ҚАЛА ЖЫЛНАМАСЫН ЖАЗЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАРАШАҢЫРАҚ

2  418 көрілім

Биыл қарашаңырақ «Түркістан» газетіне 90 жыл толып отыр. Ендеше, газетіміздің абыз жасқа келетін мерейтойы қарсаңында ғасырға жуық тарихы бар басылымның осы уақытқа дейін шыққан сандарына шолу жасауды жөн көрдік. Түркістан қаласының жылнамасын жазып келе жатқан шежіреге толы басылымды парақтай отырып, сын мақалалар, көркем әдеби дүниелер, жалпы көзімізге оттай басылған материалдар туралы айтатын, жазатын боламыз.

1952 жылдың 1 қаңтарында жарық көрген «Қызыл Түркістан» газеті 1 парақта, екі беттік болып шыққан. «Жаңа жыл құтты болсын, жолдастар!» деп басталған жаңа жылдық нөмірде «Біздің жыл» тақырыбында басты мақала жарияланған. Осы мақаланы оқып отырғанда ой-пайымымыз асқақтады. «Біздің еліміз 1951 жылды еңбек майданының барлық саласында аса көрнекті табыстармен өткізді. Социалистік ауыл шаруашылығымыз онан сайын өркендей түсті. Жылма жыл бізде дәнді астықтың жалпы өнімі 7 миллиард пұттан асып келеді. Мақтаны біздің еліміз мақта өсірумен мәлім болған Индиядан, Пакистаннан және Египеттен қазір артық өндіріп отыр. Колхоздарымыздағы, совхоздарымыздағы социалистік мал шаруашылығы жылдан жылға қаулап өсуде» деп, сол кездің өзінде қаламыздағы жетістіктерді шетелмен салыстырып отырғаны қайран қалдырады. Міне, нағыз журналистік тапқыр зерттеу мақаласы. «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы ретінде Б.Егембердиев қол қойып, газет 2700 данамен таралған. Иә, соғыстың біткеніне 7 жыл өткен кеңес заманының қиын жағдайында шыққан шағын басылым беті жан-жақты қамтылған.

«Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер» деген ұран кеңес одағының көзін көргендерге таңсық емес. Олай деріміз, «Қызыл Түркістан» газеті де осы ұранды бетке ұстап, басты ұстанымы еткен. Газеттің осы жылғы №3 санының 1-бетінде Ленин туралы өлеңдер мен мақала басылған. Біздің де есімізде «Үйімізде, төрімізде портретте тұрған кім, Ол Ленин бабамыз, ол Ленин данамыз» деп, сондай жырларды жаттап өскен буынның біріміз. Бұл да өз кезеңінде ғана орын алған жайлардың бірі ретінде есте сақталып қалғаны болмаса, бүгінде Лениннің сөзін де, өзін де пір тұтпаймыз. Өйткені Қазақ елі егемендігін алып, Тәуелсіз мемлекетпіз. Соның үлкен куәсі қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өткелі отыр.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай газеттің 10 нөмірінде аудандық партия комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі Б.Серікбаеваның «Озат әйелдер» атты мақаласы берілген. Онда ауданның өндіріс орындарында 3000, ауыл шаруашылығында 2500-ден астам әйелдер жұмыс істейтіні атап көрсетілген. «Ауданымыздың еңбекші әйелдері еңбек қарқынын бұдан былай да қарыштата отырып, Отанымыздың күннен күнге қуаты артып, гүлдене беруі үшін аянбай еңбек ете береді» деп совет әйелдері туралы жазған.

Осы орайда айта кетеріміз: Кеңес өкіметіне қарасты 15 республиканың отаны біреу болды, олар өздерінің елін отаным деп айта алмады. Солардың ішінде біздің елдің де жағдайы осындай болды. Аллаға шүкір, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Менің елім, менің Отаным Қазақ елі» деп айттық.

Бүгінде Тәуелсіз еліміздің азаматтары бейбіт өмір сүруде. Елбасымыз Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде әйелдерге, көпбалалы аналарға көп жағдайлар жасалынған. Қазіргі таңда облыс орталығы атанған қаламызда облыстық және қалалық аналар кеңестері, қалалық әйелдер және әжелер алқалары бар. Еліміздің дамуына өз салалары бойынша үлестерін қосып, бүгінгі таңда еңбектерінің зейнетін көріп отырған әпке, апаларымыз осынау қоғамдық ұйымдарды үйлестіріп, келешек жастарымыздың өнегелі тәрбиесі жолында еңбектерін аямай қосуда. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері де қаламыздың дамуына өз үлестерін қосып келеді.

«Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі»,- деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, газет оқырмандары тарапынан сын материалдардың көптеп шығып, шыққан материалдарға тиісті орындардан жауап беріліп отырғаны қарашаңырақ басылымның беліне артқан жүгі ауыр болғанын байқауға болады. Атап айтсақ, газеттің №14-15 (7 апрель, 1952 жыл) санында Н.Абдраимовтың (қалалық клуб директоры) «Мен прокуратураның секретарымын» тақырыбында жазған фельетонында аудандық прокуратураның секретары Нақыпбековтың қалалық клубқа келіп, билетсіз кино көруге әрекет жасап, лауазымын пайдаланып өзгелерге сес көрсететіні, шу шығарып тұратыны туралы батыл жазылған. Енді қараңыз, газеттің №21санында ( 5 май, 1952 жыл) А.Нақыпбековтың жауап хаты жарияланған. Сол күйінде келтірсек: «Аудандық газеттің апрель айындағы бір номерінде мен туралы («Мен прокуратураның секретарымын» деген) сын материалы басылды. Сөз жоқ мен «ә» дегенде бұған қатты ренжісемде, газетті «жаман жек көріп қалсам да», артынан қабырғаммен кеңесіп, газет материалының туралықпен жазылғандығына мойынсұндым. Шынында да сын өте дұрыс, орынды. Мен өзімнің теріс қылықтарым үшін кінәлімін. Бірақ, оны түзеу қолдан келеді. «Сын түзелмей – мін түзелмейді» деген. Аудандық газеттің бетінде сын және өзара сын материалдарының жиі басылып тұратынын атап айтуға болады. Бұл жақсы. А.Нақыпбеков. Аудандық прокуратураның секретары».

Міне, А.Нақыпбековтің сынды дұрыс қабылдап, кінәлімін деп мойындап, газетке жауап хат жазғанының өзін ерлікке санауға болады.

С.Ханетовтың «Сауда жұмысындағы былық, бірін-бірі қолдаушылық» тақырыбында жазған фельетонында жаңадан салынған қойма құрылысы сынға алынып, «бұған тиісті орындар не дер екен?» деп тиісті орындардың жауап беруін талап еткен.

Халық арасында орын алған келеңсіз оқиғалар туралы фельетон ретінде жазылған сын мақалалар көптеп шыққаны көңіл қуантады.

Осы орайда «Қызыл Түркістан» газетінің №21 санында жергілікті басылымның кемшіл тұсын жазған материал жарыққа шыққан. «Тағы бір елеулі кемшілік – аудандық «Қызыл Түркістан» газеті өз уақытында шығарылмайды. Мәселен, ол аптасына екі беттіктен екі рет шығып тұруға тиісті болса, кей кезде төрт бет болып аптасына бір-ақ рет шығарылады. Әрине көпшілік оқушы аптасына бір рет газет оқығаннан гөрі екі беттік болса да аптасына екі рет газет оқығанды қалайды. (авторы Х.Әбілқасымов)».

Ал, газеттің «№47 санында А.Мырзаев «Аудан оқытушыларының конференциясы» тақырыбында жазған мақалада август конференциясында (тамыз мәслихаты) мектеп директорлары мен мұғалімдердің аудандық оқу бөлімінің жыл бойы атқарған жұмысын бастан аяқ сынаған сөздерін толық келтірген. Конференцияда көтерілген мәселелерді ешкімнен, ешкімге жалтақтамай сол күйінде жеткізген газет тілшісіне халық риза деп ойлаймыз. «Сын бар жерде жұмыс болады» дегендей, бұл қоғамды мәдениетті болуға шақыратын бірден бір тәрбие құралы болса керек.

Шынында, қай кезде де қарапайым халықтың шағынар жері жергілікті басылым болғаны осыны көрсетеді. Осы орайда сол тұстағы қала тұрғындарының белсенділігіне сүйсінесің. Күнделікті өмірде өздері көрген келеңсіз оқиғаларға бей-жай қарамай, өздерінің азаматтық борышы ретінде қарап, дереу сол оқиғаларды ақ парақ бетіне сол күйінде жазып редакцияға әкеліп баспасөз бетінде жариялануына өз үлестерін қосуы осыны көрсетеді. Қазіргі таңда бәрі басқаша. Көбіне жастар әлеуметтік желіні қолданады. Олар түймедейді түйедей етіп көрсететін әдетке бой алдырған. Адамдардың бір-бірімен екеуара сөйлесу арқылы шешіп тастайтын мәселелердің өзін үлкейтіп көрсетіп, бүкіл халыққа жария етіп жібереді. Біздің буын «Ұят деген бір қауым ел бар, ұят болады» деген қағидалы сөзді ата-анамыздан естіп өскендіктен кез-келген нәрсені жария етуді ұят санадық. Содан да болар байсалды, салиқалы өмір сүрудеміз. Бүгінгі ата-ана ұл-қызын: «Ақыңды ешкімге жіберме» деген нақты талаппен өсіріп отырғаны өтірік емес. Осылай ұл-қыздарына теріс бағыт беріп жатқандары…

Басылымның барлық сандарында «Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің Қазақстан Коммунист (большевиктер) партиясының съезд есебі», Қазақстан большевиктерінің аса маңызды міндеттері» тақырыбында материалдар көптеп шығуына қарап отырып, кеңес одағының өзінің қарамағындағы 15 республиканы уысында мықтап ұстағанын байқаймыз. Тіптен, газеттің бір жылда шыққан барлық сандарын парақтап қарап отырып, жергілікті фототілшінің суреті жарияланбағанын байқауға болады. Қандай материал шығатын болса да оған салынатын суреттер жоғары жақтан іріктелініп келінетінін «ТАСС-тің пресклишесі» деген тайға таңба басқандай айқындап көрсетіп тұр.

№53-54 санда шыққан «Абай атындағы қолөнершілер артелінде» атты мақаласында Ж.Тұрдыәлиев: «Өткен айдың өндірістік жоспары мұнда 146 процент болып орындалды. Сөйтіп, артельдің жоспардан тыс өндірген бұйымдары арқылы мемлекетке 45200 сом пайда кірді. Ал, бұл айда коллектив 50 үй жасаудың орнына 75 үй жасап шығаруға міндеттенген. Қазір бұл міндеттеменің орындалуы ойдағыдай жүріп жатыр.

Шаңырақ істеуші қарт Өтебек Жанбаев съездің құрметіне сентябрьде екі айлық тапсырманы орындауға көтеріңкі міндеттеме алған еді. Өтебек қазірдің өзінде бір айлық жоспарын 125 процент орындады.

Киіз үй жасаушылар – Ақжігіт Тәкібаев, Сәрсен Әбдісадықов және Қожахмет Жылқыбаевтар қазірдің өзінде кереге, уық жасау жөніндегі өздерінің бір айлық тапсырмаларын артығымен орындап қойды. Ал, қамыс, ши тоқушы Айым Әлсейтова бес бөлек ши тоқудың орнына осы айдың 20 күнінің өзінде 6 бөлек ши тоқыды» деп қолөнершілердің бір айда 50 үй жасау-дың орнына 75 киіз жасап шығарғанын зор мақтанышпен жеткізген.

Осы мақаланы оқып отырып таңқалғанымызды жасыра алмаймыз. Осындай киіз үй жасайтын қолөнершілер артелі неге сақталынбаған? деген қалың сұрақтың мазалағаны да рас. Бұл өндіріс орнында жұмыс істеген адамдардың өздері болмаса да жасалу технологиясын білетін адамдар бар болуы тиіс деп ойлаймыз. Сондықтан, қаламыздағы жекекәсіпкер ағаларымыз осы кәсіпті ашса нұр үстіне нұр болмақ.

Газеттің №57 санында Б.Рүстемовтың «Жүн өткізіп, автомашина алды» атты мақала бізді селк еткізбей қоймады. «Қазақстанның 30 жылдығы атындағы іріленген колхозда жүн қырқу, оны дайындау орнына өткізу ісі қызу жүргізілді. Колхоз биылғы жылы мемлекетке 16228 килограмм қойдың жоғарғы сортты жүнін өткізіп, оған 186,200 сом табыс алды. Бұдан тыс, колхоз жоспардан тысқары өткізген 3589 килограмм қой жүнінің 2500 килограмына мемлекеттен 2 тонналық жаңа жүк машинасын алды. Машинаны колхоз мүшесі шофер Маннап Тұрсыметов айдап жүр. Қазір колхозда үш автомашина үздіксіз жұмыс істейді. Колхоз күзем жүнді өткізіп, бір жылдың өзінде екінші автомашинаны тағы алғалы отыр» деп жазылған 20-30 жолдық материал «Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей» дегендей, колхоз еңбеккерлерінің тынбай еңбек еткенінің арқасында бір жылда екі автомашина иеленіп, колхоз тұрғындарының жағдайы жақсы болғанын керемет жеткізген. 68 жыл бұрын бір колхоздың халқы үш автомашинаны ел мүддесіне пайдаланған болса, қазіргі таңда екі үйдің бірінде жеңіл көлік бар. Бұл Тәуелсіз ел халқының жағдайының жақсарғанын көрсетеді.

Сондай-ақ, газеттің №75 санында жергілікті тілші К.Баешова «Аудандық газетке тегіс жазылды» деген мақаласында Киров атындағы жетіжылдық қазақ орта мектебі ұжымының (директоры Исабеков) аудандық «Қызыл Түркістан» газетіне бір жылға түгел жазылғанын хабарлайды. Киров атындағы жетіжылдық қазақ орта мектебі ұжымының соғыстың біткеніне 7 жыл ғана өткен қиын заманға қарамастан осылай жергілікті басылымның өрістеп дамуына қосқан үлестеріне алғысымызды айтамыз. Бүгінде сол ұжымда еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың өздері болмаса да ұрпақтары біздің алғысымызды оқиды және ата-аналарының ерлікке татитын ерен еңбектеріне мақтанады деген ойдамыз. Қалалық адами капиталды дамыту бөліміне (білім бөлімі) қарасты білім ошақтарының ұстаздар қауымына да айтар алғысымыз шексіз.

1953 жылы жарық көрген басылымда сын материалдар көптеп жарияланған. «Әлі жайбарақат отыр», «Егістікке тұқым жетіспейді», «Малдарға күтім нашар», «Партиялық жұмыстың дәрежесі арттырылсын» атты мақалалардың тақырыбының өзі айтып тұрғандай, аудан көлемінде ауыл және мал шаруашылықтары мен партия жұмысының кемшін тұстары ашық, айқын жазылған. Тағы да айтамыз, бұл газет редакциясы мен оқырмандарының және оларға қолдау мен қорғау көрсететін жергілікті биліктің, яғни үш тараптың бір-бірімен ашық жариялылықта, қоян-қолтық тығыз байланыста халық игілігі жолында адал қызмет атқарғандығын көрсетеді. Осы жылдың №14 санында жарық көрген «Кирликтің меншікті менмендігі» атты сын мақалада жергілікті тұрғын Әси Омаровтың әйелі екеуі қатты ауырған баласына қан құйдыруға рұқсат алу үшін балалар ауруханасының аға медсес-трасы Кирликтің алдына барғанда оның өз жұмысына немқұрайлы қарайтыны, сондай-ақ аурухананың бас дәрігері Л.В.Самохинаның Кирликтің менмен, халық қызметінен қол үзгендігін біле тұра ешқандай шара көрмейтіні ащы жеткізілген.

Газеттің №15-16 санында «Қызыл Түркістан газетінің дабылынан кейін» айдарында осынау сын материалға: «Аудандық газеттің өткен нөмірінде қалалық балалар ауруханасының бас дәрігерлік сестрасы Кирликтің бюрократтық қылықтары сыналған еді. Бұл материалдың тексерілу қорытындысы туралы балалар ауруханасының бастығы, бас дәрігер Самохина жолдас редакцияға былай деп хабарлады: Газет материалы коллективтің жалпы жиналысында талқыланды. Онда газеттегі көрсетілген кемшіліктер толығымен расталды. Бұдан былайғы жерде науқас балаларға дәрігерлік жәрдемнің дұрыс көрсетілуіне қажетті барлық шаралар қолданылады. Аға медсестра Кирликке әкімшілік жолмен шара көрілді» деп жауап берілген.

Басылымның осы нөмірінде жарық көрген «Басқыншылық істеушілер сазайын тартты» атты материалында милиция лейтенанты Ә.Нұрбетов: «Түнде станцияда кетіп бара жатқан Ирзахметовке белгісіз екі адам жабылып, сырт киімдерін шешіндіріп алады. Басқыншылардан құтыла қашқан Ирзахметов дереу милиция орнына хабар береді. Милиционерлердің шапшаң әрекеті нәтижесінде қарақшылар ізінше ұсталады. Бұл кісі тонаушылар Мамраев Марип пен Прокудин Виктор дегендер болып шығады. Аудандық бірінші бөлім халық соты ашық сот жасады. Сот қаскүнем, кісі тонаушы Мамраевты он жыл, ал, оған қолғабыс берген Прокудинді екі жыл түрме жазасына үкім етті. Сот мәжілісіне жиналған жұрт сот үкіміне риза болып тарасты» деп қылмыстық оқиға желісін жедел- ақпарат ретінде жеткізген.

Осы орайда жергілікті полиция басқармасы тарапынан осындай жедел-ақпараттар беріліп отыру қайта қолға алынса деген ұсынысымыз бар.

Газеттің 27- нөмірінде жергілікті тілші А.Исаев «8500 түп көшет» атты мақаласында көктемнің алғашқы күндерінен қала көшелерінің арық жағасына саялы ағаштардың көшеті отырғызыла бастағанын жазады. Барлық көшелер мен Ленин және Сталин атындағы бауларға жетерліктей көшет әзірленген. Қарт бағбан Наурызбаев көп жылғы тәжірибесінен ұқыпты қолдана отырып қала көшелеріне 8500 түп қара ағаш, терек, тұт, сондай-ақ түрлі ағаш отырғызған.

Қала әкімінің ұйытқы болуымен облыс орталығын абаттандыру жұмыстары қызу қарқында жүргізіліп жатқанын айта кеткіміз келеді.

Газеттің сол тұста «Сатира бөлімі» жақсы жұмыс істеген секілді. Нақтырақ айтсақ, басылымның №33-34 санында А.Досановтың «Мені соқыр болған дейсің бе?!», Ш.Көпешбаевтың «Әкеңді Үшқорғаннан көрсетем» тақырыбында жазылған сыни мақалалары сатира жанрында жазылғанымен ащы шындығы аралас, тиген жерін оқтай жұлып түсіретін нақты фактілерімен қатар, қарапайым халыққа зәбір көрсетіп отырған жандардың аты-жөнін жасырмай анық көрсеткен. Соның ішінде «Әкеңді Үшқорғаннан көрсетем» сыни материалының көлемі шағын болғандықтан әрі бүгінгі күні де өз маңызын жоймағанын ескере отырып, оқырман қауымның да оқығанын қаладық.

«Қала советіне қарасты квартком, Амангелді және Қазақ көшелерінің ақсақалы Нәлібай Дүйсебаев деген бар.

– Нәлеке маған анықтама керек? деген адамдарға ол:

– Саған анықтама керек болса, маған – ақша керек? -дейді.

Оның бұл сөзі әзілдесу болып көрінгенімен, шынында да оның ойы, істеп жүрген ісі солай.

Міне, ері Отан соғысында өлген Орынбаева Мейіз деген әйелге семьядағы балалары жөнінен анықтама алу керек болды.

– 10 сом берсең анықтама болады,-деді оған Нәлібай.

– Кәзір сол он сомым да жоқ еді, несиеге көніп жазып берсейші,-деп өтінді Мейіз.

Бірақ, есі-дерті ақшаның соңында кеткен Нәлібайға әйелдің өтініші әсер еткен жоқ. Ол анықтамасын 25 күннен кейін, он сом әкеп құлқынына салғаннан соң ғана жазып берді.

Көше «ақсақалының» жұрттан жеуі жалғыз бұл емес. Ол Дәуренбекова Зейнеп деген әйелден заемға жазыласың деп 25 сом алып, соны сол бойы бермей кетті. Төкіш дегеннен 70 сом, Уали дегеннен 50 сом, Кенжеқара дегеннен 100 сом ақша жеді.

Бір күні Зейнеп өзінің 25 сомын даулап:

– Не заемымды бер, не ақшамды қайтар?- деп еді, оған Нәлібай:

– Әкеңді Үшқорғаннан көрсетіп қоямын. Маған тиіспе. 25 сом бердім деп енді менің жағама қол сұқбақшысың ба?-деп дүрсе қоя берді.

Әрине, құлқыннан таза болмаған адам тұрмыста да таза болмақшы емес. Нәлібайдың үш әйелі бар. Ол жақында біреуін қоя беріп, қазір екі әйелімен бірге тұрады.

Өзгеге «қоқан-лоқы» жасайтын Нәлібайды заң орындары есіне алып, оның өзінің «әкесін Үшқорғаннан көрсетсе» жөн болған болар еді. Ш.Көпешбаев».

Осыдан тура 67 жыл бұрын жазылған. Сол кезде жемқорлықтың алды осылай басталған екен-ау деп ойлап отырмыз. Алайда, көпшіліктің қарап отырмай, бірлесіп күресе білуінің арқасында ел ішінде орын алып жатқан алдап-арбау мен жемқорлықты ашық жазып отырған.

Ал, қазіргі таңда бәрі басқаша емес пе? Керісінше, жасырып әлекпіз. Тіптен, осы жасырудың соңы сыбайлас жемқорлықтың терең тамыр жаюына әкеліп соққан секілді…

Газеттің №36-37 сандарында жарыққа шыққан «Ақындықты сүюші жастар» тақырыбында жазылған мақала көзімізге оттай басылды. Авторы Жұма Егенин. «Қызыл Түркістан» газетінің редакциясына өлең жазуды сүюші ауданның жас ақындарынан хаттар көп түседі. Ол жас талапкерлердің көпшілігі мектептердегі оқушылар. Солардың ішінен әсіресе, станциядағы 19-мектептің оқушылары – Әлі Сабыровты, Роза Тастанбекованы және Төкен Сұлтановты, «Коммуна» колхозындағы орталау мектептің оқушысы Айтмақан Бейсенбаевты, Мырғалымсайдан жазатын Мырзағалы Мананбаевты, Мәншүк Мәметова атындағы мектептің талапкері Әмір Асылхановты, Құшатадағы жетіжылдық мектептің оқушысы Қаныбек Сарыбаевты атап айту керек. Әмір Асылханов көбіне қысқа өлеңдер жазады. Бұл ақындыққа үйренудің бірден бір дұрыс жолы. Осы әдіспен жазған оның өлеңдері пікір айту жағынан бірқос дұрыс. Бірақ бұл жас таланттың ісінде бір елеулі кемшілік бар. Ол – оның өлең жазудағы асығатындығы. Әмір бұрқыратып өлеңдерді көп жазады. Бұл дұрыс емес. Сирек және сабырлы жазу керек. Бір жазғанды қайта-қайта оқып, түзеткен жақсы. Тіпті жазған өлеңіңді бірнеше күн ұмыт қалдырып барып, соңынан тың оқысаң – бұл жақсы нәтиже береді» деп жас ақындарға ақыл-кеңесін айтқан. Әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған ақыл-кеңес бүгінгі күні қолына қалам ұстаған жастарға да керек-ақ.

«Құшаталық Қаныбектің «Құшата», «Мырғалым», «Мектебім» деген өлеңдерінде ізденушілік, өмірге құштарлық белгілері байқалады. Келешекте белгілі ақындардың шығармаларын көп оқып, өзінің творчестволық ойын өсіре білсе, сөздердің сұлулық күшіне сене білсе – оның мәнді өлең жазып кетуіне дау жоқ. Осы пікірді Төкен Султановқа да, Мырзағалы Мананбаевқа да, Айтмақан Бейсенбаевқа да айту керек. Бұл жолдастардың да өлеңдерінде тәуірлік жағының болуымен қатар, кемшілік жағы басым. Алдағы уақытта біздің жас ақын-жазушыларымыз қазіргі мәдениеті өскен заманымызға сай келетін идеялы, сапалы шығармалар беру үстінде қажырлылықпен жұмыс істей білулері керек» деп автор жас ақындарға күш-жігер берген.

Ләззат САРЫБАЕВА.

(Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы