатылды және 85 колхозшының үйіне радио нүктесі берілді» деп жазылған мақалада.

Осы арада айта кетейік, аудан көлемінде жазылған 25700 газет-журналдың ішінде «Қызыл Түркістан» газетінің таралымы 2425 дана болған. Бұл Ұлы Жеңіске 13 жыл толайын деп, елдің есін енді-енді жинап жатқан сәттері болса да халықтың газет-журналдарды оқуға деген құмарлығы ешнәрсеге қаратпайтынының белгісі болса керек.

Газеттің алғашқы бетінен қасиетті қаланың текті тұлғасы, ақын Орынбай Дастановтың «Жаңа жылға» өлеңін көріп қуанғанымызды жасыра алмаймыз. Ендеше осы өлеңнен үзінді:

«ЖАҢА ЖЫЛҒА»

Жаңа жыл жаңа келген, жаңа достым,

Қошамет міне саған қолым тостым.

Таңғалсын жердің жүзі тағы да бір,

Ал баста, дауысыңа үнім қостым.

Бізде тек міне сенің жүзің жарқын,

Бізде жоқ жиренішті ескі сарқын.

Бізде тек бар әлемнің бақыт нұры,

Бізде тек ардақтаған өмір салтын.

Бізде тек әділетпен адам ары,

Бізде тек еркін дүние адамдары.

Бізде тек бейбітшілік бар береке,

Кел достым сыйға кенел, шық жоғары.

Ескі жыл, қалып мәңгі сенің атың,

Ғылымға қостың үлес таңғалатын.

Ұшырып жер серігін тұңғыш бізде,

Мінеки аралаттық жер қабатын».

Сондай-ақ, осы бетте «Коммуна» колхозының қарт мақташысы, 10 гектардың әр гектарынан 49 центнерден өнім алған Әзім Байжановқа арналған өлең жарық көрген.

«Уа Әзеке, ақ сақалды қария,

Жүрген жерің «ақ алтынды» дария.

68 жаста озып жүлде алған,

Есіміңіз бүгін көпке жария.

40 мың сом еңбек күнге табысың,

Қоспағанда астық пен мал тағысын.

Тағы да біз зор сеніммен қараймыз,

Жаңа жылда өрлейді деп шабысың.

Өлең авторы Д.Орынбай,- деп жазылған. Бұл өлең де Орынбай Дастановтың өлеңі болуы керек деп шырамыттық.

«Коммуна» колхозының қарт мақташысына арналған өлең қызу қарқында жазылған. Бүгінгі тілмен жеткізер болсақ мотивация. Ұлы Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегенін жастарға ұғындырып тұрғандай. Қысқа екі шумақ өлеңде барлығын жеткізген.

Газеттің №2 санында «Жақсы өлең – жан азығы» тақырыбында редакция алқасына келіп түскен өлеңдермен бірге проза жанрында жазылған дүниелерге де шолу жасалып, ақыл-кеңестер айтылған. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, бүгінгі таңда да өз маңызын жоғалтпаған әдебиет шолуынан үзінді келтіре кетсек.

«Поэзия көркем әдебиеттің ең басты әрі бай қазынасы. Өлеңді өнер етпесе де оны сүйіп оқымайтын, қызығып тыңдамайтын адам жоқ десек қателеспеген болар едік.

Жас ақын Алтынбек Диханбаев жолдас «Өлеңім» деген қысқа еңбегінде:

Өлең менің жаным, сүйген өнерім,

Өлеңменен жан сырымды өремін.

Жазған сайын әр шумағын, әр жолын,

Сан өшіріп, сан рет сөз теремін»,- деп өзінің жан сырын нанымды, тартымды етіп көрсетеді. Бұл жаңа жаза бастаған жас таланттың келешек қалам қайраткері болатындығын айтпай-ақ танытып тұрған сияқты. Мұндай қуанарлық жағдайды аздаған кемшілігі болса да Ш.Көшербаевтың «Назираға» деген өлеңі мен Нұрмахан Оразбековтің «Сәлем» деген өлеңінен де көруге болады.

Бірақ, жазып жүрген жас талапкерлеріміздің барлық өлеңдері бірдей сәтті шығып жүр деуге болмайды. Көпшілігінде жетістігінен гөрі кемшілігі басым. Кейбір жолдастар көркем әдебиетті сүйіп, ақын болуға қаншалық құмарланғанымен, өлеңнің өлеңдік қасиеттеріне, оған қойылатын негізгі шарттарға түсінбейтін секілді.

Өлеңді ойыншық санап, оған жеңіл-желпі қарау – творчествалық жұмыспен айналысқысы келетін адамға жатпайтын қасиет. «Ауылың сенің белде дайдың» бәрін поэзия деуге болмайды.

Поэзия өте қиын, нәзік жанр. Оған қойылатын талап та күшті. «Өнер алды – қызыл тіл» деп халық бекер айтпаған.

Өлеңнің ұйқасы кем дегенде екі, үш буынды сөзден құралуы керек. Сол сияқты, буын саны да тең болуы шарт. Мұндай 1-2-4 жолы ұйқасатын қара өлең тек қана он бір буынмен жазылады.

Борисовка поселкесінен жазатын жас ақын Нұралы Өсеровтың «Ұстазыма», «Поэзияға», «Сұлу қыз», «Күрсіндім саған қарап» деген, қаладағы Ө.Есенбаевтың «Шіркін ойым» өлеңдері сөз құрылысы, ұйқасымы әлсіз шыққан. Айтайын деген пікірінен өзін де, оқушысын да адастырып жібереді.

Механизация мектебіндегі Бидайбек Сейтбеков жолдас «Бастаушымыз партия» деген 20 куплеттік өлеңінде айтайын деген ойын бытыратып алған. Біздіңше Бидайбек өлеңнің ұйқастық қасиетін түсінгенмен, сөз саптауға келгенде олақ сияқты. Өйткені, бірде бір тың сөз қолданбай, соны пікір айтудың орнына, ауыл арасындағы әбден жауыр болған сөздерді жаттап алған.

Редакцияға өлең сияқты проза саласын сүюшілерден де көптеген әңгіме, очерк, фельетондар түсіп тұрады. Бұл салада да кемшілігіміз көп. Үсен Мұратбековтің «Тұрақсыз махаббат» деген әңгімесін көп сөз етпей-ақ, біздің Үсенге қоятын талабымыз: прозаны қарасөз деп немқұрайлы қарама, айтайын деген пікіріңді көркем тіл, тың оймен жинақты етіп жаз дейміз. Құрғақ, шұбалаң, нәрсіз сөздер шығарманың құнын төмендетеді.Фельетон жазуға талаптанушы К.Қалдыбековке де айтар ұсынысымыз осы. Қалам қайраткері болу – ең жауапты, ең қиын профессия. Біздің жас талапкерлеріміз мұны әсте есінен шығармауы керек».

Осыдан 62 жыл бұрын әдебиет бөлімі тарапынан айтылған осы ұсыныстар мен ақыл-кеңестерді біз де бүгінгі газет редакциясына келіп түскен мақала авторларына айтқымыз келеді. Әлі де өз маңыздылығын жоймаған осы сын-ескертпелер көпшілікке ой салар деген ойдамыз.

Өйткені, әлі күнге дейін өлеңнің қасиетін түсінгенмен, сөз саптауға келгенде олақтық танытып жататындар бар. Әсіресе, «бояушы бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей, жазған мақаласында басынан өткен оқиғаның бүге-шүгесіне дейін, кірген-шыққанын, кіммен сөйлескенін жыр ғып жазып келетіндер бар. Негізі олар өздерінің жазған дүниелерін оқымайтын секілді. Егер оқыған болса, өздерінің не жазғанына өздері түсінбес еді.

Бұл бәріне бірдей айтылған сын-ескертпе емес. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, санаулы авторымыз бар (мүмкін оқып отырып өздерін танып қалар). Әңгіменің тоқетерін жазып, өз ойларын нақты етіп жеткізіп жазған оқырмандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өздері әбден оқып, пісіп-жетіліп келген материалдарды біз де сол күйінде мұртын бұзбай беруге атсалысамыз.

12 – нөмірде Никитин атындағы орта мектептің комсомолецтері мен жастарының «Кітап жастардың досы, ол – білім бұлағы» атты ауданның комсомолецтері мен жастарына арналған хаты жарияланған. Онда «Сауда қызметкерлеріне көмектесу мақсатымен ұйымдағы 147 комсомол мүшесінен 50 адамды осы жұмысқа бөлеміз. Сөйтіп кітапты үйді-үйге апарып сату ісін ұйымдастырамыз. Үстіміздегі жылдың июнь айына дейін 25000 сомның кітабын сатамыз» делінген.

Бұл ашық хатты Қазақстан ЛКСМ аудандық комитетінің бюросы мақұлдаған.

24-нөмірде Түркістан МТС-інің директоры М.Исақов «Өмір осыны талап етті» атты мақаласында «…Мен кейбір майда колхоздарды ірілендіру жұмыстарын жүргізген жөн болар деп есептеймін.

Колхоздар техниканы сатып алғаннан кейін оны кішігірім жөндеуден өткізетіндей етіп, мастерской салғаны жөн» деп жазады.

Газеттің №28 санында «Балтакөл орта мектебінде» деген мақаласында тілші М.Жұманов «ДТ-54» маркалы электр станцияның жұмыс істей бастағанына 3-4 ай болды. Ильич шамы мектеп алаңдарында, интернатта, клубта, асханада нұр шаша жарқырауда» деп жазады.

Ал, 29-нөмірде СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша 1957 жылы қой шаруашылығын өркендетуде және жүк өндіруді арттыруда жеткен табыстары үшін Ленин атындағы ауыл шаруашылық артелінің шопаны Өтебаев Садуақастың Ленин орденімен наградталғаны хабарланған.

«Өтебаев Садуақас өткен 1957 жылы өзіне бекітіліп берілген әр 100 бас аналықтан 130-дан қозы алды. Қой басына 2,8 килограмнан жүн қырықты. Мемлекетке тапсырған қаракөл елтірісінің 80 проценті бірінші және екінші сортқа өткізілді. Малда шығын болған жоқ. Әрбір қой қысқы маусымнан қоңды шықты.

Ол өткен жылы 600 еңбек күн тауып, оған 4800 сом ақшалай, 400 килограмм астықтай және қосымша ақыға 72 қозы алды».

Міне, бұл осыдан 62 жыл бұрынғы қарапайым еңбек адамының еңбек көрсеткіші. Сол тұстағы «Ленин» ордені бүгінгі «Құрмет» ордені болса керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, еңбек еткен адамның жүзі жарқын болып қана қоймай, жақсы өмір сүретінінің белгісі осы болса керек.

Осы орайда, «қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дегендей, зор еңбектерінің арқасында шағын орта кәсіпкерлікпен айналысып отырған жерлестеріміздің саны күннен күнге артып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз.

Газеттің №30 санында су шаруашылық қызметкері П.Омаровтың «1200 гектар тың жер суландырылды» тақырыбында мақаласы жарық көрген. Онда: «ІІІ интернационал колхозының Қызыл ту учаскесі «Шылбыр» өзенін байлап, бұрын тастаққа сіңіп кетіп жатқан көктемгі бос суды жаңа жерді игеруге пайдаланған. 3 жұмыс күні ішінде 85 колхозшы, 4 автомашина бір кановакопатель, бір бульдозер жұмыс істеп 450 кубометр тоған байланып, қолмен 375 кубометр, механизммен 30000 кубометр жаңа арық қазылды. Сөйтіп, 1200 гектар тың жер игерілді» деп жазылған.

Осындай тапқыр, ұшқыр ойлау мен ерінбей еңбек етуді ұштастыра білудің арқасында колхозда 1958 жылдан бастап су тапшылығы жойылып, «жоқтан бар жасалған». Иә, «судың да сұрауы бар» дегеннің қадіріне жетіп, тастаққа сіңіп кетіп жатқан суды бос жерді игеруге пайдаланған. Мұның өзі механизм күшімен жеткілікті қаруланған колхозды еңбекшілердің жеңістен жеңіске жеткізгенін көрсетеді.

№37 санда «Жазушылардың жиналысы» тақырыбында жарық көрген ақпараттық материалында: «Қалада ауданның жас ақын жазушыларының жиналысы болып, онда әдебиет сүюшілердің арасындағы жұмысты жақсарту, олардың газет редакциясымен байланысын күшейту мәселелері талқыланды. Жиналысқа қатысушылар аудандық редакцияның жанынан әдебиет бірлестігін құрып, оның құрамын сайлады» деп жазған жергілікті тілші А.Құрбанбаев.

Осы қысқа ақпаратты оқып отырып, іздегенімізді тапқандай күй кешкеніміз бар. Өйткені, әдебиет сүюшілердің арасындағы жұмысты жақсарту, олардың газет редакциясымен байланысын күшейту мәселесін біздің редакция алқасы да талқылаудамыз. Алдағы уақытта қала көлеміндегі әдебиетке жаны жақын ақын, жазушылардың басын қосып отыруды мақсат еттік. Ал, редакция жанынан іргетасы қаланған әдебиет бірлестігінің жұмысын одан әрі жалғастырып, жандандыруды да қызу қолға алдық.

Осы бетте жергілікті тілші У.Сабыровтың «Актив тілшілер» атты әріптестері туралы мақаласы жарық көрген. «Қоғам мүшелерінің жақсы істеріне алдымен қуанатын да, жаманына әуелі қынжылатын да «қаламды найза етіп ұстаған» тілшілер, активтер және газет қызметкерлері. Олар өздеріне тән ерекшелік қасиеттерімен қоғамның алға басуына жәрдемдеседі, мемлекет пен халық мүддесіне шын қызмет етеді.

Аудандық «Қызыл Түркістан» газетінің осындай актив тілшісінің бірі – Мәулен Жұманов. Ол көптен комсомол қызметінде жүрген жас. Ол комсомол тұрмысы мен темір жолшылардың жұмысынан да, мақташылар мен малшылардың өмірінен де үзбей мақала жазып отырады. Аудан еңбекшілері оның тілшілік қаламынан сызылған сөздерді аудандық газеттен де, облыстық және республикалық газеттердің бетінен де жиі кездестіріп, көп оқиды.

Мұндай тамаша қасиет Жәлил Абдалиевте де бар. Ол Атабайлық тұрғын. Аудандық қазақ және өзбек тілдерінде шығатын газеттерде оның қысқа, тартымды мақалалары жиі басылады.

Ләззат САРЫБАЕВА.

 (Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы