Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев тұрғындарды өтініштері мен арыздары бойынша қабылдады.
Мақтаарал ауданы, Мырзакент қалашығынан келген О.Асабаев ағын су мәселесін қозғады. Облыс әкімінің орынбасары «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры К.Әуенге тұрғынның өтінішін қанағаттандыруды, су мәселесін шешуді жүктеді. Тұрғынның өтініші қаралып, бір аптада шешімін табатын болды.
Мақтаарал ауданының тұрғыны Бекберді Молдақадіров те ағын судан таршылық көрген ағайынның мәселесін көтере келіпті. Шағымданушының арызы қабылданып, прокуратура мен ауыл шаруашылығы басқармасына жіберілетін болды. Тиісті тексеруден соң нақты жауабы берілмек.

Мақталы өңірдің тағы бір тұрғыны Қайрат Айнабеков қашыртқының жай-күйі бойынша өтініш айтты. Ұ.Тәжібаев «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры К.Әуенге қашыртқының сметасын тексеріп, мәселесін шешіп беруге тапсырма берді. Бұл түйткіл де бақылауға алынды.
Ал Арыс қаласы, Ақдала ауылынан келген Ж.Абубакиров Арыста болған жағдайға байланысты зардап шеккен үйінің есік-терезелерін салмай кеткендігі жөнінде шағымданды. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселе бойынша Арыс қаласы әкімдігі мен құрылыс басқармасына хабарланып, заңға сәйкес болса, жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі