ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ ОРЫНДАЛСА ЕКЕН

957 көрілім

Қаламыздағы “Шауғар” мөлтек ауданына қарасты С.Нарыбаева мен Н.Төреқұлов көшелерінің тұрғындары ауыз су, жол, қоқыс мәселелерін шеше алмай отырғандықтарын жеткізді. Айтуларынша кешқұрым мұнда жарық көзі нашарлап жанбай қалады. Тіпті тоқ көзіне ештеңе қоса алмай қаламыз дейді. Ал су мәселесіне келер болсақ таза ауыз су келмеген. Көшенің ортаңғы бөлігінде ағып тұратын жылы суды әр тұрғын үйлеріне ыдыстармен тасып ішуге мәжбүр. Ең бастысы жұртшылықты қинап отырған тағы бір мәселе тұрғын үйлердің ортасында орналасқан қоқыс төгілген шұңқырлар болып отыр.

Бұл көшелерде жалпы 100-ден аса отбасы тұрады. Қоқыс төгілген шұңқырдың көлемдері үлкен болғандықтан мұнда әр аймақтан да адамдар қоқыстар әкеліп тастап кететін көрінеді. Салдарынан мұның зиянын осы маңдағы тұрғындар тартып отыр. Жазғы күндері күннің ыстығымен қолқаны тесер жағымсыз иіс шығып, одан қалаберді желмен ұшқан күл-қоқыстар ауланың ішіне дейін ұшып кіріп, тұрғылықты жерімізді ластауда, деп жанайқайларын жеткізген тұрғындар осы мәселені бір жақты шешулерін сұранып отыр.

Аталған мәселелер бойынша қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасовпен арнайы барып кездесіп ауыз су және қоқыс, жарық мәселелерінің түйінін шешу жөнінде мәлімет алған болатынбыз. Бөлім басшысының айтуынша аталған көшелерді жарықтандыру жұмыстары қазіргі таңда қолға алынып, құрылыс жұмыстары бастау алған. Өткен 2016-2017 жылдары бұл көшелерге су берілгенін алайда судың кермек дәмі болғандықтан пайдалана алмай отырғандықтарын жеткізді. Алдағы 2020-2021 жылдарға таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету жоспары дайындалып бекітілгенін атап өтті.

Осы маңдағы қоқыс шұңқыры жөнінде айтар болсақ, ол жер қазіргі таңда басты назарда тұрған елеулі мәселе. Өткен аптада қала әкімі Рашид Аюповтың бастамасымен шұңқырлардың бірі жабылған болатын. Алайда, мұндай шұңқырлар әлі де азаймай тұр.  С.Нарыбаева көшесіндегі осындай үлкен көлемді 40 соттықтай жерді құрайтын шұңқыр аса қауіпті жағдайда. Сонымен қатар, мұнда төгілген әйнек сынықтарымен қоса құрамында химиялық қоспалары бар зиянды заттар да тау-тау болып үйіліп қалған.

Аталмыш мөлтек ауданның жергілікті жол жүйесі жайына тоқтала кетсек. Тозығы жеткен жолдар тұрғындардың жүйкесін тоздырып, шешілмеген мәселе күйінде қалып отыр. Жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтерінің көліктері мұнда жедел уақытында жете алмай қалатыны тағы бар. Бұл жөнінде қалалық «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» басшысы Байдулла Оразбековтың мәлімдеуінше ең алдымен инженерлік инфрақұрылым (сарқынды су, ауыз су және газ жүйесі) аяқталған көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған көшеге инфрақұрылымдар жүйесі толығымен аяқталған соң кешенді түрде орташа (асфальт, жаяу жүргінші жолы, жарықтандыру) жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс енгізіледі. Ұсыныс қолдау тауып, қажетті қаржы көлемі бөлінген жағдайда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін баяндады.

Осы мәселелердің шешімінің табылуын біз де өз тарапымыздан назардан тыс қалдырмайтын боламыз. Ендеше әліптің артын бағып көрейік.

Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы