Мендегі осы олақ салымды-ай,
Ойлар түбінде тозақ барындай.
Бала армандарды жоғалтып алдым,
Көк белге түскен көз оттарымдай.
Жүректің мұңға сиынған күні,
Сыршыл ойлардың бұйырған бірі.
Үзіліп кетті әжемнің демі,
Сәби тұлымым қиылған жылы!…
…Өмірдің өзі жылап қалыпты,
Балалығымды жыраққа жықты.
Үлкен үйдегі әжемнің еккен,
Жиде ағашы да құлап қалыпты.
Салады тағдыр маңдайға жара,
Баяғы бақыт қалмай бара ма?!
Қарайғанда да не қалды дейсің,
Жиденің дәмі таңдайда ғана…
Тағы да бір күз асыға келді,
Жанымды мұңға батыра берді.
Алыстап қанша кеткенімменен,
Қара шаңырақ шақыра берді.
Еңсерген сені ғасырым аман,
Балаңның қазір жасы бұлаған.
Құлазып қалған қу көңіліме,
Мен сені қалай шақырып алам?!
Сағынып ауыл жылады ма екен,
Хәлімді түннен сұрады ма екен?!
Балалығым да жасқаншақ еді,
Есею деген- құлазу екен.
Салады тағдыр маңдайға жара,
Баяғы елес қалмай барама?!
Қарайғанда да не қалды дейсің,
Жиденің дәмі таңдайда ғана…
* * *
Көшкен ел, күпті көңіл, қалған мұра,
Жол емес Алтай асу армандыға.
Күйкентай көңілінің күйін ұғып,
Шанағын балқытады сары домбыра.
Күмбір үн, күңіреу үн, құлақ жерік,
Бермейді күй құдырет күмәнға ерік.
Алтайдың беткейінен жусан кешіп,
Жеткен ол жебе асынып құланға еріп.
Көктемі көңілінің дара шүйгін,
Жар сүйді ол, балпанақтай бала сүйді.
Тамылжып сөйледі енді сары домбыра,
Қағанағы қарық болып қараша үйдің.
Үкісі домбыраның бұлғақтаған,
Құбылтты қоңыр әнді ырғақтаған.
Кім келіп кімдер кетіп, беу, дүние,
Есігін бұл жалғанның кім қақпаған.
Санады жылдар бейғам тәспілерін,
Көрсетті бақыт күйі басқа реңін.
Сүйгенмен домбырасын жаннан артық,
Өмірді ол үлгермеді жақсы көріп…
Содан кейін, төрге ілдік сүгіретін,
Жылайсың, егілесің, түңілесің.
Жанасып сүгіретке домбыра тұр,
Иесін сағынғанда күмбір етіп…
* * *
Бұйра бұлттарға жаздым атыңды,
Жел бұзып кетті өрнегін.
Ақпанда қарға жаздың хатыңды,
Аппақ арманым- ол менің!
Көктеммен бірге жайнадың гүлдей,
Шашыңа тамдым жаңбыр боп.
Қысқа жіптің де байлауын білмей,
Қаңғырып менде қалдым көп.
Жазда жайнадың жапырақ болып,
Тұныдым тағы тамшыдай.
Тостағанымнан төгіліп мұңдар,
Жанымды кетті жаншылай.
Күз мұңы жетер, сағыныштармен,
Бояйды сенің жүзіңді.
Біз әйтеуір қалай сағынысқанмен,
Байланыс солай үзілді…
Қайсар БАУЫРЖАН.