МЕНІҢ БАБАМ

1  311 көрілім

Ел мұңын жүрген бастан биік көріп,

Біз ежелден әлді едік, иықты едік.

Ұлтараққа жарымай кеткен бабам,

Маған байлық қалдырған үйіп-төгіп.

Төрге асығып төресі ел үшінде,

Қол жасырып қалмаған жең ішінде.

Менің бабам ең алғаш қолын қойған,

Еркіндікпен жасалған келісімге.

Кейде өрлікпен,

Кейде елді сүйгендіктен,

Ертеректен мұңға да ми көндіккен.

Еркіндігі езгінің басын кесіп,

Азап-мұңы азаттық күймен біткен.

Қырсықты да елемей басты айналған,

Тағдырында талқандап тасқа айналған.

Менің бабам сыйға алған еркіндікті,

Қара жаудың алдында қасқайғаннан.

Тәңірдің тартуына себепкер боп,

Ертеңіне еш мұңды елеткен жоқ.

Менің бабам көтерген керегенің,

Іргесінен жау түгіл жел өткен жоқ.

Мазарына мадағы жазылмастан,

Қаза болған қабірі қазылмастан.

Менің бабам көз алды көк тұман боп

Кетседе ерлігімен көзімді ашқан.

Асқақтықпен жаралса тегінде адам,

Асып түспес даңқынан небір заман.

Дауылғада еңкеймес еркіндікті,

Еншілеп кеткен бізге сенің бабаң,

Менің бабам!

ҚАЛАЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

Хәлi мүшкіл қауқарсыз қалалардың,

Сағыныш тұр көзінде балалардың

Мүйізiне жармасып барады әркім,

Қарағайдай ат алған ағалардың.

Қалаларда қажытып қартты қайғы,

Табалауға жұрт дайын пәк Құдайды.

Жұлым-жұлым жүрегi, ит тағдыры,

Бұрымдының етегін тартқылайды.

Қойынына кездiгi жасырынған.

Жандардың өрге шығар тасы жылдам.

Қалалардың тағдыры құралады.

Ашынудан және де асығудан.

Мұнда бақыт қонбайды-ау сiрә қолға,

Қалада қалмаймын деп жылады ол да.

Тау ұлы тас қалаға сыймайды екен,

Ертең ерте мен жолға шығам онда.

Ай бiрақ қайтар бағыт болады ма?

Ауылға алып баратын мына жолда.

*   *   *

Тасыңда сенің киелі шығар,

Дұшпанға жөнсіз атпаған,

Бабамның асыл сүйегі шығар,

Бақ-берекеңді сақтаған.

Ақсақал атаң баталы шығар,

Қолынан Құран түспеген.

Қаршадай ұлдың атағы шығар,

Әлем таныса күшпенен.

Қап-қара түннің сырлары шығар,

Қанбаса қазақ әлі ұйқың.

Саттар ақынның жырлары шығар,

Жазылмай жатқан тарихың.

Сендегі ерлердің ерлігі шығар,

Еншімде болса ми далам,

Тайқазаныңның кеңдігі шығар,

Түркінің басын жинаған.

Еркіндікті алған бабамыз бірақ,

Тарихтағы алғаш жүлдегер.

Қазынаң шығар, сан аңыз құрап

Мадақ жазылған мүрделер.

Тұраным – сенсің атпал намысым,

Дәлелі – батыр, абыздар.

Қазақтығымның сақталғаны үшін,

Әр қазақ саған қарыздар.

Мұқағали КЕНЖЕТАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы