Түркістан қаласының әкімі Рашид АЮПОВ: «ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗУДІ ТАЛАП ЕТЕМІН»

1  713 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, Түркістан қаласындағы №1-сектордағы атқарылып жатқан жұмыстар, жеке тұрғын үйлермен көпқабатты тұрғын үйлердің газға қосылу барысы мен өзекті мәселелері, 2020 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы мен қаржының болжамды игерілуі, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу туралы мәселелері тыңдалды.

Күн тәртібіндегі алғашқы екі тақырып бойынша инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Жарасов Түркістан қаласының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында №1 сектордың 14 аймағына қарасты көшелердің тазалығы бойынша өткен сенбілікте атқарылған жұмыстарын баяндады. Сол күнгі сенбілікке 12 техника тартылып, 267,5 м3 қоқыс шығарылса, 140 үй «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-мен келісім шартқа отырған, 59 үйге үйішілік газ кірсе, 24 үй және 2 мекемеге қабырғаларының қас беттерін реттеуге ескерту берілген, жалпы саны шараға 643 адам жұмылдырылыпты.

Түркістан қаласында газ құбыры жүргізілген аумақтағы тұрғын үйлерді табиғи газ жүйесіне қосу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Түркістан қаласы бойынша 2013-2016 жылдары 10518 абонентке табиғи газ құбыры жүргізіліп, пайдалануға берілген. Атап айтсақ, олар: (мақта зауыт, ТГЖД, Асанбай мешіт аумағы, Бекзат мөлтек ауданы және І-ІІ-ші мөлтек аудандары). Бүгінгі күнге ішкі газ жүйелері жүргізіліп, табиғи газды пайдаланып отырған 6950 абонент, яғни тұтынушылар 70,2 пайызды құрайды екен.

Бекзат мөлтек ауданындағы 1 тұрғын үйге газ кіргізу шығыны 275 мың теңге, ал қалған аумақтарда 85-106, мың теңге аралығында жүруде. Бір тұрғын үй толықтай газға қосылу үшін құрал-жабдықтары мен қоса есептегенде 400-500 мың теңге аралығында шығын жұмсалады екен. Қала әкімдігі тарапынан табиғи газға қосу мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Оның ішінде Бекзат мөлтек ауданынан 182 абонент «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ 275 мың теңгесін төлемеу салдарынан қосылмай отырғанын, ал I-II мөлтек аудандардағы көпқабатты 75 үй болса, 51 үйдің 2503 пәтеріне ішкі монтаж жұмыстары жүргізіліп, көпқабатты 24 үйден 1156 абонент табиғи газды пайдаланбауда. Бөлім тарапынан қала тұрғындарымен үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде мердігерлермен келісім-шартқа отырып, атқарған жұмыстардың ақысын 5-6 айға бөліп төлеуге болатындығы және газ пештерін 1 жылға пайызсыз төлеп алуға мүмкін екендігі түсіндіріліпті. Ал, құжаттары дайын үйлерге газ қосу жұмыстары күнделікті жүрсе, «Қаз Транс Газ Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының мамандарымен келісімге келгендігін мәлім етті.

Сонымен қатар, жиналыста осы мәселе бойынша тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Асанов, Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Т.Досалиев қосымша хабарлама жасады. Бұдан соң, 2020 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы мен қаржының болжамды игерілуі туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы З.Бимбетова және қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы С.Тәңірбергенов облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы бойынша баяндады. Қала әкімі Р.Абатұлы күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша жұмысты өз деңгейінде атқармаған бөлім басшыларына тиісті шара көрілетінін жеткізді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы