ТҮРКІСТАНЫМ КЕЛЕДІ ЖАҢАЛАНЫП

1  182 көрілім

Күн күлімдеп, арайлы таңдар атып,

Түркістаным келеді жаңаланып.

Кешегі мен бүгінді салыстырсаң,

Қаларсың-ау өзің де қайран қалып.

         Сәулетін де сәулетші таңдай білген,

         Бітіп жатыр бәрі де маңдай термен.

         Тазаланып келеді ауасы да,

         Ертеңіме сенемін қандай күндер.

Шаңы шықпас жолдары көгерісті,

Келбеттеніп келеді кең өрісті.

Әсем үйлер жарасып қанаттанып,

Қалаларға мақтаулы теңесіпті.

         Сәніменен ретті даңғыл жолдар,

         Ережемен жүрісің айқындалар.

         Көрік беріп қаланың келбетіне

         Әсем соққан аяқ жол жайлы болар.

Серуендеп жүрерсің алаңдарын,

Мақтанарсың осындай қалаң барын.

Келгеніңде көрерсің барлығын да

Мейірімді кең пейіл адамдарын.

         Түркістаным келеді ажарланып,

         Жан жадырап, көңілді базарлатып.

         Көк майсалы көшелер барлығы да

         Ерте тұрсам қаламын әзер танып.

Күндіз көрсең Түркістан кереметін,

Сезінерсің жаныңның дәреметін.

Құрылысты көресің күндіз-түні,

Еңбек еткен баршаның әрекетін.

         Түнде көрсең Түркістан түрлі түсін,

         Ұшырасың кеудеңнен көңіл құсын.

         Жыпылықты, сәулелі нұрлы жарық –

         Түн әлемін Түркістан сүйсіндірсін.

Аңсауменен бабалар осы күнді,

«Түркістан» деп қорғаған есіміңді.

Үні жеткен бабалар сазыменен

Тербегендей кең дала бесігіңді.

         Армандаған бұл күнді бабаларым,

         Кім жеткізер бүгінгі жаңарғанын.

         Қабыл алар тағзымын теберіктей,

         Арманына жеткізген асылдардың.

Аманкелді МІНДЕТБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы